Оқитын кітап
Мақсаты
- Оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру.
- Кітап пен сазды әуен арқылы мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу.
- Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен балаға сенімді серік болар кітап оқуға баулу.
Көрнекілігі
Кітап көрмесі
«Кітап — өлмейтін дүние»
Қанатты сөздер
Кітап туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
Кітап тарихы: алғашқы кітаптар қалай жасалды?
Кітапханашы: Қайырлы күн, құрметті оқушылар мен ұстаздар! Бүгінгі ауызша журналымыз ақыл айтатын адал досымыз — кітап туралы. Қазіргі кітаптардың түп атасы қашан және қайда пайда болғанын білесіздер ме?
Алғашқы кітаптар осыдан мыңдаған жыл бұрын Вавилон, Ассирия және өзге көне өркениеттерде жасалған. Ол кезеңде кітап бүгінгі дәптеріміздей қағаздан емес — балшықтан жасалды. Жұмсақ балшықтан қыш тақтайша құйып, бетіне үшкір таяқшамен таңба түсірген, кейін кептіріп, отқа күйдірген. Күйген кірпішке ұқсас осындай тақтайшалардан тұтас кітапхана қорлары да жинақталған.
Қытай
Алдымен бамбуктан жұқа таяқшалар дайындап, соған жазған. Таяқшаларды жіпке тізіп қойған. Кейінірек жібек мата қолданылды. Біздің заманымыздың II ғасырында қағаз пайда болды.
Ежелгі Египет
Жазуды тасқа қашап түсірген. Кейін папирусқа жазды: қамыс тәрізді өсімдіктің жапырағын нығыздап, беттерін желімдеп, ұзын шиыршық етіп жасаған.
Грекия мен Рим
Папирус пен пергамент қымбат болғандықтан, бетіне балауыз жағылған тақталарға үшкір таяқшамен жазған. Осылайша кітап бүгінгі қалпына жету үшін талай ғасырдан өтті.
Пергамент деген не?
Біздің заманымыздың II ғасырында Пергам патшалығында жазуға арналған жаңа материал — пергамент пайда болды. Ол жануар терісінен дайындалған. Пергам патшалығы б.з.д. 283–133 жылдар аралығында Кіші Азияның солтүстік-батысында өмір сүріп, Рим ықпалында болған.
Кітап — біздің досымыз
Өлең жолдары
Адамның досы — кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған дүние-мүлкі.
Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы,
Асыл ой қазынасы, өмір көркі.
Түлекті тәрбиелер кітап — мектеп,
Өседі сол кітаптан бұтақ көктеп.
Молайтып ақылыңды сан еселеп,
Береді білім нәрін кітап көптеп.
Кітаптар — бейне жапырақ, жырлайтын сырын өмірдің.
Оқисың кейде жаттап, көтеріп күйін көңілдің.
Елімізде де атақты ғалым ата не тапты?
Бәрін-бәрін білесің, оқи берсең кітапты.
Кітап баспасы: баспа ісінің қысқаша шежіресі
Кітап сөзі араб тілінде «жазу» мағынасын береді. Кітап — рухани қазына, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу мен тәрбиенің құралы.
Ертеде кітап жазу құпиясын көбіне дінбасылар мен монахтар ғана білген. Сондықтан әлемдегі көне кітаптардың қатарында Таурат, Конфуций ілімдері, Авеста, Інжіл, Құран секілді мұралар аталады.
Әлемдік баспа дамуы
- Алғашқы баспа үлгілері ағаш қалыппен басуға негізделді.
- XI ғасырда каллиграфиялық қалыптар кең тарады.
- 1045 жылы Қытай өнертапқышы Би Шэн құймалы әріптерді жасады.
- XV ғасырда неміс өнертапқышы И. Гутенберг баспа станогын жасады.
- Ресейде 1564 жылы Мәскеуде Иван Федоров пен Петр Мстиславец тұңғыш басылымды шығарды.
Қазақ кітап баспасының қалыптасуы
- IX ғасырда араб тілінде жазылған мұралар қатарында «Оғызнама», Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегі бар.
- 1800 жылдардан бастап қазақ тіліндегі кітаптар жарық көре бастады.
- ҚазАССР құрылғаннан кейін 1920 жылы 3 қарашада Орынборда Қазақ мемлекеттік баспасы туралы ереже бекітілді.
- Қазақ тілінде кітап шығару ісіне Татарстан мен Өзбекстанның прогресшіл басшылары да қолдау көрсеткен.
Талқылауға арналған сұрақтар
- 1.Оқу-білімге қатысты қандай мақал-мәтел білесіңдер?
- 2.«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген сөзді қалай түсінесің?
- 3.Еліміздегі қандай ірі баспаларды білесіңдер? (Жазушы, Атамұра, Рауан, Жібек жолы, Білім және т.б.)
- 4.Қазіргі кезде оқушылар арасында кітап оқуға қызығушылық төмендеп бара жатыр. Оған не себеп деп ойлайсың?
- 5.Ұялы телефонға күніне қанша уақытың кетеді? Сол уақыттың бір бөлігін кітап оқуға бөле алар ма едің?
- 6.Өзіңе ұнаған бір оқулықты сипаттап бер.
Кітап туралы не білеміз?
Адамзат дамуының көптеген жетістігі кітап өнерінің дамуымен тікелей байланысты. Кітап — білім бұлағы, даналықтың қазынасы. Оған жететін құндылық аз.
Ең ірі сөздіктер мен энциклопедиялар
Әлемдегі ең үлкен сөздіктердің бірі — Неміс сөздігі. Оны Якоб пен Вильгельм Гримм 1854 жылы бастап, кейінгі төрт-бес ұрпақ жалғастырды. Еңбек 1971 жылы аяқталды. Сөздік 33 томнан тұрады, 34 519 бет қамтиды.
Ең үлкен энциклопедиялардың бірі — Суретті еуроамерикандық әмбебап энциклопедия. Басылым 105 мың бетке жуық; 1983 жылдың тамызында 104-томы жарық көрген.
Неліктен сөздік пен энциклопедия керек?
Кітапханашы: «Кітапты мұқият оқы, зейін салып оқы, асықпай оқы» деген сөздерді жиі естиміз. Ал кез келген жерінен бастап оқуға болатын кітаптар да бар — олар сөздіктер мен энциклопедиялар.
Адам барлық дерек пен датаны есінде сақтай алмайды. Сондықтан нақты сұраққа жауап табу үшін осы кітаптарға сүйенеміз. Мұндай басылымдар «артық ештеңесі жоқ, бірақ керегі көп» қазына деуге лайық.
Сөздік пен энциклопедияның айырмашылығы
Сөздік
Мағынасы ашылып түсіндірілген, қажет болса басқа тілге аударылған, әліпби ретімен берілген сөздер жиынтығы.
Энциклопедия
Заттарды, құбылыстарды, ұғымдарды сипаттайды; мәліметтер әдетте тақырып бойынша топтастырылады.
Мысалы, жылқы туралы деректерді (тұқымы, қолға үйретілуі, пайдасы) энциклопедиядан табамыз. Ал «ат» пен «жылқы» сөздерінің мағыналық айырмасын анықтауда сөздік көмектеседі.
Сөздіктердің түрлері
Қызыл кітап туралы
Қызыл кітап — сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің саны мен қазіргі жай-күйін көрсететін ресми құжат. Қазақстанның Қызыл кітабында сирек және жойылып бара жатқан жабайы омыртқалылардың 87 түрі және өсімдіктердің 303 түрі туралы таралуы, саны, биологиясы жөнінде мәлімет беріледі.
Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктердің 16 түрі Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында тіркелген. Сонымен қатар Алтай ботаника бағының ғылыми қызметкері, б.ғ.к. Ю. А. Котухов зерттеулері нәтижесінде сирек, осал және жойылып бара жатқан мәртебедегі тағы 50 түр анықталған.
Неге қорғау маңызды?
Адамдар мыңдаған жылдар бойы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін пайдаланып келді. Бірақ табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің тіршілік ету жағдайына да әсер етті. Антропогендік ықпал салдарынан кейбір түрлердің жойылу процесі басталды.
Ғылыми-техникалық прогресс табиғатқа ықпал ететін қуатты құралдар берді. Олар пайдалы да, зиянды да болуы мүмкін. Кейде түсінбеушіліктен, кейде немқұрайдылықтан табиғатты қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет екенін ескермей жатамыз: орман орнындағы күйген түбірлер, су шайған тау беткейлері, ағаш ағызудан ластанған өзендер — мұның бәрі бағалы түрлердің құрып кетуіне әкеледі.
Табиғатта пайда болған әрбір түр бірегей және қайталанбайды. Сондықтан оның жойылуы — орны толмас жоғалту. Бұл қауымдастық тұтастығы мен табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына соқтырады. Сол себепті табиғатты қорғау бүгінде әлемдік деңгейдегі маңызды мәселе.
Мақал-мәтелдер: «Кітап» тақырыбы
Кітап — алтын қазына.
Кітап — алтын сандық: іші толған қазына, құт.
Оқы, оқы, ойыңа тұт.
Кітап — білім бұлағы, білім — өнер шырағы.
Кітап — ғалым, тілсіз мұғалім.
Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан.
Кітап — қаймақ, білім — оймақ.
Кітап — оқығандікі, білім — тоқығандікі.
Қорытынды
Әңгімемізді Қымбат Әбілдақызының «Кітап оқы!» атты өлең жолдарымен түйіндейік.
«Кітап оқы!»
Көбің, достар, білім үшін емес,
Оқисыңдар баға үшін.
Айтайын бір ақыл-кеңес:
Кітап керек сана үшін.
Кітап, шіркін, бұлақ аққан,
Шөл мейіріңді қандыратын.
Болашағың — бұла ақ таң,
Жан отыңды жандыратын.
Білім, өнер, өркениет —
Бәрі-бәрі кітапта.
Адамшылық, көркем ниет,
Жазылған тек кітапқа.
Кітапты көп оқыңдар,
Ақыл-ойын халықтың.
Ал баға үшін оқығандар,
Бойға не сый дарыттың?
Жолсыз жерде жол табарсың,
Оқығаның түсіп еске.
Кітап оқы таңдап, талғап,
Жаның байып, жол ашылар.
Кітап — өмір бағдаршамы,
Жолың болсын, жолаушылар!