Қызықты математика бағдарламасының жоспары
Бағдарлама
«Қызықты математика»
Сынып
2-сынып
Жүктеме
Аптасына 1 сағат
Жалпы көлем
34 сағат
Түсінік хат
Кез келген пәнді, соның ішінде бастауыш мектептегі математиканы оқыту арнайы мақсатты көздейді. «Қызықты математика» оқу бағдарламасы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналып құрастырылған және математика пәніне қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Бағдарлама мазмұнына математиканың шығу тегі туралы қысқаша мәліметтер, математикалық ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, сиқырлы кестелер, логикалық есептер және әзіл есептер енгізілді. Нақты тақырыптар күнтізбелік жоспар арқылы айқындалады.
Қазіргі білім беру талаптарына сай бұл курс оқушылардың ойлау мәдениетін дамытуға, байқағыштыққа, талдауға, салыстыруға, талқылауға және қорытынды жасауға үйретеді. Оқушылар өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, шығармашылық ізденіске бейімделеді.
Негізгі құралдар
- Математикалық ертегілер — қызығушылықты арттырып, қиялды дамытады; бірлікке, достыққа тәрбиелеп, жағымсыз әдеттерден (мақтаншақтық т.б.) сақтандырады.
- Жаңылтпаштар — шапшаңдыққа, анық сөйлеуге, ептілікке тәрбиелейді және пәнге қызығушылықты күшейтеді.
- Логикалық есептер — логикалық ойлауды, тапқырлықты, математикалық қырағылықты дамытып, қабілетті оқушыларды анықтауға көмектеседі.
- Мақал-мәтелдер — тіл байлығын арттырып, ойды жинақтауға, ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді.
Шығармашылық және тілдік дамытушы тапсырмалар
- Математикалық жұмбақтар — тапқырлықты, дүниетанымды дамытып, көзқарасты қалыптастыруға үйретеді.
- Шығармашылық тапсырмалар — теорияның жаңа қырларын ашуға, пікір айтуға және табылған мәліметтер негізінде қорытынды жасауға дағдыландырады.
- Ребустар мен сөзжұмбақтар — ұшқыр ойды дамытып, өздігінен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады; оқушы құрастыру арқылы тереңірек меңгереді.
- Талдау және талқылау — қиындықтарды жеңуге, байқағыштыққа, салыстыруға және дәлелді қорытынды жасауға үйретеді.
Алғы сөз
Оқушылардың математикалық ой-өрісін дамыту және пәнге қызығушылығын ояту — математикадағы негізгі мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасының білім беру саясатын айқындайтын мемлекеттік құжаттарда (Білім туралы заң, білім стандарттары және т.б.) оқыту үдерісін дамытушылық сипатта, шығармашылық іс-әрекет негізінде ұйымдастыру қажеттігі ерекше атап көрсетіледі. Бұл — қазіргі заман талаптарының оқушының шығармашылық қабілетін және білім алудағы дербестігін жүйелі түрде дамыту міндетін алға қоюымен байланысты.
Осыған орай бастауыш сынып оқулықтарына стандарттан тыс, әртүрлі бағыттағы белсенді шығармашылық ізденісті талап ететін жаттығулар енгізілуде. Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту күнделікті өмірмен, тұрмыспен, тәрбиемен және жан-жақты дамытумен тығыз байланыста жүргізіледі. Сондықтан математика сабақтары ғылыми көзқарастың негіздерін қалыптастыруға, танымдық қабілеттерді дамытуға және ақыл-ойды шыңдауға ықпал етеді.
Пәнге қызығушылықты арттыру үшін қызықты тапсырмалар мен математикалық ертегілерді, жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, сиқырлы кестелерді және логикалық есептерді жүйелі қолдану маңызды. Бұл бағдарлама бастауыш сынып мұғалімдеріне оқушылардың шығармашылық қызметін ұйымдастыру мен басқаруда тірек болатын идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі әрі танымдық дербестікті дамытуға бағыт береді.
Бағдарлама оқушылардың математикалық мазмұнды тиянақты әрі терең меңгеруіне елеулі ықпал етеді деп сенемін.
Пәнаралық байланыстар
Математиканы оқыту үдерісінде балалардың білімі мен білігін, танымдық қабілеттерін дамыту үшін пәнаралық байланысты жүйелі түрде жүзеге асыру қажет. Бұл курста төмендегі байланыстар қарастырылады.
Математика және қазақ тілі
- Грамматикалық және математикалық ережелерді орынды қолдану.
- Математикалық терминдер арқылы сөздік қорды байыту.
- Сөйлем құрастыруда үлгілеуді (модельдеуді) пайдалану.
- Сөйлемдегі сөздер байланысын сызба арқылы көрсету.
- Ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамыту, математикалық тіл қалыптастыру.
Математика және әдебиет
- Көркем шығармаларды сұрыптау, ортақ және дербес белгілерін салыстыру, теңеулерді қолдану.
- Халық ауыз әдебиеті үлгілерін (жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, қаламақ, мақал-мәтел, ойын өлеңдері т.б.) сабақта пайдалану.
- Мазмұн арқылы баланың ішкі сезіміне әсер етіп, танымдық қызығушылығын күшейту.
- Ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбие материалдарын математика мазмұнына кіріктіру.
Математика және дүниетану
- Құбылыстарға дәл әрі әділ баға бере білу.
- Өзіндік пікір айту, дәлелдеу, өз көзқарасын білдіру.
- Есеп мазмұны арқылы қоршаған ортамен және табиғатпен байланыс орнату.
- Жинақталған деректер мен мағлұматтарды математика сабақтарында қолдану.
Математика және бейнелеу өнері
- Түсіне, пішініне, өлшеміне қарай салыстыру; кеңістік туралы түсінік қалыптастыру.
- Геометриялық фигуралардан адам, жануар бейнелерін құрастырып/сала білу.
- Көркем сурет арқылы сезім мен көңіл күйді ояту, дамыту.
Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан.
Барлық ғылым саған үйір болады,
Досың солар — табылатын қасыңнан.
Меңгеру деңгейіне қойылатын талаптар
-
1-талап
Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады. Балалардың терең ойлауын дамытып, өз ойын еркін жеткізуге үйренеді.
-
2-талап
Тапсырмалардың күрделену деңгейіне сәйкес оқушының ойлау қабілеті артады.
-
3-талап
Оқушылар ұшқыр ойға, тапқырлыққа бағытталады. Бағдарламадағы әр сабақ ойлау мен қиялды дамытады.
Автор туралы
Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, №3 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Кеншілік Гүлбаршын.