Иық қиықтарын қосу

10-сынып. Технология (қыздар үшін)

Сабақтың тақырыбы: Сарамандық жұмыс — жең қондыру

Сабақтың түрі

Кешенді жұмыстарды орындау

Әдіс-тәсілдер

Репродуктивті: нұсқаулық-сарамандық, өзіндік жұмыс

Құрал-жабдықтар

Халат үлгісі, жең түрлері, үлестірмелі карточка, тігін машинасы, жіп, қайшы

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларды қатаң технологиялық жүйелілікпен, техникалық талаптарды сақтай отырып, жеңді өңдеуге және оны қолтық ойындысымен біріктіруге үйрету.

Тәрбиелік

Эстетикалық талғамды жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Дамытушылық

Талдау жасап, мәселені қоя білуге және оны шешуге үйрету; қол қимылын дамыту; ептілікке баулу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын сабаққа шоғырландыру, жұмыс орнының дайындығын тексеру.

II. Өткен материалды қайталау

Бірнеше жеңіл сұрақ арқылы оқушылардың білімін еске түсіріп, бүгінгі сабақтың мазмұнына бағыттау. Біз тігін тігу технологиясы бойынша жұмыс жүргізіп келеміз.

Сұрақ: Қандай бұйым тігіп жатырмыз? Жауап: Халат.

Сұрақ: Халаттың қай бөлшегін тігетін кезеңге келдік? Жауап: Жеңді қолтық ойындысымен біріктіру.

Пысықтауға арналған сұрақтар

  1. Киім дегеніміз не?
    Киім — адам денесін жауып, пішіні арқылы дене мүшелеріне қоным беретін бұйымдар жиынтығы.
  2. Киім жалпы белгілері бойынша неше түрге бөлінеді?
    Тұрмыстық, спорттық, өндірістік, формалық.
  3. Маусымдық белгілері бойынша киімді қалай бөлеміз?
    Жазғы, қысқы, барлық маусымдық, көктемгі-күзгі.
  4. Жас ерекшелігіне қарай киім қалай жіктеледі?
    Жас нәресте (9 айға дейін), бүлдіршін (9 ай–3 жас), мектеп жасына дейінгі (3–7 жас), мектеп жасындағы жасөспірім қыздар (7–11 жас), мектеп жасындағы ересек балалар (11–14 жас), жеткіншектер (14–18 жас), ересектер.
  5. Ересектер киімі жастық топтарға қалай бөлінеді?
    Жастар (18–29), орта жас (30–44), егде (45 және жоғары).
  6. Киім неге иық бұйымдары және бел бұйымдары болып бөлінеді?
    Бел бұйымдары бел сызығында, ал иық бұйымдары иық белдеуінде ұсталып тұрады.
  7. Иық бұйымдарына қандай киімдер жатады?
    Блузка, кофта, костюм, көйлек, халат.
  8. Халат тігу ретін атаңыз.
    1. Бүкпелерін өңдеу.
    2. Иық қиықтарын қосу.
    3. Жан қиықтарын қосу.
    4. Жағаны өңір асты арқылы мойын ойындысымен қосу.
    5. Жеңді қолтық ойындысымен қосу.
    6. Қалтаны бұйыммен қосу.
    7. Халаттың етек қиығын өңдеу.
    8. Түйме қадау.
    9. Дайын бұйымды үтіктеу.
  9. Қиық аттарын атаңыз.
    Иық қиығы, қолтық ойындысы, жан қиығы, мойын ойындысы, етек қиығы.
  10. Халатты қандай матадан тігеміз? Өндірістік және үй халаты маталарының айырмашылығы неде?
    Халат көбіне мақта матадан тігіледі. Өндірістік халат әдетте бір түсті (сәтен, бәтес, жібек т.б.), ал үй халаты әртүрлі өрнекті, суретті матадан тігілуі мүмкін.
  11. Жең сызбасын тұрғызуға қандай өлшемдер қажет?
    Қол орамы, жең ұзындығы, білек орамы.
  12. Жеңнің алды мен артын қалай айырамыз?
    Жеңнің алдыңғы бөлігі көбірек ойылады (тереңірек келеді).

III. Жаңа сабақ: сарамандық жұмыс

Бүгінгі жұмыс: жеңді қолтық ойындысына біріктіру. Сарамандық жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, оқушылар арнайы журналға қол қояды.

Қысқа сұрақ: киім пішіміне қарай жең түрлері

  • Қондырма жең
  • Алдыңғы және артқы бойы тұтас пішілген жең
  • Реглан жең
  • Кимоно жең

Жең пішімі жең мен қолтық ойындысының қосылу тәсілі арқылы анықталады.

Дәптермен жұмыс

Тақырып: Жеңді қолтық ойындысымен біріктіру.

Қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар

  • Тігін машинасы
  • Ине
  • Жіп
  • Жең
  • Бұйым (халат)
  • Үтік

Тапсырма

Жеңді қолтық ойындысына дұрыс қондырып, тігіс сапасын сақтай отырып біріктіру.

Назар аударыңыз

Қиық бойымен жұмыс істегенде белгіленген тігіс енін тұрақты ұстаңыз: 10–15 мм.

Жұмыстың барысы (қадамдар)

  1. Дайын жеңге бүрме түсіру үшін окат (иық тұсы) бойымен тігін машинасымен екі қатар көктеме тігіс жүргізіңіз.
  2. Жіп ұштарын сәл тартып, жең окатына қажетті мөлшерде бүрме жасаңыз.
  3. Жеңді қолтық ойындысына қиық шетінен 10–15 мм қалдырып қондыра көктеңіз.
  4. Көктемені үстінен тігін машинасымен түпкілікті тігіп шығыңыз.
  5. Уақытша көктеу жіптерін алып тастаңыз.
  6. Жеңді қондырып, қиықтарды торлап (өңдеп) шығыңыз.
  7. Тігістің жоғарғы бөлігін жең түбіне қарай жатқызып, үтіктеңіз.

Ескерту: Оқушылар қолтық ойындысының сызбасын (пішімін) дәптерге артынан салып алады.

Қорытынды

  • Салыстыра тексеру жүргізу (екі жеңнің симметриясы, қонымы).
  • Машина тігістерінің сапасын тексеру (тігіс ені, жіп керілуі, бүрменің біркелкілігі).
  • Қателіктерді анықтау және түзету жолдарын айту.

Бағалау

Орындалған жұмыстың дәлдігі, тігіс сапасы, қауіпсіздік ережесін сақтауы және жұмыс мәдениеті бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Жұмыста кеткен қателіктерді түзеп, жеңді қондыру кезеңін толық аяқтау.