Аяз ата, Ақшақар қош келдіңіздер
Жаңа жылдық ертеңгілік сценарийі: «Келді міне, Жаңа жыл!»
Күншуақ және Бөбек топтарының мерекелік бағдарламасы: өлең, ән, би, ойындар және «Бауырсақ» ертегісі.
Негізгі кейіпкерлер
Жүргізуші, Аяз ата, Ақшақар, Ит жылы, Ескі Тауық жылы, орман аңдары
Бағдарлама
Өлеңдер, хор әндері, би нөмірлері, ситуациялық ойын, ертегі
Орны
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутин ауылы, «Ақбота» балабақшасы
Кіріспе
Жүргізуші
Төгілтіп көк жүзінен ақшақарды, ақ көрпе жапты бүгін бақшаларды. Мен келдім, «есіктерді ашыңдар» деп — Жаңа жыл күллі әлемге жар салады.
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы, ақ мамыққа бөлеп алды маңайды. «Жаңа жылмен құттықтаймын» деген үн қанаттана кең алқапқа тарайды.
Құрметті ата-аналар мен бүлдіршіндер! Бүгін Күншуақ және Бөбек тобының «Келді міне, Жаңа жыл!» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Келе жатқан Ит жылы бәріңізге бақыт пен шаттық әкелсін, отбасыларыңызға береке, бірлік және молшылық дарысын.
Алғашқы құттықтау сөз кезегі балабақша меңгерушісі Сарбиназ Талапқалиқызына беріледі.
Орман қонақтары және шырша жанындағы ән
Жүргізуші
О, жараңдар, жараңдар! Қызықтаңдар, қараңдар! Келді бізге қонаққа ормандағы аңдар да. Қандай тату өздері, күлімдейді көздері. Кәне, кәне, келіңдер — Жаңа жылды көріңдер!
(Осы кезде аңдар келеді: аю, қоян, қасқыр, түлкі, бауырсақ.)
Шырша жанындағы шақыру
Кел, балақай, шырша дайын! Қол ұстасып ән салайық. Жаңа жылдың жарқын айын әнмен, бимен қарсы алайық.
Ән
«Аппақ, аппақ жапалақтап» (хор)
Балалардың тақпақтары
Мерекелік көңіл күйді күшейтетін қысқа, анық және әсерлі тілектер.
Мадина
Жаңа жылым мол болсын, басқан қадам оң болсын! Төрлет, төрлет, Жаңа жыл — бізге құтты жыл болсын.
Айшат
Төрлет енді, Жаңа жыл, үлестір құт-береке. Көп қуаныш ала жүр, көп болсыншы мереке.
Рысбек
Оралдың өлкеме, Жаңа жыл, армысың. Оранды ақ көрпеге асқар тау, қарлы шың.
Әмірхан
Тамаша, тамаша! Шыршамыз тұр жараса. Басында әсем жұлдызы, көз тоймайды қараса.
Ақжайна
Қуанатын шақ болсын, достарымыз ақ болсын. Бізге келген жаңа жыл — құт, береке, бақ болсын.
Аружан
Той-мереке, салтанат, думандатты шартарап. Келді міне жаңа жыл, тартуларын арқалап.
Айару
Келді тағы Жаңа жыл, қуантумен біздерді. Құтты болсын қуаныш — құттықтаймыз сіздерді.
Камшат
Жасыл желек жамылған, асыл моншақ тағынған. Міне, сұлу шыршамыз — көптен күтіп сағынған.
Жүргізуші
Ертегілер еліне біз шығамыз сапарға. Тамашалап көруге шақырамыз сіздерді — «Бауырсақ» ертегісін көрейік.
Би, ойын және хор
Би
«Қояндар мен аюлар биі»
Күншуақ тобы
Ойын
Ситуациялық сұрақтар
Көрерменмен интерактив
Ән
«Топ-топ балақан» (хор)
Балалар хоры
Жүргізуші
Балалар, біздің ортамызда Аяз ата мен Ақшақар көрінбейді ғой. Кәне, бәріміз бірге шақырайық!
Балалар
Аяз ата! Ақшақар!
Аяз ата мен Ақшақардың келуі
Аяз ата
Амансыңдар ма, балалар! Құтты болсын келген жаңа жылдарың!
Өткен жылы келіп ем, бәріңді де көріп ем. Жыл өткізіп келем деп, уәдемді де беріп ем.
Ойларың да, бойларың да бірдей өсіп қалдыңдар ма? Ал, мен кіммін, айтыңдаршы — мені тани алдыңдар ма?
Ақшақар
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Сүйсіндірер маңайды, Ақшақармын арайлы. Жалт-жұлт еткен жүзімнен күміс сәуле тарайды.
Ақшақармын, аппақпын, қалай тыным жатпақпын? Менсіз қыстың сәні жоқ — әнмін, жырмын, тақпақпын.
Жүргізуші
Аяз ата, Ақшақар — қош келдіңіздер! Төрлетіңіздер. Балаларымыздың сіздерге арнаған тақпақтары, ән-билері бар. Қабыл алыңыздар.
Қазима
Жаңа жылда барлық үйге Аяз ата келеді, Жаңа жылда сәбилерге сыйлық әкеліп береді.
Жанель
Шыршамыз қандай әдемі, ойыншықтар тағынған. Аяз ата келіп тұр — көптен күтіп сағынған.
Аян
Ақ қырауға малынған сақалы да, мұрты да. Аяз ата сағынған — сәлем берді жұртына.
Адайхан
Бар баланың қонағы, төрлет, ата, жоғары. Жұрттың бәрі атадай қашан мырза болады?
Жанель
Жаңа жылды қарсы алып, барлық бала ән салып, Ақшақар жүр би билеп, қол соғады барша жұрт.
Сабыр
Тақпақтарды жаттадық, биді үйрендік көрсін деп. Аяз ата шаттанып, бізге риза болсын деп.
Сабина
Аяз ата сыйға берген әртүрлі ойыншықты сол шыршаға әр жерден жарқыратып қойып шықтым.
Нұрсұлтан
Қараңдар, мынау шырша — неткен әсем, көрікті! Жаңа жылдық думанға Аяз ата келіпті.
Би
«Гномдар биі»
Бөбек тобы
Сахналық белгі
Шырша маңына жиналу, шашу шашу
Жүргізуші: Шырша құрып алаңға, жылға шашу шашайық. Тойлап, көңіл ашайық — биден шашу шашайық!
Ескі жылмен қоштасу және Ит жылын қарсы алу
Ескі Тауық жылы
Рахмет, балалар! Мен сендерді ұмытпаймын, сендерге сенемін. Міне, сендермен қоштасатын кез келді. Сау болыңдар!
Ит жылы
Армысыздар, халайық! Бармысыздар, халайық! Жаңа жылда жұп жазбай, бірге қарсы алайық.
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен Ит жылымын. Мені шын ықыласпен қарсы алғандарыңа рахмет! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Жүргізуші
Ит жылы, қош келдіңіз! Төрлетіңіз! Балаларымыздың сізге арнаған тақпақтары бар — қабыл алыңыз.
Амина
Әкелсін жыл ырыс-құт, әлемде болсын тыныштық. Ән салайық жаңаша — Жаңа жылым тамаша.
Арман
Аяз атам, ақ атам, берекелі ақ батаң. Қош келдің, Жаңа жыл! Жаңа өлең, жыр айтам.
Дария
Арайлы бақшаның үзілмейді жақсы әні. Гүлденеді бақшалар, жауса жаусын ақшақар.
Бейбарыс
Көрдің бе Аяз атаны — аппақ екен сақалы. Аппақ екен мұрты да, аппақ екен шапаны.
Расул
Жаңа жыл, Жаңа жыл, сені күттім елеңдеп. Өзіңменен ілесіп, Аяз ата келер деп.
Нұржан
Келіңдер, келіңдер! Біздер бірге айналып, қуантайық атаны. Билейікші, келіңдер!
Саяжан
Тамаша сый алып келді Аяз атамыз. Шаттанып, қуанып, шырқап ән айтамыз.
Қорытынды ән
«Жаңа жыл» (хор)
Барлығы бірге
Қорытынды тілек
Аппақ қардай көңіліміз пәк болсын! Аппақ қардай арымыз да ақ болсын. Жаңа жылға жаңа қадам басайық — бір Алламыз жанымызға жақ болсын.
Жүздеріңнен көрем шаттық арайын. Болсын солай әрбір күнің, әр айың. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ағайын! Жылдан жылға жаңа жылымыз ұлассын!
Жаңа жылдық ертеңгілік аяқталды. Келіп тамашалағандарыңызға көп рақмет! Қош сау болыңыздар.
Қойылым: «Бауырсақ» ертегісі
Ертегі желісі мерекелік кештің көңілді, достыққа үндейтін бөлігі ретінде ұсынылады.
Автор
Ерте, ерте, ертеде, жемісті тоғай бар еді. Тоғай асқан белесте бір келісті үй тұрыпты. Сол үйде кемпір мен шал мекен етіп, еңбекпен тіршілік қылыпты. Айлар өтті, күн өтті.
Шал
Қыстың қамын ерте ойлап, отын жардым, кемпірім. Қайран жастық кетті ойнап, таусылады еп-дәмім.
Кемпір
Енді, шалым, деміңді ал. Берсем деймін адал ас. Пісірсем бе бауырсақ? Әттең, ұным тым аз-ақ.
Диалог жалғасы
Шал: Қаптың түбін қырнадым, екі уыс ұн жинадым. Енді, кемпір, кіріссең — бітер еді тез ісің.
Кемпір: Балқаймаққа шыладым, май да қосып былғадым. Енді піскен бауырсақ демін алсын, шырағым.
Автор
Күн шуағын бағыттап, бауырсаққа шашады. Кенет нанға жан бітіп, жан-жағына қарады. Қолдары икемге келіп, аяқтары қимылдап, билеп-билеп домалап, орманды аралап кетті.
Қоян
Мен боламын сұр қоян, кім екен бұл ән салған? Иісің қандай аңқыған — қазір сені жеп қоям!
Бауырсақ
Атам қаптың түбін қырнаған, екі уыс ұн жинаған. Әжем маймен сылаған, балқаймаққа шылаған. Суытып та сынаған — бауырсақпын зулаған. Сенен де қашам, сұр қоян!
Автор
Бауырсақ өлеңін айтып, жүгіріп қаша жөнелді. Жан-жағына қараса, саңырауқұлақтар көрінді. Бауырсақпен жарыса көңілді би биледі.
Қасқыр
Мен ашқұрсақ қасқырмын, неткен қиын тағдырым. Іздегенім табылды — сенсің менің азығым.
Бауырсақ
Атам қаптың түбін қырнаған, екі уыс ұн жинаған. Әжем маймен сылаған, балқаймаққа шылаған. Суытып та сынаған — бауырсақпын зулаған. Қашып кеттім қояннан, сенен де, қасқыр, мен қашам!
Автор
Бауырсақ домалап, сары орманды аралап кетті. Кенет аспан түнеріп, жаңбыр тамшылады. Ызғарға қарамай зуылдағанымен, бір сәт кідіріп, аюды көрді.
Аю
Мен аюмын жай басқан, менен бар ма күш асқан? Кім екен бұл орманда ұйқы бермей ән салған?
Бауырсақ
Атам қаптың түбін қырнаған, екі уыс ұн жинаған. Әжем маймен сылаған, балқаймаққа шылаған. Суытып та сынаған — бауырсақпын зулаған. Қашып кеттім қояннан, қаштым зұлым қасқырдан. Ұстатпаймын саған да — зулап өтем тасқырдан!
Түлкі
Сәлем, сәлем, бауырсақ! Қайдан келдің домалап? Тұрма менен сен алшақ, айтып берші бір жыр-шумақ.
Бауырсақ
Атам қаптың түбін қырнаған, екі уыс ұн жинаған. Әжем маймен сылаған, балқаймаққа шылаған. Суытып та сынаған — бауырсақпын зулаған. Қашып кеттім қояннан, қаштым зұлым қасқырдан, ұстатпадым аюға — сенен де, түлкі, құтылам!
Түлкінің ұсынысы
Бауырсағым, жарадың. Жеуге сені қимадым. Көтердің сен көңілді — болшы менің қонағым. Ал, достарым, тойлайық, ән салуды қоймайық. Шаттанайық, күлейік, би билейік, тұрмайық.
Қорытынды
Осылайша барлық аңдар бауырсақпен дос болып, Жаңа жыл кешін бірге тойлайды.
Дерек және авторлық белгі
- Мекеме: «Ақбота» балабақшасы
- Өңір: Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутин ауылы
- Құрастырушы: Жағалбаева Нұрсұлу Саматқызы