Ана тілінің құрметіне Жансаяның орындауында Көбелек әні
Мақсаты
- Оқушылардың Әліппеден алған білімдерін тиянақтау, ата-аналарға білімдері мен өнерлерін көрсету.
- Әдептілікке, ұқыптылыққа, әдемілікке тәрбиелеу.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ата-аналар, қадірлі ұстаздар! Бүгін бізде үлкен мереке, зор қуаныш. Алдарыңыздағы кішкентай бүлдіршіндер осыдан төрт ай бұрын мектеп табалдырығын қуанышпен әрі жүрексіне аттаған еді. Олардың алғаш қолына ұстаған оқулығы — Әліппе болатын. Бүгін сол Әліппені аяқтап, білім асуының алғашқы белесінен асып отыр.
Бұл — балалар үшін үлкен жетістік, үлкен жеңіс! Әліппе — бүкіл ғылымның алғашқы есігі, білім шыңына бастайтын алғашқы соқпақ. Ендеше, сіздерді осы асуды бағындырған шәкірттерімнің білімі мен өнерін тамашалауға шақырамын.
Ертеңгіліктің басталуы
Диалог
Ислам: Аруна, зал өте әдемі безендіріліпті. Мұнда бірдеңе болғалы тұрған сияқты. Ата-аналарымыз жиналған, қадірлі ұстаздарымыз да төрден орын алыпты?
Аруна: Иә, Ислам. Бүгін ата-аналарымыз бен ұстаздарымыз «Әліппе — білім бастауы» атты Әліппемен қоштасу ертеңгілігімізге жиналды.
Ислам: Ендеше, ертеңгілігімізді бастайық!
Аруна: Әрине. Сахна төріне 1 «Б» сыныбының оқушыларын қошеметпен қарсы алайық!
Қошемет сөзі
Ислам: Ар-намысы халқымыздың — қорғаны адамдықтың, салтымыздың. Армысыздар, аяулы ұстаздарым! Сенері сіздер — халқымыздың.
Аруна: Өмір берер ертеңгі бағдарың — Әліппемен қоштаспақ балаларың. Халқыма ұрпақ берген, өмір өрген — қош келдіңіз, әкелер мен аналарым!
Шашу
Ислам: Бүгін — қуанышты күн. Біз алғаш мектепке келіп, оқу мен жазуды үйренген алғашқы оқулығымыз — Әліппені аяқтап, қоштасқалы отырмыз. Ендеше, шашу шашайық!
Аруна: Шашу, шашу шашайық, ақ сандықты ашайық. Бұл мереке, бұл тойдың бастауын жасайық.
Ескерту: Аналар шашу шашады.
Би
Бүгін жиналған ұстаздар мен ата-аналардың құрметіне бишілерімізді ортаға шақырамыз. «Вальс».
Әліппені қарсы алу
Ислам: Бүкіл қазақ баласы дәріптеген, қоштасқалы тұрмыз сүйікті Әліппемен. Ризамыз — бәрімізді таныстырған сөз бен дыбыс, әртүрлі әріппенен.
Сұрақ-жауап
Мұғалім: Балалар, сұраққа жауап беріңдер: «Іші толы әріпке, білімдіге жарық не?»
Хормен: Болашаққа жол ашар — ол сүйікті Әліппе!
Мұғалім: Ендеше, бәрімізге қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппенің сөзі
Амансыздар ма, қадірлі ұстаздар, ардақты ата-аналар, өнерпаз бүлдіршіндер! Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың Әліппесін меңгерген — келешегі қазақтың басталады сендерден. Талабың таудай болса, әріптің айтары көп.
Қуанышы баланың — қуанышы ананың. Жақсы білім көрімдік болсын бәрімізге. Не үйреніп, не білдіңдер — қане, ортаға салыңдар!
Балалар, мен жалғыз келген жоқпын. Өзіммен бірге досым — Ана тілін де ала келдім.
Ана тілінің сөзі
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Киелі Әліппе оқулығын аяқтап, үлкен жетістікке жеттіңдер. Бұл — сендер үшін үлкен қуаныш. Қуаныштарың құтты болсын!
Енді мен сендермен дос боламын. Досыңды құрметтегендей, мені де құрметтеңдер. Маған жеткенше көптеген адамдар тер төкті — сол еңбекті бағалаңдар, өздерің де еңбектеніңдер.
Өлең жолдары
Аруна: Көлге айналған бұлақтың қайнар көзі — Әліппе, том-том қалың кітаптың басы болар — Әліппе.
Хор: Әліппе!
Ислам: Бәрімізді сүйіп өпкен, балаларға үйреткен Әліппе мен ұстазға бас иеміз құрметпен.
Өнер бағдарламасы
Әндер мен билер
- «Айгөлек» әнімен ортаға Аруна, Александра және Камиланы шақырамыз.
- Жансая мен Айнараның орындауында халық әні: «Әриайдай».
- Ана тілінің құрметіне Жансаяның орындауында: «Көбелек».
- Диас, Нұрай, Марғұланның орындауында: «Ана әні».
- Ислам, Нұрсұлтан және Мансурдың орындауында: «Ұстаз әні».
- Бишілер өнері: өзбек биі.
- Хор орындауында: «Отан».
Оқушылардың арнаулары
Марғұлан: Анам да, әкем де, атам мен апам да, шопан да, ұшқыш та, ғалым да — талай дарын. Тіл сындырып әріпке, алғаш ашқан — Әліппе.
Әлия: Әліппем менің, Әліппем — өмірді көрем танып мен. Қайталап айтам мың рет: өзіңе көп-көп рақмет!
Даяна: Таныстырдың 42 әріппен, қош бол, менің қасиетті Әліппем! Сенің арқаң оқи-жаза білдім, сауатты адам санатына кірдім.
Диас: Әр бетіңнен күнде алып сабақ, сен арқылы сауатты болдық. Алыстағы дос-туыстан хат алып, жауап та жаза аламыз.
Әсем: Алғаш мектепке келгенде әріпті де білмедік. Қазір ертегі оқимыз — үйреткен осы Әліппе.
Дина: Іші толы әріпке — жақсы кітап Әліппе. Барлық ілім-білімнің ағасы — осы Әліппе.
Асия: Әліппе сауатыңмен санамды аштым, достарыммен теңдесіп араластым. Үйреніп әріптер мен әңгімені, күн сайын алға қадам бастым.
Ана туралы арнау
Жасұлан: Өмірде ана — бұлақ, ана — пана, өмірді өркендетер ана ғана. Әкелген талай көсем, талай шешен, талай ер, талай ақын, талай дана.
Аружан: Келтірмес адамзатқа еш жаманат, өзгеге көрсетері тек шапағат. Ананың жүрегінен орын алған — ізгілік, мейірбандық һәм махаббат.
Ұстазға алғыс
Аружан: Анамыздай аялап, ақылшы болған ұстазым. Өзіңнің ғана еңбегің — биікке қанат қаққаным.
Жасұлан: Қимылың әрбір атқан ақ таңыңдай, күлкің бар аппақ мөлдір ақ қайыңдай. Биіңмен ортамызды желпіндірші, қыздарым ел-жұртыңның мақпалындай.
Отан туралы
Аружан: Қазақтың елі, қазақтың жері — береке қонған Ұлы Отан. Асқар тауларың, өзен-көлдерің — жаныма қымбат Ұлы Отан.
Хор: Отан!
Ойын-бөлім және марапат
Әліппенің сұрақтары
Әліппе: Өнерлерің өте тамаша! Ал енді айтыңдаршы: осы Әліппеден не үйрендіңдер, не білдіңдер?
Ескерту: Балалардың жауаптары тыңдалады.
Әліппе: Жарайсыңдар! Ендеше сандарды өсу ретімен айтып беріңдер.
Ескерту: Ортаға 10 оқушы шығып, сандарды өсу ретімен санап айтады.
Сыйлық
Әліппе: Мен сендерге құр қол келген жоқпын. Шағын сыйлығым бар — қабыл алыңдар.
Ескерту: Кітаптар таратылады.
Ата-аналарға алғыс
Мұғалім: Балалар, сендердің Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқып-жазуларыңа ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның қосқан үлесі зор. Ендеше, бәріміз бірге алғыс айтайық: «Бақытты балалығымыз үшін рақмет сіздерге, ата-ана!»
Ән
«Бала тілегі» — орындаушылар: Аят, Даяна, Снежанна, Жасұлан.
Қоштасу сөзі
Әліппе мен Ана тілі — білім жолындағы сабақтастық
Жасұлан: Әліппе — білім бесігін ашқан алғашқы оқулығымыз, ал Ана тілі — сөз сырын ұқтыратын сырласымыз.
Жасұлан: Әліппемен жарты жылдай жолдас болдым, Ана тіліне әкеліп жалғадың. Әр әріпті қосқызып, сөзін құрап, хат танытып, алғаш көзімді аштың.
Аружан: Қош бол, Әліппе, анамдайсың. Жақсы бол деп бізге алаңдайсың. Үйреткен әріптің құдіретімен, бізге «кірпіш болып қалан» дейсің.
Ән
Сүйікті Әліппемен қоштаса отырып, досымыздың құрметіне Айғаным, Дина, Камшаттың орындауында «Болайықшы осындай» әні ұсынылады.
Әліппенің ақ тілегі
Әліппе: Ал, балалар, енді сендермен қоштасамын. Асар асуларың, алар шыңдарың биік болсын! Сабақты жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосатын азамат, азаматша болыңдар!
Балалар хормен:
Таныстырған әріппен — жақсы кітап Әліппе.
Жол көрсеткен білімге — қош бол, құтты Әліппе!
Қорытынды тілек
Ислам: Ойымыздан, бойымыздан күш тасып,
Аруна: Жақсылықпен жасай берсін ұштасып.
Жасұлан: Жерім жайнап, елім өсе түссе екен,
Аружан: Ел басшысының әр дегені іске ассын.
Ресми бөлім
Құттықтау сөздері
-
1
Шәкірттерімді білім әлемінің беташары — Әліппені табысты аяқтауымен құттықтай отырып, білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын деймін. Сөз кезегін мектеп директоры Б. Ө. Сары мырзаға беремін.
-
2
Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты жазып-оқуларыңа ата-аналардың қосқан үлесі мол. Алғысымызды білдіре отырып, келесі құттықтау сөзді ата-аналарға ұсынамыз.