Бақа мен бала

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сынып
1-сынып
Тақырып
Бб дыбысы мен әрпі
Сабақ түрі
Саяхат сабақ
Пәнаралық байланыс
Дүниетану
Көрнекіліктер
Кеспе әріптер, буындар, дидактикалық материалдар, суреттер, «Балдырған» журналы

Сабақтың мақсаттары

1) Дыбысты меңгерту

Оқушыларға Бб дыбысы мен әрпін меңгерту; Б дыбысын сөз ішінен бөліп алып, дұрыс дыбыстату.

2) Оқу және талдау

Б дыбысына қатысты сөздерді оқыту; дыбыстық және буындық талдау жасату. Көркем жазуға дағдыландыру.

3) Тәрбиелік бағыт

Оқушыларды достыққа, ұйымшылдыққа, татулыққа тәрбиелеу; «Балдырған» журналын үлгі ету.

Сабақтың барысы (саяхат желісімен)

I. Ұйымдастыру

Бүгінгі сабағымызға алыстан қонақ келеді. Оны жақсы қарсы алайық. Қонақ сендерге құнды сыйлық әкеледі. Егер сабаққа белсенді қатысып, қонаққа көмектессеңдер, ол тезірек жетеді. Мен қойған сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тапсырмаларды жылдам әрі ұқыпты орындасаңдар, қонақтың кім екенін айтамын.

II. Өткенді еске түсіру

Сұрақ: Өткен сабақта қандай дыбыспен таныстық?
Жауап: Е дыбысы.

Сұрақ: Е қандай дыбыс?
Жауап: Дауысты дыбыс.

Е дыбысына қатысты буындарды еске түсіріп, сөздер құрастырамыз. Оқулықтан «Асқар» мәтінін (72-бет) кезекпен оқимыз.

III. Жаңа сабақ: қонақпен танысу

Тапсырмаларды өте жақсы орындадыңдар. Ендеше уәде бойынша қонақтың суретін көрсетейін: бақа.

Сұрақ: «Бақа» сөзінде бізге таныс емес қандай дыбыс естіледі?
Жауап: Б дыбысы.

Б дыбысын хормен айтқызу: Б — Б — Б.

Б — дауыссыз дыбыс. (Әріпті көк үйшікке орналастыру.)

«Бақа» сөзіне дыбыстық талдау жасаймыз. Сурет арқылы «бақа» және «бала» сөздерін салыстырамыз.

Сюжеттік өлең (баланың сөзі):

Ал, бақалар, бақалар, Бізде қызық ойын бар. Қане, тәртіп сақтайық, Баспалдақты аттайық. Баспалдақты басқанда, Батыл атта, жасқанба!

Баланың тапсырмасы

Өлеңнен б дыбысы естілетін сөздерді табу және топтастыру.

Жануар

бота

Адамның аты

Болат

Өсімдік

бәйшешек

Зат

бағдаршам

Жеміс-жидек

банан

Оқу құралы

бор

Бақаның өлеңі (жаттау жұмысы):

Бәрі жақсы ананың, Бәрі де оның керек-ау. Бірақ әрбір баланың Өз анасы бөлек-ау.

Қай қатар тез жаттайды? Жарыс түрінде орындатамыз.

Әндетіп келе жатқан бақаның алдынан су шығады. Бақа суды жақсы көреді, бірақ балықтар оны суға түсірмейді. Бақаға көмектесу үшін кітапты ашамыз.

IV. Оқулықпен жұмыс (74–75-беттер)

1) Хормен оқу

Сызба бойынша сөздерді оқып, жаттығамыз:

  • ба-қа
  • бо-та
  • бө-рік
  • ба-лық
  • Бо-лат
  • кө-рік

2) Талдау–жинақтау

Мәтіннен б дыбысы бар сөздерді табамыз және оларды буынға бөлеміз.

3) «Бақшада» (суретпен жұмыс)

«Не өсірді? Кім өсірді?» ойыны арқылы бақша өнімдерін қайталаймыз. Не? және Кім? сұрақтарын ажыратамыз.

Бақа сендерге риза. Ол су ішіп, сергіп алды. Ендеше біз де бірге сергіп алайық.

V. Сергіту сәті: «Бақа мен бағдаршам»

Бақа мектепке жақындайды. Оны не тоқтатып тұр? Бағдаршам.

Қай көзі жанып тұр? Қызыл. Қызыл жанса — тоқтаймыз. Жасыл жанса — жүреміз.

Жасыл көзін жағу үшін Бб әрпін көркем жазып шығамыз.

VI. Дәптермен жұмыс

  • Жазылым: б дыбысының кіші әрпін және сөздерді жазуға жаттығу.
  • Сөз құрау: суреттер астындағы алғашқы буынды жалғастырып, сөз құрап жазу.
  • Ереже: Б дыбысы сөздің басында да, ортасында да кездеседі.

Бағдаршам жасыл түсті көрсетіп, бақаның жүруіне рұқсат береді.

VII. Жазба жұмысы

Дәптердегі бос жолдарға жазба жұмыстары орындалады (әріп элементтері, сөздер, үлгі бойынша көшіру).

VIII. Сабақты бекіту: «Орнын тап» ойыны

Екі қатар жарысады: оқушылар кезектесіп шығып, суреттердің орнын тауып жапсырады және сөздерді дұрыс орналастырады.

Үлгі сөздер

Бақа, арба
Балапан, қарбыз
Бота, асқабақ
Бағдаршам, көбелек
Балық, шыбын
Борсық, жолбарыс

Оқушыларға бақаның суреті таратылады. Әр суреттің артында қосымша бейнелер болады. Сол сөздердің атауын кеспе әріптер арқылы құрастырып жазамыз.

IX. Қорытынды

Бақаның базарлығы — «Балдырған» журналы. Оқушыларды журналмен таныстырып, онымен дос болуға шақырамыз.

Бүгін қандай дыбысты үйрендік?
Жауап: Б дыбысы мен әрпі.

X. Мадақтау

Белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, сабаққа қатысуын атап өту және ынталандыру.