Топтық тапсырма жаттығу Суретпен жұмыс

Сабақ тақырыбы

Ю әрпінің жазылуы (презентациямен).

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушыларға Ю әрпінің жазылуы және дыбысталу ерекшелігі туралы түсінік беру.

Дамытушылық

  • Танымдық белсенділікті дамыту.
  • Ойды қорытындылау, сұрақтарға нақты жауап беру.
  • Ойлау жүйелілігін арттыру.
  • Әдемі, көркем, қатесіз жазуға дағдыландыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды ұйымшылдыққа және бірлікке тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар және ұйымдастыру

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Оқулық
  • Карточкалар
  • Жұмбақ

Пәнаралық байланыс, түрі және әдістері

Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, халықтық педагогика.

Сабақ түрі: аралас.

Әдістері: сұрақ-жауап, ойын, деңгейлік тапсырмалар.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Жаңбыр жауып басылды.
Аспан шайдай ашылды.
Жел қозғаған жапырақ
Жерге түсіп шашылды.

Оқушылардың зейінін сабаққа бағыттау, жұмыс ырғағын қалыптастыру.

2) Үй тапсырмасын тексеру (5-жаттығу)

  • «Я» қандай дыбыс?
  • «Я» қандай дыбыстардан құралған?
  • «И» әрпінен кейін қандай дыбыс естіледі?
  • «И» әрпінен кейін қандай әріп жазылады?

3) Ой қозғау: жұмбақ және әңгіме

Жаздай қыдырады,
Қыстай тынығады.

Жауабы: Аю.

Сұрақтар: «Қандай сөз шықты?», «Аю қайда болады?», «Ол нені жақсы көреді?».

Оюдың суретін көрсету. «Оюды кімдер ояды?», «Қандай ою түрлерін білесіңдер?» деген сұрақтар арқылы ойды дамыту.

Ою түрі

Қосмүйіз

Бұғы мүйізін негіз еткен өрнек. Сәукеленің, айыр қалпақтың төбесі мен шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қоншына салынады. Мағынасы: бақыт-береке, байлық, мал-жанның көбеюі.

Ою түрі

Қазмойын

Әдемі мойынды тұспалдайтын өрнек. Көбіне әйелдер көйлегінің етегіне, тон мен күртелердің өңірлеріне салынады. Тілек-мағынасы: еркіндік пен сұлулық.

Ою түрлері бұдан да көп. Осы ойлар арқылы жаңа тақырыпқа көшеміз: Ю әрпінің жазылуы.

4) Жаңа тақырып: «Ю» әрпінің дыбысталуы мен жазылуы

Кейбір сөздерде йу дыбыстары естілгенімен, олардың орнына ю әрпі жазылады.

Юқосарлы дауысты дыбыс.

Айтылуы (естілімі)

  • Айу
  • Ойу
  • Қартайу

Жазылуы

  • Аю
  • Ою
  • Қартаю

«Аю», «Ою» сияқты сөздерде 2 әріп, бірақ 3 дыбыс болады.

5) Оқулықпен жұмыс (1-жаттығу)

Көп нүктенің орнына ю әрпін қойып жазыңдар. Әр сөзде неше әріп, неше дыбыс бар екенін анықтаңдар:

а..., о..., ұ..., то..., көрке..., үлке..., шалқа...

Нәтиже

  • Аю, ою, ұю: 2 әріп, 3 дыбыс.
  • Тою: 3 әріп, 4 дыбыс.
  • Үлкею: 5 әріп, 6 дыбыс.
  • Көркею, шалқаю: 6 әріп, 7 дыбыс.

Еске сақтайтын қағида

Сөзде йу болып естілсе де, жазуда ю әрпі қолданылады.

6) Топтық тапсырма: сурет бойынша мәтін құрау

Аю орман аралап келе жатты. Ол араның ұясын көрді. Аюдың бал жегісі келді. Аю ұяға қолын салды. Аралар аюды шағып алды.

Тапсырма: мәтіннен ю әрпі кездесетін сөздерді таптыру, дыбыс-әріп санын талдату.

7) Сергіту сәті

Ормандағы аюдың
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп аламыз,
Қалтамызға саламыз.

8) Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»

Берілген сөздерге у әрпін қосқанда қандай өзгеріс болатынын талқылаңдар:

Той, үй, есей, кеңей, қартай, сарғай.

9) Тақтамен жұмыс (4-жаттығу)

Төмендегі сөздерді көшіріп жазып, жазылуын есте сақтаңдар. Ю әрпінің астын сызыңдар:

Ұю, жаю, күю, сою, жантаю, еңкею, молаю, құю, түю.

10) Қорытынды сұрақтар

  1. Бұл қандай әріп?
  2. Бұл қандай дыбыс?
  3. Сөзде йу дыбысы естілгенімен, орнына қандай әріп жазылады?
  4. Ю әрпі бар сөз құраңдар.

11) Үй тапсырмасы

5-жаттығу: жаңылтпашты көшіріп жазыңдар.

Ю әрпі бар сөздердің астын сызыңдар және әр сөзде неше әріп, неше дыбыс бар екенін анықтаңдар.

12) Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауына, жазу сауаттылығына және белсенді қатысуына қарай бағалау жүргізіледі.