Өтті сенде қызық шағым, Бастауышым - бал бұлағым

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Бастауыш сыныпты аяқтауды салтанатты түрде атап өту, түлектердің мектептегі алғашқы кезеңін құрметпен қорытындылау.

Міндеттері

  1. Еліміздің тәуелсіздігінің 24 жылдығы қарсаңында бастауыштан орта буынға өтетін кезеңді есте қаларлықтай өткізуге жағдай жасау.
  2. Білімнің сара жолы мектептен басталатынын, білімнің өмірге есік ашатынын сезіндіру; оқушылардың өнері мен білімін ортаға салуға мүмкіндік беру.
  3. Ұстазға, ата-анаға, мектепке және бір-біріне деген құрметке тәрбиелеу.

Кештің барысы

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші:

Армысыздар, жаны жайсаң қазақ елі!

2-жүргізуші:

Қайырлы күн, қарыштаған Қазақстан! Асқақтаған ауылымның жұртшылығы!

1-жүргізуші:

Бүгін Қаракөл мектебінде дүбірлі той! Көз салып қараңызшы бойымызға, ортақ боп бүгінгі ойымызға. Қош келдіңіздер, ұстаздар мен ата-аналар, бастауышпен қоштасу тойымызға!

2-жүргізуші:

Қош бол, құтты бастауыш! Алғысым көп менің. Ақыл-білім, тәрбиеңді ой-санаға еккенің.

Төрт жылға толы үлкен қадам

Бүгінгі күн бәріміз үшін ерекше. Төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кішкентай бүлдіршіндер енді бойы да, ойы да өсіп, бастауыш білім сатысынан орта буынға қадам басқалы отыр.

Түйін:

  • Бастауыш — білімнің іргетасы.
  • Ұстаз — бағыт берер шамшырақ.
  • Ата-ана — тірек пен мейірімнің қайнары.

Бал күлкілі балалық шақ — ғажайып өмірдің бастауы. Бүгін сол балғын шаққа із қалдырған бастауышпен қоштасып, бір белеске есейіп барамыз.

Мектеп туралы жырлар

«Білімнің қайнар бұлағы, өнердің жарық шырағы» — мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Төменде оқушылардың мектепке арнаған өлеңдері берілді.

Перизат

Мектеп деген білім кені, жыр кені, Мектеп деген ғылымның ең үлкені. Мектеп деген тәрбиеші адамға, Мектеп деген даналардың мекені.

Нұржайна

Мектебім — білім берер алтын ұям, Ер жетіп, сенде сөзім артты, санам. Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай, Әрқашан қасиетті атың маған. Арада өтсе дағы дүркіреп жыл, Әр күнің балалықтай бір жүрек бұл. Өзіңе борыштармын өмір бойы — Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

Ғазиза

Армысың сен, алтын ұя мектебім, Саған айтар жыр-алғысым көп менің. Жүректерге жаққан білім шырағын, Мақтан етем сені мәңгі, мектебім. Ұлылықты ардақ тұтар үнемі, Алтын ұя, ақ босаға — киелі. Қанат қаққан білім алып өзіңнен, Күллі шәкірт саған басын иеді.

Сыйлық

Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық, Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып. Сүйкімді сенің күміс қоңырауың, Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

Асланбек

Мектеп — үйім, ұстазым менің — ата-анам, Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам. Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек, Тамырланып, сан тарапқа тараған.

Назерке

Мектебім — сүйікті мектебім, Бауырыңда түлеймін, көктеймін. Сен — бұлақ, мен — қайың бүр ашқан, Өзіңнен нәр алып көктедім.

Нұрислам

Мектеп — кеме, білім — теңіз, Барар жерге тез жетеміз. Төрт жыл алған білім нәрін, Азық етіп ер жетеміз.

Ән

Мектебімізге арнап Бота Бисенова апамыздың «Мектеппен қоштасу» әні орындалады.

Ұстазға тағзым

Ұстаз еңбегі — ұлы еңбек. Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген өсиетінде терең мән бар.

Нұржайна

Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді, Бар асылын бізге жиып, мол береді. Қанатымен су себелеп асыл жан, Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

Перизат

Тек үйреттің әділдікті, адалдықты, Жирендік, ажыраттық жамандықты. Жалғастырар ақ жолың сенің салған, Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.

Ғазиза

Жарық күннен жылы жүзің елестер, Құлағымда өзің берген кеңестер. Жанарымда алыс тартқан қара жол, Көз жұмсам да көре тұғын белестер.

Сыйлық

Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай, Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай? Мейірлене қарап қойып біздерге, Күн астынан сабақ беріп тұрғандай.

Құндыз

Ұстазым! Өзің едің асқақ әнім, Басталған ақ батаңнан жас талабым. Ұғындым ұлылықтың, даналықтың, Ұстаздың ұлағатынан басталарын.

Ерасыл

Мұғалім — ұстазысың балалардың, Болашақ ғалымдардың, даналардың. Өмірде сенің алар орыныңа, Бірі де жеткізе алмас бағалардың.

Би

«Матрешки» биі орындалады.

Ән

«Ұстазға мың тағзым» әні орындалады.

Марапаттау: номинациялар

Шексіз алғысымызды білдіре отырып, ұстаздарымызды әртүрлі номинациялар бойынша дипломдармен марапаттаймыз.

Ең көрікті де ақылды басшы

«Тәртіп пен мәдениеттің символы» — мектеп директоры Гүлмира Бахтыгерейқызы марапатталады.

Ардақты ұстаз

«Әліппеден бастап жетелеген» — алғашқы ұстаз Орынгүл Хисақызы марапатталады.

Кең пейілді, ұлағатты ұстаз

4-сынып жетекшісі Балжан Сейфуллақызы марапатталады.

Мейірімді ұстаз

Маншүк Сарсенғалиқызы марапатталады.

Шебер ұйымдастырушы

Айгерім Құбайдоллақызы марапатталады.

Бастауышпен қоштасу: оқушылар үні

Төрт жыл бұрын алты жастағы бүлдіршіндер сөмкесін зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттады. Бүгін олар сауатын ашып, білімнің негізін қалаған бастауышпен қоштасып, орта буынға қадам басқалы тұр.

20-оқушы

Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз, Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз. Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде, Қайталап атымызды сұрасқанбыз.

21-оқушы

Әр үйдің ерке өскен тентегі едік, Ақылға келе алмадық ерте көніп. Бойымыз бірте-бірте үйренісіп, Мектептің ережесін үйрендік кеп.

22-оқушы

Өмірдегі жолымды бір өзіңнен бастадым, «А» әрпін алғаш сеннен бастадым. Ұстазым, естен кетпес мәңгілікке, Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.

23-оқушы

Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз, Бір мектептің ұлы менен қызымыз. Бірдей өстік оқуда да, еңбекте, Күліп-ойнап бірімізбен біріміз.

24-оқушы

Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма? Бастауышта айтылмаған сыр бар ма? Бастауышта алған білім, жырларым, Азық болар мәңгі талай жылдарға.

25-оқушы

Бастауышым — бал бұлағым, Алдым сеннен балдың дәмін. Әріп танып, білім алып, Рақметімді жаудырамын.

26-оқушы

Бастауышым — балбұлағым, Лаулап жанған шамшырағым. Өзің берген біліміңмен, Самғап ұшар тау қыраның.

27-оқушы

Өтті сенде қызық шағым, Бастауышым — бал бұлағым. Қоштасар күн жетті міне, Қимастықпен қол бұлғаймын.

Ұстазға сөз

Жүргізушілер ұстаздарға сөз кезегін береді: ақ тілектер мен бата-өсиет айтылады.

Би

«Чунга-Чанга» биі орындалады.

Қысқа сәт

Бұл бөлім — балалардың ортақ қуанышы мен қимастық сезіміне толы естелік сәт.

Ата-анаға алғыс

Жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып жүрген — ата-анамыз. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін болып жүруі де сол кісілердің арқасы.

Нұржайна (әке туралы)

Ыстық-ау кім-кімге де әке деген, Суыққа шалындырмай мәпелеген. Өмірдің соқпағымен өрге тартып, Алдымен адам бол деп жетелеген. Әкешім, тілеуімді тілеп жүрген, Аумайсың жарығы мол ашық күннен. Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін, Ақылды балаларың оны білген.

Ғазиза (ана туралы)

Дүниеге әкелген — ол да сенің анашың, Ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анашың. Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анашың, Мәпелеген баласын, аман болсын анашым! Кеудемнен сезім селі ақтарылсын, Болармын күні ертең-ақ мақтанышың. Білім алып, тер төгем, еңбек етем, Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

Ән және құттықтау

«Ана-әке» әні орындалады. Одан кейін ата-аналарға құттықтау сөз беріледі.

Соңғы қоңырау

Қоңырау үні күмбір қағып, үндер тынады. Зымырап өте шығар бала күндер. Шәкірттерін шығарып сап тұрған ұстаздардың жанарында қимастық та бар.

Ән

«Соңғы қоңырау» әні орындалады.

Соңғы қоңырау соғылады.

Қорытынды

Қоштасу сөзі

Өтті қызық шағым, бастауышым — балбұлағым. Қоштасар күн жетті міне, қимастықпен қол бұлғаймын! Қош бол, сүйікті бастауышым!

Тілек

«Жұлдызыңды жақ!» — бұл сөз түлектерге арналады. Ұстаздарыңыз да, мектебіңіз де сіздерге әрдайым тілекші. Жолдарыңыз ашық болсын, бастауыш сынып түлектері!