Аптығып асау інің келді, ақсақал

(М. Ю. Лермонтовтан)

Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.

Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.
Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.

Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.

Әкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.

Мұның бәрі — тартуым сізге,— дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге,— дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен
Терекке көзін ашып үндемейді.

— Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Казак-орыс қатыны бір сұлуды
Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қитықсыз араласты.



Ұқсас жұмыстар

Өлең бунақтарының таңдамалы және талғамалы орындары
Халық прозасындағы көркемдеуіш құралдар
Махамбет – ұлт рухының айбары
Ғали Ормановтың 1941-1945-жылдардағы көпшілік шығармалары
Киіз үйдің жасау-жиһазы
Мөңке би
Сөз және күрделі сөз тіркестері
Қазақ жылқысының көне замандардағы тарихы. Жылқының арғы тегі
Сөздердің тіркесу тәсілдерінің байланысу формалары
Кiсен үзген көтерiлiс Бекболат батыр
Қазіргі дүниежүзінің саяси картасы
Жазаның жүйелерінің және түрлерінің жалпы сипаттамасы
Басқару процесiнiң мазмұны
Мемлекеттік бюджет жүйесінің экономикалық мазмұны
Тергеушінің тергеу бөлімінің бастығымен және анықтау органдарымен өзара әрекеттесуі
Социум және әлеуметтік қатынастарды әлеуметтік жұмыс өрісінің объектісі ретінде қарастыру
КЕЛДІБЕКҰЛЫ ҚАЗЫБЕК БИ
ЖАНГЕЛДІҰЛЫ ЕСКЕЛДІ
Патшалық өкіметтің Қазақстанда саяси билігінің орнығуы (1867-1891 ж.ж)
Тауар саясаты фирманың маркетинг қызметінің негізгі құрамдас бөлігі