Қан айналымының жалпы желісі.

5.1. Қан айналымының жалпы желісі

Қан өзіне тән физиологиялық қызметтерін тек бір жағдайда — тоқтаусыз айналымда болғанда ғана толық атқарады. Қанның қан тамырларымен үздіксіз қозғалуы қан айналым жүйесі мүшелерінің үйлесімді жұмысына байланысты. Барлық омыртқалы жануарларда қан айналым жүйесі тұйық болады.

Балықтардағы қан айналым

Қан айналым жүйесінің ең қарапайым түрі балықтарда кездеседі. Балықтардың жүрегі бір жүрекше және бір қарыншадан тұрады. Қан ірі веналардан жүрекшеге құйылып, жүрекшенің ырғақты жиырылуының әсерімен қарыншаға өтеді. Қарынша жиырылғанда қан артерия буылтығына айдалады.

Одан әрі қан желбезек артериялары арқылы желбезекке барып, оттегімен қаныққан соң, қолқа арқылы бүкіл денеге тарайды. Мүшелер мен ұлпалардың капиллярларынан өткен қан қайтадан вена тамырларына жиналып, жүрекшеге оралады.

Қосмекенділердегі қан айналым

Қосмекенділердің жүрегі екі жүрекше және бір қарыншадан тұрады. Оң жақ жүрекшеге қуыс веналар арқылы бүкіл денеден жиналған қан құйылады да, кейін ол қарыншаға өтеді. Қарынша жиырылғанда қан қолқа тамырға айдалып, оның аз бөлігі өкпе артериясы арқылы өкпеге, ал қалған бөлігі артериялар арқылы бүкіл денеге тарайды.

Өкпеде оттегімен қаныққан қан өкпе венасы арқылы сол жақ жүрекшеге келіп, одан қарыншаға өтеді де, оң жүрекшеден түскен вена қанымен араласады. Демек, бұл жануарларда өкпе тамырлары жалпы қан айналым жүйесінің бір тармағы ғана.

Бақалардың қан айналым жүйесінің маңызды ерекшелігі — қолқа буылтығының спираль тәрізді қақпақша арқылы тармақталуы. Соның нәтижесінде оң жүрекшеден келген қанның едәуір бөлігі өкпе артериясына бағытталады.

Құстар мен сүтқоректілердегі қан айналым

Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі өзара тек қан тамырлары арқылы ғана байланысатын оң және сол бөліктерден тұрады. Оң жүрекше бүкіл денеден келген вена қанын қабылдап, оны оң қарыншаға айдайды. Оң қарыншадан қан өкпе артериясымен өкпеге бағытталады.

Өкпеде қан көмірқышқыл газын өкпе көпіршіктеріне (альвеолаларға) бөліп, оттегімен қанығады. Осылайша ол артерия қанына айналып, өкпе венасы арқылы сол жүрекшеге құйылады.

Кіші (тыныстық) шеңбер

Оң қарыншадан өкпе артериясымен басталып, сол жүрекшеде өкпе венасымен аяқталатын бөлік.

Үлкен (жүйелік) шеңбер

Сол қарыншадан қолқамен басталып, оң жүрекшеде жоғары және төменгі қуыс веналармен аяқталатын бөлік.

Қантамырлар тармақталуы және капиллярлардағы алмасу

Жүректен шыққан қолқа артериясы тармақталып, ұсақ тамырлар — артериолалар мен тек микроскоппен көрінетін капиллярларды түзеді. Капиллярларға келген артерия қаны өз құрамындағы оттегінің бір бөлігін ұлпаларға береді де, зат алмасу нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газын сіңіріп, вена қанына айналады.

Вена қаны капиллярлардан вена тамырларына жиналып, жоғары және төменгі қуыс веналар арқылы оң жүрекшеге құйылады.