Миссионерлік саясаттың бағыттары

Сабақтың тақырыбы

Қазақстанның Ресейге қосылуының ауыр зардаптары.

Білімділік мақсаты

Оқушыларға Қазақстанның Ресей империясына қосылуының саяси және рухани зардаптарын, сондай-ақ қоныстандыру мен орыстандыру саясатының мәнін тереңірек түсіндіру.

Дамытушылық мақсаты

Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, ата тарихын терең танып-білуге қызығушылығын арттыру, өз ойын жүйелі түрде жеткізуге және пікірталасқа қатысуға дағдыландыру.

Тәрбиелік мақсаты

Тарих тағылымынан сабақ алып, болашағына сеніммен қадам басатын, елін және туған жерін сүйетін, халқымыздың біртуар тұлғаларын құрметтейтін саналы ұрпақ тәрбиелеу; патриоттық сезімді ояту.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі мен әдістері

  • Сабақтың түрі: аралас
  • Әдістері: сұрақ-жауап, түсіндірмелі, ойын

Көрнекілік және жабдық

  • Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд
  • Жабдығы: компьютер
  • Пәнаралық байланыс: дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті, география

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу.
  2. 2 Кезекшімен жұмыс.
  3. 3 Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын пысықтау

Тақырып

Орыс демократиялық өкілдерінің Қазақстанға жер аударылуы.

Ойын

«Тұлғаларға тағзым ету!»

Оқушылар тақтадағы ұяшықтарда жасырылған тұлғаны анықтап, сол адам туралы қысқаша мәлімет береді. Сұраққа толық жауап берген оқушы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қояды.

Тұлғалар

  • М. Муравьев
  • С. Дуров
  • Ф. Достоевский
  • Т. Г. Шевченко
  • Е. Михаэлис
  • С. Семенов
  • А. Федоров
  • А. Майков

III. Жаңа сабақ

Негізгі ой

Ресей империясының қоныстандыру және орыстандыру саясаты қазақ қоғамының жер қатынасын, шаруашылық жүйесін және рухани өмірін терең өзгеріске ұшыратты.

Қоныстандыру саясаты және жер мәселесі

Қазақстан қоныс аударуға қолайлы өңір ретінде қарастырылып, басқа аймақтардан келген қоныстанушыларға кеңінен жағдай жасалды. Патша өкіметінің орталық саясатының әр кезеңінде қазақ жері талан-таражға түсіп отырды.

Жергілікті халық жайлы қоныстарын тастап, амалсыз ішкері қарай ығысуға мәжбүр болды. Шұрайлы жайылымдар мен құнарлы егістік алқаптары қоныс аударған орыстар мен казактарға үлестірілді.

Көшпелі жұрттың ата-мекенінен айырылуы дәстүрлі шаруашылықты жүргізудің тиімді тетіктерін әлсіретті. Бұл үдеріс материалдық шығынмен қатар, қоғамдық тұрақтылыққа да соққы болды.

Салық қысымы және отарлық мәртебе

Қазақтарға мөлшерден тыс ауыр салықтар салынды. Қазақ хандығына бодан ел ретінде емес, отар аймақ ретінде қаралды. Оның үстіне, қазақ жері түгелдей Ресей мемлекетінің меншігі саналды.

Мал шаруашылығының күйзеліске ұшырауы

Шаруашылықтың негізгі саласы — мал шаруашылығы да қатты зардап шекті. Қыста қыстауда, жазда жайлауда көшіп-қонып өмір сүрген халықтың тіршілік ырғағы әкімшілік шектеулер арқылы бұзылды.

Мысал

  • Жайықтың оң жағалауына мал жаюға тыйым салынды.
  • Тәртіп бұзғандардың малы тәркіленіп, өздері жер аударылды.
  • 1747 жылғы 11 мамырда Еділ мен Жайық арасындағы кең даланы өрттеу туралы әмір берілді.

Орыстандыру: тіл, мектеп, әліпби

Патша өкіметінің орыстандыру саясаты қоныстандырудан кем түспеді. Бұл бағыттағы шаралар әліпби мәселесіне, мектептер ашуға және орыс тілін кеңінен енгізуге тірелді.

Бағыт

Әліпби

Бағыт

Мектептер ашу

Бағыт

Орыс тілін енгізу

Оқу-ағарту жүйесі жергілікті халықтың сауатын ашудан гөрі оны тәуелді етуге, тілі мен діни-мәдени болмысын өзгертуге бағытталды. Негізгі мақсат — орыс тілін насихаттау, Ресей империясының тарихын үлгі тұту және отарлық құндылықтарды орнықтыру болды.

Миссионерлік саясат және рухани отарлау

Отарлау саясатының маңызды бағыттарының бірі — жергілікті халықты христиан дініне тарту, шоқындыру арқылы рухани отарлау еді. Дінді өзгерту отарланған қоғамды бағындырудың тиімді тетігі ретінде тарихта кең қолданылған.

Орыс емес халықтарды шоқындыру ісін жүйелеу үшін 1731 жылы Шоқындыру кеңесі құрылды. Қазан қаласында миссионер мамандар даярланды. Миссионер — өзге дін өкілдері арасында өз дінін уағыздаушы адам.

Қазақтарды шоқындыру ісі миссионер Ильминскийге тапсырылды.

Миссионерлік саясаттың негізгі бағыттары

  1. 1 Казак-орыс қоныстарында шіркеулер мен мінәжат үйлерін салу және жергілікті халықты тарту.
  2. 2 Шіркеу-приходтық мектептер ашып, онда қазақ балаларын оқыту.
  3. 3 Жергілікті халық арасында үгіт-насихат жүргізу.
  4. 4 Мектеп бағдарламасына христиан дінінің негіздерін енгізу.

Ынталандыру шаралары

Христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету және құқықтарын қорғау туралы арнайы нұсқаулар берілді. Құнарлы жерді меншіктеу, кәсіпкерлікпен айналысу, тегін несие алу сияқты мүмкіндіктерде орыстармен тең жеңілдіктер қарастырылды; ақшалай сыйақылар да бөлінді.

Патша өкіметінің миссионерлік-орыстандыру саясатына қарсы шыққан тұлғалардың бірі — Ы. Алтынсарин.

Ұлт-азаттық қозғалыстар және зиялылардың рөлі

Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі отарлық жағдай халықтың бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресіне серпін берді. Бұл күрес XVIII, XIX және XX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді.

Отарлау күшейген сайын ұлттық сана оянып, елдің ертеңі туралы толғанған зиялы қауым қатары көбейді. Олардың қоғамдық ықпалы артып, ағартушылық және саяси үгіт-насихат белсенділігі күшейді.

А. Байтұрсынұлы
Ш. Құдайбердіұлы
Ә. Бөкейханов
М. Дулатов
М. Шоқай
және т.б.

IV. Жаңа сабақты бекіту

Ойын

«Қазақстан — байтақ елім»

Оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін күшейту және негізгі ұғымдарды бекіту мақсатында сұрақтар қойылады.

Сұрақтар

  • Қазақстанда қоныстандыру саясаты қалай жүргізілді?
  • Қоныстандыру салдарынан егін және мал шаруашылығы қалай өзгерді?
  • Ассимиляция дегеніміз не?
  • Патша өкіметі орыстандыру саясатын неден бастады?
  • Патша өкіметінің қазақтарды христиан дініне тарту саясаты туралы не білесіңдер?
  • Миссионерлер деп кімдерді айтамыз?
  • Миссионерлік саясаттың негізгі бағыттарын атаңдар.
  • Ы. Алтынсариннің орыстандыру саясатына көзқарасы қандай болды?
  • Отарлау саясаты күшейген сайын қазақ халқының іс-әрекеті қалай өзгерді?

V. Қорытындылау

Сабаққа белсене қатысқан оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктері талданып, білімдері бағаланады.

VI. Үй тапсырмасы

Оқу

«Қазақстанның Ресейге қосылуының ауыр зардаптары» тақырыбын оқу: Қазақстан тарихы хрестоматиясы (143–146-беттер).

Жазба жұмыс

Кестені толтыру: «Қазақстанның Ресейге қосылуы» тақырыбы бойынша жағымды және жағымсыз жақтарын салыстыру.

Тақырып Жағымды жақтары Жағымсыз жақтары
Қазақстанның Ресейге қосылуы