Баланың орталық жүйке жүйесінің жағдайы
Балабақша тәрбиешісі
Айбану Нартайқызы
Бұл материал ұлттық ойын терапиясын мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тіліндегі тұтығу кемшілігін түзетудің тиімді құралы ретінде қарастыратын зерттеу мазмұнын ұсынады.
Зерттеудің мазмұны
Зерттеу мақсаты
Балалардағы тұтығу тіл кемшілігін түзетудің тиімді құралы ретінде ұлттық ойын терапиясын қолдану.
Зерттеу нысаны
Сөйлеу тілі кемшілігі бар, тұтығуы байқалатын мектеп жасына дейінгі балалар.
Зерттеу пәні
Ұлттық ойын терапиясы — балалардағы тұтығу тіл кемшілігін түзету құралы ретінде.
Зерттеу болжамы
Егер балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктердің бірі — тұтығуды түзету құралы ретінде ұлттық ойын терапиясы қолданылса, онда тұтығу кемшілігін түзетуге болады.
Зерттеу міндеттері
- Тұтығу кемшілігінің шығу тегіне шолу жасап, пайда болу себептерін анықтау.
- Тұтығуды түзету үдерісіне арналған әдістеме құрастырып, эксперимент жүргізу.
- Эксперимент нәтижелерін тұтығуы бар балаларға күнделікті өмірде қолдануға ұсыну.
Негізгі ұғымдар: тіл кемістігі және тұтығу
Тіл кемістігі — сөйлеу қабілетінің психофизиологиялық механизмдері бұзылуы салдарынан сөйлеудің қоршаған ортаға тән қалыпты мөлшерден ауытқуы.
Сөйлеу тілінің бұзылуы — сөйлеу әрекеті механизмдерінің жұмысының қалыптан ауытқуы немесе бұзылуы. Мысалы, сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысы жеткілікті жетілмеген жағдайда тілдің морфологиялық жүйесін меңгеру деңгейі де, сөйлемнің синтаксистік құрылысы да төмен болады.
Сөйлеу қарқынының (шапшаңдығы мен баяулығының) ерекшеліктеріне байланысты байқалатын кемшілік тұтығу деп аталады. Тексеру қорытындылары сөйлеудің қарқыны мен жаттықтығының тұтығумен байланысты екенін көрсетеді.
Логопед нені бағалайды?
- Клоникалық түрі: сөздің алғашқы дыбысын немесе буынын бірнеше рет қайталаумен сипатталатын «серіппелі дірілдеу».
- Тоникалық түрі: сөйлеу кезінде, көбіне сөздің алдында немесе ортасында кібіртіктеп, кенет тоқтап қалумен көрінетін құрысу.
Тұтығудың себептері мен теориялық көзқарастар
Этиологиясына ықпал ететін факторлар
Тұтығудың этиологиясына қатысты бірізді көзқарас жоқ. Дегенмен зерттеушілер оның пайда болуына әсер ететін бірнеше маңызды факторды атап өтеді:
- Баланың жасы
- Орталық жүйке жүйесінің жағдайы
- Сөйлеу онтогенезінің өту ерекшелігі
- Ми жарты шарлары функциялық асимметриясының қалыптасуы
- Психикасының зақымдануы
- Генетикалық фактор
- Жыныстық диморфизм
ХІХ ғасыр басындағы негізгі теориялық бағыттар
Неврологиялық түсіндіру: сөйлеу орталықтарының тітіркендіргіштерге әлсіз жауап беруіне байланысты тұтығу невроздың құрысу координациясы ретінде қарастырылады (Г. Гуцман, А. Куссмауль, И. А. Сикорский).
Психологиялық мінездеме: тұтығу механизмдерін ассоциативтік кемшіліктермен және психологиялық факторлармен түсіндіру (Т. Непнефер, Э. Фрещельс, А. Либман, Ю. А. Флоренский).
Әлеуметтік-психологиялық ықпал: қоршаған ортадағы келіспеушіліктер мен психикалық соққылар әсерінен пайда болады деген көзқарас (А. Адлер, Шнайдер); тұтығу индивидтің жағымсыз жағдайлардан қашқақтауы кезінде көрінуі мүмкін.
Тұтығу механизмдері туралы қорытынды
Әртүрлі көзқарастар тұтығу механизмдерінің біркелкі емес екенін көрсетеді: кей жағдайда ол бас миы қыртысындағы жүйке үдерістерінің күрделі невротикалық бұзылуы ретінде қарастырылса, кей жағдайда дұрыс сөйлемеуден туындайтын невротикалық жағдайлармен, тұлғаның дисгармониялық дамуынан болатын функционалдық кемшіліктермен немесе орталық жүйке жүйесіндегі органикалық өзгерістермен түсіндіріледі.
Тұтығудың түрлері (этиологиялық белгілері бойынша)
Функционалдық тұтығу
Жиі кездесетін түрі. Перифериялық немесе орталық жүйке жүйесі механизмдерінің бұзылыстарымен байланысты болуы мүмкін. Көбіне фразалық сөйлеу қалыптасатын кезеңде, тынымсыз балаларда (шамамен 2–2,5 жаста) байқалады.
Органикалық негіздегі тұтығу
Орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылыстарымен (мысалы, бас сүйек-ми жарақаттары, инфекциялық аурулар) байланысты. Бұл түрі кез келген жаста пайда болуы мүмкін.
Ұлттық ойындардың педагогикалық негізі
Халықтық педагогика тәжірибесі мен қазіргі психологиялық-педагогикалық ғылым жетістіктері ұлттық ойындарды қолдану арқылы тіл кемшілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамыту мүмкіндігін кеңейтеді.
Қазақ ағартушы-педагогы Ы. Алтынсарин және ақын А. Құнанбаев ұлттық ойындардың баланы жан-жақты дамытудағы тиімділігіне ерекше мән берген.
Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде ұлттық ойындарды қолдану қажеттілігі Н. Қужанов, М. Жұмабаев, І. Жансүгіров, Т. Тәжібаев, М. Әуезов, С. Мұқанов және басқа да авторлардың еңбектерінде көрсетілген.
Зерттеуді жалғастырып жүрген ғалымдар
Қазақтың ұлттық ойындары әлі де көптеген зерттеушілердің назарында:
- М. Т. Таникеев
- Т. Тотенаев
- Ж. Төлегенов
- Т. Қуанышев
- К. Б. Жарықбаев
- С. К. Қалиев
- С. А. Ұзақбаева
- А. Айтпаева
Эксперимент: ойын түрлері және бақылау
1-кезеңде қолданылған ойындар
- «Саңырауқұлақ теруші»
- «Кірпі»
- «Пирамида жасайық»
- «Тыйымды қозғалыс»
1-кезең қорытындысы бойынша тұтығатын балалардың бұл ойындарға қызығушылығы төмен болғаны байқалды.
2-кезеңде қолданылған ұлттық ойындар
Тұтығу тіл кемшілігін түзету үшін келесі ұлттық ойын түрлері таңдалды:
- «Сақина салу»
- «Қарамырза»
- «Дауыста, атыңды айтам»
- «Ұшты-ұшты»
- «Саусақтар сөйлейді»
- «Жаңылма»
3-кезең: нәтижені қолданысқа ұсыну
3-кезеңнің негізгі міндеті — алынған нәтижені тәжірибеде қолдануға ұсыну. 1 және 2-кезең қорытындыларын ескере отырып, анықтаушы эксперимент аясында 1-кезеңде төмен деңгей көрсеткен 5 балаға жаңылтпаш берілді.
Жаңылтпаш үлгісі
Арықтан су сылдырап ағады.
Сылдырап ағады,
Сылдырап ағып,
Сылдырмаға барады.
Қорытынды
Зерттеу нәтижелері ұлттық ойындардың педагогикалық мүмкіндіктері өте жоғары екенін көрсетеді. Арнайы білім беру саласында мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы түрлі қиындықтарды ұлттық ойындардың көмегімен түзетуге болатынына көз жеткізуге болады.
Әсіресе сөйлеу тілі бұзылған балалардағы тұтығуды түзетуде ұлттық ойын терапиясын жүйелі қолдану көптеген оң нәтижеге жеткізеді. Ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындаған баланың болашақ іргетасы берік қаланатыны сөзсіз.