Ана - барлығын жеңетін тіршіліктің бұлағы
Тәрбие сағатының мазмұны
Бұл мәтін — «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» тақырыбындағы мерекелік тәрбие сағатының сценарийі. Мақсаты — ананың мейірімі мен ұстаз еңбегін ұлықтау, қыз балаларға құрмет мәдениетін қалыптастыру, адамгершілік құндылықтарды нығайту.
Тақырыбы
Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды
Мақсаты
- Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру.
- Аналар мерекесіне орай аналарға, ұстаздарға және қыздарға құрмет көрсету.
- Мейірімділікке тәрбиелеу, аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге үйрету.
- Анаға және қыз балаларға құрмет көрсету мен сыйлай білу мәдениетін қалыптастыру.
Көрнекілігі
Аналар туралы қанатты сөздер, шарлар, аналардың портреттері, слайд.
Мерекелік ашылу сөзі
Құрметті ұстаздар, аяулы аналар, ару қыздар! Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, мол бақыт тілейміз!
Осы мерекеге орай 8-сынып оқушыларының «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты мерекелік іс-шарасын қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші
Ана… Үш-ақ әріптен құралған осы сөздің астарында үлкен мән жатыр. Тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің мөлдір бұлағы — Ана. Анадан қасиетті, киелі ұғым жоқ. Әлемге әйгілі ақын-жазушылар мен ғұламалардың өзі Ана жайлы тебіреніп, талай асыл сөз қалдырған.
2-жүргізуші
Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Халық даналығында ананы ардақтайтын небір асыл сөздер кездеседі. Әрбір ана шаңырағының шайқалмауын, отының өшпеуін, сәбиінің жыламауын, бейбіт күннің баянды болуын тілейді. Перзентін «асылым», «алтыным», «жұлдызым» деп әлдилейді, керек десең — жанын беруге даяр тұрады. Бұл — мейірімнің ұлы құдіреті.
Өнер бөлімі
- 1-оқушы: «Мама» әні
- 2-оқушы: «Анаға сәлем» әні
- 3-оқушы: «Ерке сылқым» күйі
- 4-оқушы: «Анама» өлеңі
Ананың орны туралы ой
Ана, Ана, Ана… Осы сөздің өзі адамға қандай күш береді! Дүниеде ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетсін?!
Дүниеге келіп, көзіңді ашып көретінің — Ана.
Орасақ та жәннат ішік, құндызға,
Баласақ та айға, күнге, жұлдызға,
Ана соның бәрінен де ардақты,
Одан асқан құдірет жоқ ұл-қызға.
Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, тебіренбейтін жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. «Меккеге анаңды үш рет арқалап апарсаң да қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз ананың қадірін ұғындыру үшін айтылса керек.
Ұстазға құрмет
1-жүргізуші
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздарымыз бізді жылдар бойы білім нәрімен сусындатты, хат танытты, еңбекке баулыды, әдептілікке үйретті. Сондықтан ұстаз-аналарымызға мың алғыс айтып, басымызды иеміз!
Өнер бөлімі
- 5-оқушы: «Ұстазым» әні
- 6-оқушы: Қазақ биі
- 7-оқушы: «Шеше, сен бақыттысың» өлеңі
2-жүргізуші
Иә, үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ананың мейірімі — көзінде, ықыласы — көңілінде, ақылы — сөзінде. Ана — барлық қиындықты жеңетін сарқылмас күш, тіршіліктің мәңгі бұлағы, бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірімді жан.
Келесі нөмірлер
- 8-оқушы: «Ана» әні
- Аудандық жарыстың жүлдегерлері «Ұлағат ұландары» КВН командасы: әзіл-сықақ көрінісі
- 9-оқушы: «Сәби ана» өлеңі
- 10-оқушы: «Ана туралы жыр» әні
- 11-оқушы: «Адай» биі
1-жүргізуші
Ана менің — жасыл бағым жайнаған,
Біз бағында асыр салып ойнаған.
Пәк жүрекпен жыр жазады перзентің,
Бар бақытты бір өзіңе сыйлаған.
Әжеге тағзым
2-жүргізуші
Әже дейміз бәріміз де аңқылдап,
Әже дейді жас сәби де жарқылдап.
Әже деген — бәйтерегі өмірдің,
Әже деген — алтын қазық, алтын бақ.
Немере үшін ең мейірімді жан — әже. Ендеше, әжелер, мерекелік ән-шашуымызды қабыл алыңыздар!
Өнер бөлімі
- 12-оқушы: «Асыл әжем» әні
Қорытынды сөз
Ана сүтінен жаралған,
Ақ сүтінен нәр алған —
Анаға бас иеміз!
Туған елдің тілі деп,
Туған жердің үні деп —
Анаға бас иеміз!
Бүгінгі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Аналарымызға, ұстаздарымызға мерекелік сыйлықтарымызды ұсынамыз.
Алтын уақыттарыңызды бөліп, зейін қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет!