Күрделі етістікті тап

Сабақ жоспары Бастауыш сынып Қайталау сабағы

Мұғалім: Дамира Избасарова

Тақырыбы: Сөз таптарын қайталау

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Сөз таптары туралы білімді нығайту және ұғымды жетілдіру.
  • Сөздерге дұрыс сұрақ қою арқылы сөз таптарын шатастырмай ажыратуға үйрету.
  • Қатесіз әрі көркем жазуға дағдыландыру.

Дамытушылық

  • Сурет, сұрақ-жауап арқылы сөздік қорды және тіл байлығын дамыту.
  • Шығармашылық тапсырмалар арқылы ойлау қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Сөзге сұрақ қоя білуге және нақты жауап беруге тәрбиелеу.
  • Тазалықты сақтауға, жауапкершілікке, ұжыммен жұмыс істеуге баулу.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Түсіндіру Әңгімелеу Баяндау Талдау Ассоциация Венн диаграммасы

Көрнекіліктер

  • Сөз таптарының ережелері
  • Суреттер
  • Сөзжұмбақ
  • Венн диаграммасы
  • Үлестірмелі материалдар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі (қызығушылықты ояту)

Ширату өлеңі

Орнымыздан тұрайық,

Мойнымызды бұрайық.

Амандасып алайық:

Амансыз ба, достарым,

Амансыз ба, мұғалім?

Білгір қазақ баласы —

Сәлем сөздің анасы.

Топқа бөлу

Оқушыларды түстер арқылы топтарға бөлу.

Қызыл топ Сары топ Жасыл топ Көк топ

II. Мағынаны тану

Сөзжұмбақ шешу арқылы өткен сабақты қайталау және үй тапсырмасын тексеру. Тірек ұғым: сан есім.

III. Көркем жазу минуты

Бағдарлау өлеңі

Дәптерімізді ашайық,

Қолға қалам алайық.

Салақтықтан қашайық,

Көркем етіп жазайық.

Жазылым үлгісі

Тоғыз, тоқсан, төрт, тоғыз жүз тоқсан төрт.

Мақсат: дұрыс жазу, тыныс белгілерін сақтау, ұқыптылық.

IV. Ой қозғау

  • Допты көрсетіп, сұрақтар қою арқылы сөз таптарын анықтау.
  • Әр топқа бір сөз табының атауын беру.
  • «Бәйге» ойыны: әр топ өз атауын қорғап, ережелерді еске түсіріп айтады.
  • Жауаптар ұпай санына қарай бағаланады.

V. Оқулықпен жұмыс

1-жаттығу

Жақшадағы сөздерге тиісті тәуелдік жалғауын жалғап, алдындағы сөзбен байланыстырып жазу.

Негізгі ұғым: зат есімнің тәуелденуі

Зат есімнің тәуелденуі — заттың біреуге тән екенін білдіруі. Зат есім үш жақта, жекеше және көпше түрде тәуелденеді.

Тәуелдік жалғаулары: -м, -ң, -і, -сы, -сі, -ің, -ың, -іңіз, -ыңыз.

2-жаттығу

Ребусты шешіп, шыққан сөзді жекеше және көпше түрде тәуелдеп жазу.

Шешуі: Қарындас

VI. Сергіту сәті

«Сен маған, мен саған» ойыны

Мұғалім мақал-мәтелдің басын айтады, оқушылар жалғастырады.

Қимыл-қозғалыс нұсқауы

1, 2, 3 — қарлығаш болып ұш!

4, 5, 6 — қарлығаш болып шалқы!

7, 8, 9, 10 — қарлығаш болып қон!

4-жаттығу

Өлеңді оқып, туынды етістіктерді табу, сөз құрамына талдау жасау және олардың қай сөз табынан жасалғанын айту.

Мысал: бұзауладыбұзау (зат есім)

VII. Ой толғау

«Сандар сөйлейді» ойыны: 1, 9, 1991, 2017 сандарының маңызды оқиғалармен байланысын талқылау. Әр топ өз ойын ортаға салады.

VIII. «Сәйкестендір!» ойыны

5-жаттығу

Зат есімді етістікпен сәйкестендіріп, сөйлем құрау. Сөйлемнің түрін анықтау және етістіктің сөйлемдегі қызметін айту.

Нәтиже: жалаң сөйлем.

6-жаттығу

Негізгі сын есімдерге берілген жұрнақтардың тиістісін жалғап, сөйлемдер құрау. Жұрнақ жалғанғанда сын есімнің мағынасы қалай өзгеретінін байқау.

IX. Сабақты бекіту (тест)

  1. 1. Заттың атын білдіретін сөз табы қалай аталады?

    A) Сын есім    Ә) Сан есім    Б) Етістік    В) Зат есім

  2. 2. Мына сөздер қай сөз табына жатады: бес, жеті, отыз төрт

    A) Сын есім    Ә) Сан есім    Б) Етістік    В) Зат есім

  3. 3. Заттың қимылын білдіретін сөз табы қалай аталады?

    A) Сын есім    Ә) Сан есім    Б) Етістік    В) Зат есім

  4. 4. Мына сөздер қай сөз табына жатады: қара, қоңыр, таза, ұқыпты

    A) Сын есім    Ә) Сан есім    Б) Етістік    В) Зат есім

  5. 5. «Дәптер» сөзіне қандай көптік жалғауы жалғанады?

    A) –лар    Ә) –лер    Б) –дар    В) –тер

  6. 6. Жалқы есімді тап.

    A) сырға    Ә) асық    Б) Ақтөбе    В) қалам

  7. 7. Жалпы есімді тап.

    A) Қазақстан    Ә) қасық    Б) Ақтөс    В) Елек

  8. 8. Күрделі етістікті тап.

    A) ойнады    Ә) жазды    Б) келді    В) бара жатыр

  9. 9. Заттың ретін білдіретін сан есімді тап.

    A) он    Ә) жиырма екі    Б) екінші    В) бес жүз

  10. 10. Дұрыс байланысқан сан есім мен зат есімді көрсет.

    A) үшеу терезе    Ә) екі түйе    Б) қақпаға алтыншы    В) алтау дәптер

Өзін-өзі бағалау шкаласы

  • 10–9 балл — «5»
  • 8–6 балл — «4»
  • 5–3 балл — «3»
  • 2–0 балл — «2»

X. Сабақты қорытындылау

Әр топ «топтастыру» стратегиясы бойынша сөз таптары туралы білетіндерін жинақтап, қорытынды жасайды.

XI. Үй тапсырмасы

8-жаттығу.

XII. Бағалау

Топтар алған фигураларына байланысты бағаланады. Жеке оқушылардың жұмысы да ескеріледі.

Қоштасу

Орнымыздан тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.