Алпамыстың сүйген жары кім

Сабақ тақырыбы: «Айбыны елдің — Алпамыс»

Бұл сыныптан тыс іс-шара ерлік, батырлық және отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. «Алпамыс батыр» жыры — жасөспірімдерді Отанды сүюге, ел намысын қорғауға тәрбиелеуде маңызды рухани мұра. Алпамыс — туған елін сыртқы жаулардан қорғап, ерен ерлігімен халық сүйіспеншілігіне бөленген қаһарман тұлға.

Білімділік

Оқушыларға эпос, жыр, жырау, жыршы ұғымдарын толық түсіндіру.

Дамытушылық

Көлемді эпикалық шығарманы тыңдап қабылдау, жаттау, есте сақтау дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Кейіпкерлер бейнесін талдау арқылы елжандылыққа, батырлыққа, ержүректілікке баулу.

Міндеттері

  • Халық шығармаларын және ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Ұлы адамдар өмірінен өнеге алуға бағыттау.
  • Оқушылардың білім деңгейін бақылап, жырға құмар оқушыларды сараптау.

Өзектілігі

  • Ойлау қабілетін арттыру, жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыру.
  • Ақпараттық технологияны үйлесімді пайдалану.

Шешу жолдары

  1. 1 Сыныптан тыс іс-шара жұмысын тиянақты жоспарлау.
  2. 2 Жүйелі жұмыс жүргізу және нәтижелі ізденіс қалыптастыру.

Тиімділігі

Ізденушілік қабілет, белсенділік және қызығушылық артады.

Оқушы өз бетінше оқып, талдап, өзгерте алады; уақыт үнемделеді.

Шығармашылық дамиды, ынта мен ықылас күшейеді.

Топтық талқылау арқылы жауапкершілік пен дербестік нығаяды.

Түрі

Көрнекі сабақ.

Пәнаралық байланыс

Ана тілі, әдебиеттік оқу.

Көрнекілігі

Плакат, музыкалық аспап, асықтар, интерактивті тақта.

Кіріспе

Қайырлы күн, оқушылар! Жарық та әсем, кең сыныпта сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Бүгінгі сыныптан тыс іс-шарамыз ерлік пен батырлық тақырыбына арналады. Жасөспірімдерді ерлікке, батырлыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуде «Алпамыс батыр» жырының орны ерекше.

I. Қызығушылықты ояту

Батырлық пен ерлік туралы мақал-мәтелдер айтылады (барлық оқушы қатысады).

Батыр туса — ел ырысы,

Жаңбыр жауса — жер ырысы.

Ер үмітін ер ақтар,

Ер атағын ел сақтар.

Ер жігіт ел үшін туады,

Ел үшін өледі.

Жүріс барысы: мағынаны тану

Залда отырған оқушыларға «Алпамыс батыр» жырынан сұрақтар қойылады. Сұрақтарға ең бірінші болып дұрыс жауап берген 4 оқушы бүгінгі «Алтын сақа» ойынына қатысады.

Іріктеу сұрақтары

  1. 1) Жиделі Байсын елінде тұратын байдың аты кім?

    Жауап: Байбөрі.

  2. 2) Жырдағы Ұлтанның бейнесін кім сипаттап бере алады?

    Кеудесі болды кепедей, Мұрны болды төбедей. Күрек тісі кетпендей, Кеңірдегінің тесігі — Жүгімен түйе өткендей. Құлағы болды қалқандай, Мұрнына қарасаң — Сығымданған талқандай. Көзі терең зындандай, Басқан ізін қарасаң — Көрінеді оттың орнындай. Аузы үлкен ошақтай, Азу тісі пышақтай, Иегі бар сеңгірдей.

  3. 3) Байбөрі жылап жүргенде, жалғыз немере ағасы Құлтайдың тезекші қара күңінен бір ұл туады. Сол ұлдың аты кім?

    Жауап: Ұлтан.

  4. 4) Алпамыс ойнап жүріп бір баланы түртіп қалғанда, бала көтере алмай қайтыс болады. Сонда кемпір Алпамысқа не дейді?

    Бекерге жұрт баласын қырып жүрсің, Ойыңа келгеніңді қылып жүрсің. Сарыбай қызын бермей кетті қашып, Несіне ойын ойнап, күліп жүрсің? Шекті деген елінде Сарыбай деген бай еді. Жалғыз қызы Гүлбаршын — Он бесте туған ай еді. Жасыңнан саған айттырған Гүлбаршын сұлу жар еді.

Іріктеуден өткен 4 оқушы сахна төріне шақырылып, орындарына жайғасады.

«Алтын сақа» ойынының кезеңдері

Ойыншылар 4 асықты иіреді. Асығы тік тұрған оқушы бірінші бастайды. Ойын сұрақтары түрлі түсті конверттер арқылы таңдалады. Әр кезеңнен кейін асық иіріліп, бір ойыншы ойыннан шығып отырады.

I. Әудем жер

  1. 1) «Байбөрі деген бар екен, Байбөрі малға бай екен...» Осы малы көп бай неге зәру болады?

    Жауап: Перзентке.

  2. 2) «Жақсы ат — ер қанаты». Алпамыс батырдың аты қалай аталады?

    Жауап: Байшұбар.

  3. 3) Жырдағы сақау әйелдің аты кім?

    Жауап: Бадамша.

  4. 4) Тайшық ханның «Құрсаулы қара бурасы» деп атағаны кім?

    Жауап: Алпамыс.

II. Қозыкөш

  1. 1) Тыныш жатқан елдің шырқын бұзып, малын айдап әкеткен қалмақ ханы Тайшық түс көреді. Түсінде не дейді?

    Ей, жарандар, жарандар, Мен бір ғажап айтайын, Құлақ салып қараңдар. Мен бір бүгін түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Заманым менің қағынды, Қағынбаса не қылды? Құрсаулы қара бура кеп, Қарсы қарап шабынды.

  2. 2) Алпамыстың сүйген жары кім?

    Жауап: Гүлбаршын.

  3. 3) Мыстан кемпірдің бейнесін қалай суреттеуге болады?

    Қабағы қатты тырысқан, Көрінгенмен ұрысқан. Тізесіне шекпен жетпеген, Басынан жаманшылық кетпеген. Біркез ширек бойы бар.

III. Беласар

  1. 1) Бала жылап отырғанда, шұбар ат мінген бір диуана өтеді. Сонда Жәдігер не дейді?

    Ей, дуана, жол болсын, Жеке басың қол болсын, Олжа басың мол болсын. Атыңның басы шапшақтай, Садағың оғы бұршақтай. Диуана, саған жол болсын!

  2. 2) Алпамыстың зынданнан шығуына кім көмектеседі?

    Жауап: Хан қызы Қаракөзайым.

IV. Жолайрық

Бұл сұрақ бір ойыншыға ғана қойылады. Ойыншы осы жерден тоқтай ма, әлде жалғастыра ма — таңдауды өзі жасайды.

Арада тоқсан күн өтіп, Байбөрінің көзі ұйқыға кеткен уақытта кім аян береді? Ол не дейді?

Жауап: Шашты әзіз.

Егер ойыншы дұрыс жауап берсе, бүгінгі сайыстың жеңімпазы болып саналады.

Толғаныс бөлімі: «Бес жолды өлең»

Тақырып: Алпамыс, Гүлбаршын.

Алпамыс

  1. 1. Алпамыс
  2. 2. Ақылды, ержүрек
  3. 3. Тапқырлық танытты, ұтымды ойланды, жеңді
  4. 4. Алпамыстың жарының есімі — Гүлбаршын
  5. 5. Алпамыс — батыр

Гүлбаршын

Оқушыларға Гүлбаршын бейнесіне қатысты өз нұсқасын құрастыру ұсынылады: мінезі, келбеті, адалдығы, парасаты, батырға серік болуы.

Үлгі: сұлу, ақылды; сенімді, сабырлы; үмітін үзбеді, қолдады.

Қорытынды

«Алтын сақа» ойынына қатысқан оқушылардың нәтижелері қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады. Сабақ барысында көрсеткен белсенділік пен тапқырлық — эпосты терең түсінудің және ұлттық құндылықтарға құрметтің айғағы.