Мағжан Мен кім

Сабақтың тақырыбы

Мағжан Жұмабаев – қазақ лирикасының Хантәңірі (қорытындылау сабағы).

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен шығармашылық қызметі туралы білімді толықтыру және пысықтау.

2) Дамытушылық

Студенттерді өзіндік ізденіске баулу; ой-өрісін, рухани дүниесін байыту; сөйлеу дағдыларын жетілдіру; шығармашылық қабілеттерін дамыту.

3) Тәрбиелік

Елжандылыққа, адамгершілікке, ана тілін құрметтеуге, әдебиетті сүюге және сұлулыққа құштар болуға тәрбиелеу.

Сабақтың форматы

Әдістер

  • Сұрақ-жауап
  • Өз бетімен жұмыс (сөзжұмбақ шешу)
  • Тест орындау
  • «Бес жол өлең» құрастыру

Ұйымдастыру

  • Сабақ түрі: бекіту сабағы
  • Пәнаралық байланыс: тарих
  • Көрнекіліктер: мультимедиялық слайдтар, аудио/бейне жазбалар, интерактивті тақта

Сабақтың барысы

А) Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында Мағжан Жұмабаевтың «Бәрінен де сен сұлу» өлеңі (ән нұсқасы) тыңдатылады. Талқылау сұрақтары:

  • Орындалған ән сіздерге таныс па?
  • Тақырыбы қандай?
  • Сөзі мен әнінің авторы кім?

Осылайша бүгінгі сабақ қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, сыршыл лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты білімді еске түсіріп, қорытындылауға арналады. Сабақ 3 топтың сайысы түрінде өтеді.

1) «Жарық жұлдыз» тобы

Ақынның өмір жолы туралы баяндайды.

2) «Талантты дарын» тобы

Өлеңдері мен лирикасының тақырыптық аясын талдайды.

3) «Қайталанбас тұлға» тобы

Поэмалары мен идеялық өзегін таныстырады.

I кезең — Өткенді еске түсіру

1

«Жарық жұлдыз» тобы: өмірі мен тұлғасы

Сұрақтар

  1. М. Жұмабаев кім? Ол қандай ақын?
  2. Өмірі: балалық және жастық шағы.
  3. Шығармашылығының басталуы.
  4. Ақындық жолы.
  5. Қоғамдық қызметі.

Негізгі жауап өзегі

Ақын өз болмысын «Мен кім?» өлеңінде танытады. Романтикалық пафос пен асқақ үн арқылы оның өз талантына, тағдырына және ақындық қуатына сенімі айқын көрінеді.

Өлеңнен үзінді

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? Көкте — бұлт, жерде — желмен гулеген, Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар? Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді. Өзім — патша, өзім — қазы, өзім — би, Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Өмірбаян деректері

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылғы 25 маусымда бұрынғы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Полуден болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан атындағы ауыл) текті, ауқатты отбасында дүниеге келеді.

Білім жолы

Төрт жасында хат танып, 1905 жылы Қызылжар медресесіне түседі. Араб, парсы, түрік тілдерін меңгеріп, 1910 жылы медресені жақсы бітіреді. Кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Омбы мұғалімдер семинариясында оқиды.

Қоғамдық-шығармашылық кезең

1916 жылы Омбы семинариясын аяқтап, елге оралады. Алаш қозғалысына қатысады, Ақмолада «Бостандық туы» газетінде редактор болады. 1922 жылы Ташкентте шығармашылықпен айналысып, «Шолпан», «Сана» журналдарында және «Ақжол» газетінде қызмет етеді.

Қуғын-сүргін

1923–1927 жылдары Мәскеуде жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерделейді. 1929 жылы «Алқа» ұйымына қатысты деген айыппен 10 жылға сотталады. 1936 жылы уақытша бостандыққа шыққанымен, 1937 жылы қайта ұсталып, 1938 жылы қаза табады.

2

«Талантты дарын» тобы: лирика әлемі

Сұрақтар

  1. М. Жұмабаевтың қандай өлеңдерін білесіздер?
  2. Ақын қандай тақырыптарға қалам тербеді?
  3. Бір өлеңін жатқа айтыңыздар.

Шығармашылық кеңдігі

1912 жылы Қазанда «Шолпан» атты алғашқы жинағы жарық көрді. Мағжан поэзиясында мұң мен толғаныс, өкініш пен күйініш, сонымен бірге романтика, өршілдік, махаббат, арман, мақсат, үміт қатар өріледі. Өлеңдерінде тарихты тану, ақиқатқа жету, болашақты болжау сарыны да бар.

Табиғат лирикасы

«Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Жел» өлеңдерінде табиғаттың әсемдігі, құбылыстардың көркем бейнесі және адам мен табиғаттың байланысы айқын суреттеледі.

Сондай-ақ «Түркістан», «Қазақ тілі» секілді шығармалар арқылы ақынның ұлт, тіл, рух туралы ойлары ерекше танылады. Сабақта «Қазақ тілі» өлеңін аудио жазбадан тыңдатуға болады.

Махаббат лирикасы

Ақынның жүректен туған үлкен бір саласы — махаббат лирикасы. «Гүлсімге», «Сен сұлу», «З-ға», «Р-ға» өлеңдері қазақ қыздарының сыртқы және ішкі сұлулығын нәзік сезіммен жырлайды. Бұған сабақ басында тыңдалған «Бәрінен де сен сұлу» ән-өлеңі дәлел.

Жастарға сенім

Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты — Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін. Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар. Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін. Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!

3

«Қайталанбас тұлға» тобы: поэмалар мен идея

Сұрақтар

  1. М. Жұмабаевтың қандай поэмаларын білесіздер?
  2. «Ертегі» поэмасындағы негізгі ой қандай?
  3. «Қорқыт» поэмасының мазмұны қандай?
  4. «Батыр Баян» поэмасында қандай оқиға баяндалады?

Белгілі поэмалары

«Батыр Баян», «Ертегі», «Қорқыт», «Жүсіпхан», «Тоқсанның тобы» поэмалары — ақынның ірі эпикалық мұралары. Поэмаларда әлеуметтік тартыс, сұлулық пен махаббат, ашу-ыза, табиғат сырлары, алауыздық, берекесіздік, өмір мен өлім мәселелері шебер өріледі.

«Ертегі» поэмасы

1926 жылы жарық көрген поэмада мысық пен тышқан арасындағы жанжал соғыс ертегі тілімен беріледі. Оқиға шығыстағы бау-бақшалы мекенде өтеді: масайраған тышқан мысықты тілдеп, соңы қақтығысқа ұласады. Ақыры тышқандар көптігін жасап, мысық патшасын тақтан түсіреді. Ақын бұл мысал арқылы қоғамдағы берекесіздік пен ала-құлалықты меңзейді.

«Қорқыт» поэмасы

Өлімнен қашқан Қорқыт туралы аңызға сүйене отырып, ақын «қанша қашсаң да, алдыңнан қабір шығуы мүмкін» деген философиялық түйін жасайды. Өмірдің ақыры — өлім, бұл — табиғат заңы екенін терең толғайды.

«Батыр Баян» поэмасы

XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ жаугершілігі суреттеледі. Батыр Баян қалмақ қызын алып келеді, алайда қыз Баянға көңіл бермейді. Баянның інісі Ноян қызға ғашық болып, екеуі елден қашады. Намыс пен ашу үстінде Баян Ноян мен қалмақ қызын атып өлтіреді. Поэмада кейіпкердің асау мінезі мен трагедиялық таңдауы, ниетінің тазалығы қатар ашылады. Сабақта фильмнен үзінді көрсетуге болады.

II кезең — Білімді сынау (сөзжұмбақ)

Әр топтың білімі сөзжұмбақ арқылы тексеріледі. Төменде сұрақтар мен күтілетін жауаптар берілген.

«Жарық жұлдыз» тобы

  1. «Шолпан» жинағының шығуына жәрдем еткен ұстаз, татар жазушысы: Ибрагимов
  2. Үзінді алынған өлең: «Жан сөзі»
  3. 1910 жылы оқыған медресе: «Ғалия»
  4. Ұлының есімі: Граждан
  5. «Мен кім?» өлеңіндегі теңеу (бірі): Тұлпар
  6. Ақмолада қызмет еткен газет: «Бостандық туы»

«Талантты дарын» тобы

  1. Қалам тартқан тақырыптарының бірі: Махаббат
  2. Үзінді алынған өлең: «Сағындым»
  3. Тіркестер кездесетін өлең: «Қысқы жол»
  4. Өлең тақырыбы: «Қазақ тілі»
  5. «Еңбекші қазақ» газетінің қазіргі атауы: «Егемен Қазақстан»
  6. 1923 жылы кітабы басылған қала: Ташкент

«Қайталанбас тұлға» тобы

  1. Поэмасы: «Жүсіпхан»
  2. «Батыр Баяндағы» қалмақ қызы: Сұлу
  3. Поэмадағы хан: Абылай
  4. Пікір білдірген башқұрт жазушысы: Сайфи Құдаш
  5. Өмір-өлім ақиқатын толғаған поэма: «Қорқыт»
  6. Қалам тербеген жанры: Поэзия

III кезең — Шығармашылық шыңдалу («Бес жол өлең»)

«Жарық жұлдыз» тобы

  • Зат есім: Ақын
  • Сын есім (2): Дарынды, талантты
  • Етістік (3): Жазады, жырлайды, толғайды
  • Синоним: Суырып салма
  • Сөз тіркесі: Ақын сөз бастар, батыр қол бастар.

«Талантты дарын» тобы

  • Зат есім: Суреткер
  • Сын есім (2): Талантты, шебер
  • Етістік (3): Салады, бейнелейді, өрнектейді
  • Синоним: Қиялшыл
  • Сөз тіркесі: Мағжан — сөзден бейне жасайтын шебер суреткер.

«Қайталанбас тұлға» тобы

  • Зат есім: Батыр
  • Сын есім (2): Қайсар, намысты
  • Етістік (3): Қорғайды, қамқорлайды, күреседі
  • Синоним: Ержүрек
  • Сөз тіркесі: Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді.

IV кезең — Білімді тиянақтау (тест)

Әр топқа 10 сұрақтан тест беріледі. 5 минут ішінде белгілеп, қарсы топпен алмасады. Жауап кілті арқылы бағаланады.

Уақыт: 5 минут
  1. Мағжан Жұмабаевтың өлеңін тап:
    A. «Гүлсімге» B. «Адамдық борышың» C. «Анама хат»
  2. «Батыр Баян» поэмасындағы Баянның бауыры:
    A. Жәнібек B. Ноян C. Абылай
  3. Өлеңдер жинағын ата:
    A. «Шолпан» B. «Маса» C. «Оян, қазақ!»
  4. Поэмасын көрсет:
    A. «Ескендір» B. «Қорқыт» C. «Күйші»
  5. Тұңғыш өлеңдер жинағы қай қалада басылды?
    A. Қазан B. Уфа C. Орынбор
  6. «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес» өлеңі кім туралы?
    A. Абай Құнанбаев B. Шоқан Уәлиханов C. Ыбырай Алтынсарин
  7. Үзінді кімнің, қай шығармасынан алынған? «Тұранның тарихы бар отты желдей, Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей...»
    A. М. Жұмабаев — «Түркістан» B. Ж. Жабаев — «Сұраншы батыр» C. Ш. Құдайбердіұлы — «Еңлік-Кебек»
  8. «Батыр Баян» поэмасындағы оқиға қай жерде болған?
    A. Жетісу B. Баянауыл C. Бурабай
  9. «Алаш деген елім бар, Неге екенін білмеймін, Сол елімді сүйемін...» өлеңінің тақырыбын тап:
    A. «Сүйемін» B. «Жас келін» C. «Тұтқын»
  10. «Тұтқын» өлеңін қай ақыннан аударған?
    A. Лермонтов B. Горький C. Пушкин

Тест жауаптары (кілт)

1. A
2. B
3. A
4. B
5. A
6. A
7. A
8. C
9. A
10. A

Сабақты қорытындылау

«Мағжан Жұмабаев — қазақ поэзиясының Хантәңірі» тақырыбында біз ақынның өмірі, өлеңдері және поэмалары бойынша білімді қайта жаңғыртып, әртүрлі сұрақтарға жауап іздедік. Мағжан — ірі лирик ақын ғана емес, аудармашы, ұстаз-ғалым. Ол ондаған поэма, жүздеген лирикалық өлең жазып қана қоймай, оқытушылық қызметті қатар атқарып, педагогикаға қатысты тұңғыш оқулықтар қалдырды.

Педагогикалық еңбектері

  • «Педагогика» (1922)
  • «Бастауыш мектепте ана тілі» (1925)
  • «Сауатты бол» (1926)

Тіл мен терминология

М. Жұмабаев педагогика саласына қатысты көптеген жаңа терминдерді ұсынды және оларды қазақ тілдік қолданысына енгізді.

Тәрбиенің 4 бағыты

Ол тәрбиені дене, жан, ақыл, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі деп төртке бөледі.

Мағжанның тәрбиелік тұжырымы (негізгі ой)

Егер адам баласына осы төрт тәрбие тең берілсе, оның тәрбиесі толық болады. Бала берік денелі, түзік ойлайтын, дұрыс шешетін ақылды, сұлу сөз бен әсем әуеннен ләззат алатын, жамандықтан жиреніп, жақсылықты тілейтін мінезді болса — шын мәнінде дұрыс тәрбие алған адам.

«Баланы келешек заманына лайық қылып шығару» арқылы М. Жұмабаев тәрбиенің мақсат-міндетін айқындап береді.

Бағалау

Қойылған бағалардың сапасына қарай топтарға орын беріледі.

Үй тапсырмасы

«Әдебиет шыңындағы шынар» тақырыбында шығарма жазу.

Қорытынды ой: тәрбиелі де білімді азамат болу — Мағжан мұрасын танудың да, бүгінгі сабақтың да түпкі мәні.