Ғасыр ақыны атанған Мұқағали жырлары жылдан - жылға, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек
Әдеби-композициялық кештің мақсаты
Бұл кеш Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, оның әндері мен поэмаларымен таныстыруды көздейді. Ақынның өлеңдері мен дастандары арқылы жасөспірімдерді әсемдікке, елжандылыққа, туған елін, жерін қадірлеуге баулу мақсат етіледі. Кеш барысында бейнематериал көрсетіледі.
Кештің ашылуы: «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!»
1-жүргізуші
Батар күн, келер күн, атар таң, шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.
Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен сірә да өлмейтін шығармын.
2-жүргізуші
Өмірім сірә де әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.
Қош келдіңіздер!
Бүгін 9 «Ә» және 10-сынып оқушыларының ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» атты әдеби-композициялық кешке қош келдіңіздер!
Халық болып тойланатын туған күн
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!
Ақынның өзі мұңдап жазған осы жолдардан кейін-ақ, оның өмірден өткен соңғы туған күндері халық болып аталып өте бастады. Бүгін біз де сол сағыныш пен құрметтің белгісі ретінде жиналып отырмыз.
Еске алу сәті
Ақиық ақынның рухына 1 минут үнсіздік жарияланады.
Ақын тұлғасы: рух, сезім, шындық
1-жүргізуші
Мұқағали Мақатаев — ғажайып, ақиық, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан шабыт алатын ерекше дарын иесі.
2-жүргізуші
Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқатқа суарылған рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Аламан бәйгеде оза шапқан жүйріктей, өлең-жырда шаң қаптырмаған Мұқағалидың өмір жолы сан қырлы. Сондықтан оның өмірбаянын 10-сынып оқушылары (3 оқушы) таныстырады.
Жыр әлемі: поэма, ән, сахна
Ақын аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырып, жалынды жырларын аманат етті. Оқырманын тәнті еткен «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек», «Моцарт» дастандары — соның дәлелі. Бүгінде ақын сөзіне жазылған әндер эстрада төрінде әуелей шырқалып жүр.
Әнге кезек
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әсем ән мен тәтті күй.— Абай
Орындау
«Жас қайың» әні.
1-жүргізуші
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын?
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан тамызбаймын?!
Өлең оқылады
10-сынып оқушысы — «Жоқ, дәрігер!» өлеңі.
Отан тақырыбы: жүрекке үкі тағар өсиет
2-жүргізуші
Отан! Отан! Сен болмасаң не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен өтер ем.
Жалғыз мекен — Отаным!
Бұл жолдар — бүгінгі де, болашақ ұрпаққа да арналған ақыл-өсиет. Әр қазақ осыны жүрегіне үкі етіп тақса, артық емес. Ендеше ақынның туған жерге, елге арналған өлеңдеріне кезек беріледі.
«Апырмай, туған жер-ай»
«Қазақ жері»
«Қазақстан — Отаным»
«Елім барда»
Поэзия туралы ой: өктем рухтың үні
1-жүргізуші
Поэзия — адам жанын тебірентетін, айтылмай да, бейнеленбей де тынбайтын өктем рухтың көрінісі. Мұқағали ақынның өзі де поэзия туралы талай терең ойды жырға айналдырған.
2-жүргізуші
Кеште ақынның поэзияға арналған шығармалары оқылады: «Поэзия», «Ей, өмір», «Дос болам десең». Сондай-ақ «Еркесылқым» күйі орындалады (9 «Ә» сынып оқушысы).
Махаббат лирикасы: сағыныштан туған сыр
1-жүргізуші
Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбын жырламаған ақын кемде-кем. Өйткені махаббат — мәңгілік тақырып.
2-жүргізуші
Махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған ақын сирек. Кеште «Махаббат диалогы» сахналық нұсқада ұсынылады. Қарсы алыңыздар!
Орындаулар мен шығармалар
Ақын махаббатқа бас иді: оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы. Сағына білген адам сүйе де біледі, өзгені түсіне алады, жұбата да алады.
«Жүректесің»
Махаббат лирикасы
«Ғашықпын»
Махаббат тақырыбы
«Есіңе мені алғайсың»
Ән/орындау
Көрініс
«Махаббат диалогы»
Поэмалар әлемі: биікке бастар дастан
Ақын мұрасының үлкен бір арнасы — поэмалары. «Ильич» (1964), «Мавр» (1970) және ең асылы, ең биігі — «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағында жарияланған.
Сахналық үзінді
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрініс ретінде ұсынылады.
Көрерменмен байланыс: жатқа оқу ойыны
1-жүргізуші
Кеш басталғалы бері ақын өлеңдері оқылып жатыр. Осында отырған көрермендер Мұқағали өлеңдерін жатқа біле ме екен?
2-жүргізуші
Білмеу мүмкін емес. Ендеше ойын ойнайық: кім Мұқағали ақынның өлеңін жатқа оқыса, сыйлық беріледі. (Ойын жүргізіледі.)
Өлең оқылады
10-сынып оқушысы — «Сәби болғым келеді».
Арнаулар мен естелік сөз
Мұқағалиға арналған сөз
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа еліктемейтін ақын жоқтың қасы. Мұқағали туралы қалам тербетпеген ақын-жазушы да сирек. Кеште Сырбай Мәуленовтің Мұқағалиға арналған естелік сөзі оқылады.
Жас ақындардың арнауы
Ақын жолын жалғап жүрген жас таланттар да бар. Мектебіміздің жас ақындары Мұқағалиға арналған арнауларын оқиды.
Қорытынды сөз
2-жүргізуші
Бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанықты деп сенеміз.
1-жүргізуші
Жылдар өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғаланып, биіктей береді. Оның рухани қазынасын ұлт игілігіне асыратын 21-ғасыр жастары — сіздер!
Қоштасу
Мұқағали — мәңгілік өмір. Ғасыр ақыны атанған жырлар жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек. Сонымен, «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» атты әдеби-композициялық кешіміз аяқталды. Ендігі кездескенше аман-сау болыңыздар.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.