Формулалар биі
Тақырыбы: Білім тарландары
Бұл іс-шара оқушылардың білімін, тапқырлығын және шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған танымдық сайыс түрінде ұйымдастырылады.
Мақсаты
- Ойды шапшаң, тұжырымды, жинақы әрі ашық жеткізуге үйрету.
- Топпен және жеке шығармашылық жұмысқа дағдыландыру.
- Бір-бірін сыйлауға, сынды дұрыс қабылдауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Физика және математика ғалымдарының қанатты сөздері.
- Нақыл сөздер мен тақырыптық плакаттар.
Форматы
Екі топтың қатысуымен өтетін көпбөлімді сайыс: викторина, ән-әуен, тәжірибе, жарнама, сән үлгісі және тілектер.
Бағдарлама
- I.Топтардың сәлемдесуі, ұраны
- II.Викториналық сұрақтар
- III.«Формулалар биі»
- IV.Ән-әуен
- V.«Білмекке құмарлық» (тәжірибе көрсету)
- VI.Жарнама құрастыру
- VII.Сән үлгісі (материалдардың физикалық қасиеттерін таныстыру)
- VIII.Командалардың тілегі
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Құрметті аяулы көрермендер, білімменен сусындаған жас өрендер! Қош келіпсіз бүгінгі кешімізге. Бұл кеш мәңгі есіңізде қалсын!
2-жүргізуші
Екі топты ортаға шақырамыз! Көрермендер қол соғып, қолдау білдірсін. Сайыскерлер, өнерлеріңізді көрсетіп, білімдеріңізді сынаңыздар — білмегендеріңізді осы кеште толықтырыңыздар.
1-жүргізуші
Әділдік болмаса, алға шығу қиын. Әділқазы алқасы мықтыларға әділ баға береді деп сенеміз. (Әділқазыларды таныстыру: 1) … 2) … 3) …)
2-жүргізуші
Енді топтар өздерін таныстырып, ұрандарын айтады. Көрерменнің қолдауы — сайыстың сәні.
Сайысқа серпін
Бәйгеге түсіп жарыспай, жүйріктің бағы жанар ма? Білім мен өнер жарысса, тәрбие мен тәлімнің мәні артады.
II. Викториналық сұрақтар
1-топ
- Қандай өрнек әріпті өрнек деп аталады?
- Жақша алдында минус таңбасы тұрса, жақша қалай ашылады?
- Әлемде не бар болса, соның бәрі ………… деп аталады?
- Астрономия нені зерттейтін ғылым?
- a2 − b2 неге тең?
- Негіздері бірдей дәрежелерді көбейткенде, дәреже көрсеткіштері қалай өзгереді?
- 6-ға қарама-қарсы сан және кері сан қандай?
- Дене дегеніміз не?
- Паскаль заңы (анықтамасы).
- Жылдамдықты өлшейтін құрал қандай?
2-топ
- Қарама-қарсы сандардың қосындысы неге тең?
- (a + b)2 неге тең?
- Физика нені зерттейді?
- Астрономиядағы негізгі құрал қандай?
- Табиғатты зерттеудің ғылыми әдістері қандай?
- Екі параллель түзуді қиюшымен қиғанда пайда болатын бұрыштар қалай аталады?
- Тұстас бұрыштардың қосындысы неге тең?
- Күшті өлшейтін құрал қандай?
- 5-ке қарама-қарсы сан қандай?
- Дененің жерге тартылу күші қалай аталады?
III. «Формулалар биі»
Бұл бөлімде қатысушылар жұптарын табу арқылы формулаларды «тірілтеді». Бір топ мүшелерінің кеудесіне физикалық шамалардың белгіленуі ілінеді, ал қарсы топ мүшелеріне формуланың екінші бөлігі беріледі. Әр қатысушы өз «жұбын» тауып, вальс ырғағымен қозғалады.
Мысал
F = mg
Құрал
Күшті өлшейтін құрал: динамометр
Кейін екінші кезеңде қатысушыларға физикалық шамаларды өлшейтін құралдардың атауы жазылған белгілер (тәж/крона) беріледі де, ойын дәл осылай қайталанады.
IV. Ән-әуен
Математикаға арналған ән (үзінді)
Хош келіпсіз бұл кешке үлкен-кіші!
Білім нәрін есептің сусындатып,
Тек көңілді қайтарсыз бүгін үйге, құрбылар.
Қайырмасы:
Бүгінгі кеш көңілді, оған біздер сенімді.
Қошеметпен қол соқса, көрермендер — өнімді.
«Армандастар» әуенімен (цилиндр туралы)
Тақиялы періште боп келіп тұрмыз,
Цилиндрдей айналу денесінің
Қасиетін сіздерге сараптаймыз.
Қайырмасы:
Біздер айналатын цилиндрміз,
Бәріміз де айналу денесіміз.
Айналамыз мұнда, формулалар ойда —
Қарсыластар, қайдасың?
V. «Білмекке құмарлық»
Бұл бөлімде екі топ кезекпен тәжірибе көрсетіп, құбылысты түсіндіреді. Негізгі талап: қауіпсіздік ережесін сақтау, бақылау нәтижесін нақты айту және қорытындыны қысқа тұжырымдау.
VI. Жарнама құрастыру
1-топ: «Компьютер»
Назгүл: Апа, неге менімен қалмайсыз?
Апасы: Мектепке бір қорап кәмпит әкеліпті деп еді, соны алайын деп бара жатырмын.
Назгүл: Апа, ол кәмпит емес — компьютер. Ол сурет салады, жазады, есеп шығарады.
Апасы: Е, саудагерлер ақша есептейтін «қылқыпатыр» сияқты ма?
Назгүл: Жоқ, ол — калькулятор. Бұл — компьютер. Апа, анама да, әкеме де айтып, бір компьютер алып беріңізші.
Апасы: Алып берем, құлыным. Екеуміз есеп шығарамыз, ойын ойнаймыз.
Қорытынды ұран:
Қазіргі заман — техника заманы. Сондықтан, ағайын, компьютер үйренейік!
2-топ: «Есеп білмеген…»
Алушы: Ассалаумағалейкум, ақсақал! Саудаңыз берекелі болсын.
Сатушы: Уағалайкүмассалам! Айтқаның келсін, не аласыз?
Алушы: 1000 теңгеге бір қаз берсеңіз болады.
Сатушы: Ала ғой.
Алушы: Ойландым… 1000 теңге мен қазды өзіңізде қалдырып, маған бір лақ беріңізші.
Сатушы: Жарайды.
Алушы: Онда 1000 теңге де, қаз да, лақ та өзіңізде қалып, бір қой бере салыңыз.
Сатушы: Жақсы…
Алушы: Енді бәрі өзіңізде қалсын да, бір тай беріңіз. Жоқ, тіпті… жол жүріп бара едім, атыңызды бере салыңызшы.
Сатушы: Келістім.
Сатушы (қорытынды): Есеп білмеген… Бәрін маған тастап, бір жаман атты алып кетті.
Жарнама түйіні:
Алушы: Нарық заманы — есеп заманы.
Сатушы: Өз пайдамызды білейік, достар!
VII. Сән үлгісі
Әр топ шағын мода көрсетілімін ұсынып, қолданған материалдарының физикалық қасиеттерін түсіндіреді (беріктік, созылғыштық, жылу өткізгіштік, су өткізбейтіндігі, салмақ, үйкеліс және т.б.).
VIII. Терминдер арқылы тілек айту
Жүргізуші математика мен физикадан терминдер айтады. Қатысушылар сол сөздерді қолданып, бір-біріне және көрерменге ізгі тілектерін білдіреді.
Төрт
Төрт құбылаң тең болсын! Ырысың мен берекең мол болсын!
Дәреже
Дәрежең еселенсін! Талабың өсе берсін!
Шаршы
Шаршы алаңда мүдірме, көп ойланып кідірме!
Стандарт
Стандартқа сай білім алайық!
Қуат
Бай-қуатты болайық!
Жұлдыз
Жұлдызың жоғары болсын! Жасың жүзге толсын!
Күн
Күндей жарқырап жүр!
Ай
Айың әр уақытта оңыңнан тусын!
Күш
Күш-жігерің сарқылмасын!
Кедергі, көлем
Ешқашан кедергі болмасын, мүмкіндігіңнің көлемі кең болсын!
Жұмыс
Жұмысың табысты, ісің алғысты болсын!
Түзу
Өмірде түзу жолмен жүр!
Жер
Жер бетінде бейбітшілік болсын!
Жүйе
Мақсаттарың жүйелі, қадамдарың нық болсын!
Тең
Тең құрбыларыңның алды бол!
Есе
Еселенген бақыт келсін!
Қорытынды ән (әділқазы шешімі шыққанша)
«Есептер» әні (үзінді)
Армандар шыңдарға қалықтап барады,
Болашақ өмірге жол бастап есептер,
Қырандай қалықтап қанатын қағады.
Қайырмасы:
Есептер, есептер, есептер — өмірден керекті көсеп көр.
Өрнектер, өрнектер, өрнектер — жұмбақты әлемге еніп көр.
Бұл өмір құралған қашанда есептен,
Айнала қарасаң — бәрі де есеппен.
Жабылу сөзі
1-жүргізуші
Аяқталды тапқырлардың сайысы. Қоштасамыз көңіліміз қимай-ақ. Әр сәтті әзілмен еске алып, үйге барған соң шай үстінде де айтып отырарсыздар.
2-жүргізуші
Ең бастысы — жарыстағы орын емес, терең білім. Тапқырлық пен ізденіс қатар болса, өмірде де жетістігіңіз мол болады.