Бастауыш мектептің негізгі міндеттері - баланың жеке басының алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету
Бастауышта қаланатын негіз: мұғалімнің рөлі
Адамның жеке басының қалыптасу негізі бастауыш сыныпта қаланатыны бәрімізге мәлім. Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасында бастауыш мектептің негізгі міндеттері ретінде баланың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, қабілеттерін ашып дамыту, оқуға ынтымақтастық тәжірибесінің берік дағдыларын меңгерту атап көрсетіледі.
Осы міндетті ойдағыдай орындау үшін әрбір балаға оқыту, тәрбиелеу және дамыту жұмыстарын ұштастыра жүргізіп, оқушының жан-жақты дамуына дайын болу қажет. Бұл пікірді көптеген педагогтар (С. Рахметова, Ж. Адамбаева) да қолдайды. Бастауыш мектеп — оқушы тұлғасы мен сапаларының қарқынды дамитын, ерекше құнды әрі қайталанбас кезеңі. Сондықтан бастауыш білім — үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы.
Педагогикалық бағдар
В. А. Сухомлинскийдің айтуынша, баланың өз күшіне деген сенімін жоғалтпауына жағдай жасау, өзін «еш нәрсеге қабілетсіз» сезіндірмеу — тәрбиешінің педагогикалық көрегендігі. Әр жұмыс оқушы үшін, аз да болса, алға қарай ілгерілеу болуы тиіс.
Поляк педагогы Януш Корчактың «Баланың білместігін құрметтей біліңдер» деген сөзі мұғалім үшін айрықша маңызды. Өйткені оқушының білмеуі — кемшілік емес, ол үйренуге бастайтын табиғи баспалдақ.
Қазақ тілі сабағындағы басты мақсат
Оқушыларға қазақ тілі білімінің қыр-сырын меңгерту, қабілеттерін шыңдау, кез келген ортада өзін еркін ұстай алатындай, Қазақстан Республикасының азаматы деген атқа лайық тұлға етіп тәрбиелеу — ортақ міндет. Осы орайда оқушылардың білім деңгейін арттыру — өзекті мәселе.
Қазақ тілінің күрделілігіне қарамастан, болашақ ұрпақты пәнге қызықтыру және білімін көтеру — үлкен жауапкершілік. Бұл міндет, ең алдымен, бастауыш сыныптағы жүйелі оқыту арқылы жүзеге асады: бүгінгі бөбек — ертеңгі азамат, қоғамның иесі. Балаларға алғаш жол көрсетіп, бағыт беретін — бастауыш сынып мұғалімі.
Ұстаз әсері: білім мен тәрбие бірлігі
Ақ жүрек балғын балаларға білім мен тәрбие есігін ашу — абыройлы әрі жауапты іс. Ұстаздың әрбір әрекеті оқушыға әсер етіп, оның әрі қарай жетілуіне ықпал етеді. Мұғалім — оқушыға үлгі, өмір жолында бағыт беруші, жөн сілтеуші; адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа және басқа да ізгі қасиеттерге баулитын тұлға.
Қазіргі кезде оқушының білім деңгейін көтеру — ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл үдерістегі басты тұлға — ұстаз. Білім деңгейін көтеру дегеніміз оқушыны жан-жақты тәрбиелей отырып, ғылым негіздерінен берік білім беру, қоғамға пайдалы қызмет ететін азамат етіп қалыптастыру, алған білімін тереңдетіп, жетілдіруге жүйелі жағдай жасау.
Тәжірибеден: қиындықтар және қайталанатын қателер
«Оқушының білім деңгейін көтерудегі мұғалімнің іс-әрекеті деген не?» деген сұраққа жауапты тәжірибеден іздеп көрейік. Мен бастауыш сыныпта 22 жылдан бері сабақ беремін. Қалалық ортада балалардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан жазба жұмыстарында қазақ тіліне тән дыбыстарды қолдануда қиындықтар жиі кездеседі: әріп қалдыру, қатар келген дауыссыздардың бірін жазбай кету сияқты қателер тұрақты байқалады.
Сабақтағы жиі қолданылатын жұмыс түрлері
- Ережені тану: «Мына сөйлемдегі сөздер қай ережеге сәйкес?»
- Сауатты жазу: сөйлемді оқып, қатесіз жаздыру.
- Өзін-өзі түзету: қате тапқызып, түзеткізу.
- Бекіту: топтамалар, суреттер, дидактикалық материалдар арқылы өз бетінше жұмыс.
- Пысықтау: ойын элементтерін қолдану.
- Диктанттан кейін: қателермен жүйелі жұмыс.
Дегенмен, кейбір қателер қайталана береді. «Нәтиже неге байқалмайды? Тағы қандай әрекет жетіспейді?» деген сұрақтарға мен жаңа технологиялармен тереңірек танысқаннан кейін нақтырақ жауап тапқандай болдым.
Ескерусіз қалған тұстар: түзетуге тиіс бағыттар
Өз тәжірибемді саралай келе, осы бағытта ескермей жүрген тұстарымды төмендегіше жүйеледім:
-
1
Дамудың біржақтылығы
Даму жан-жақты емес, кейде бір бағытта ғана жүргізіледі. Нәтижесінде тілдік дағдының бір бөлігі ілгерілегенімен, өзге қабілеттер (тыңдау, айту, талдау, дәлелдеу) жеткілікті дамымай қалуы мүмкін.
-
2
Тапсырманың тым жалпы берілуі
Тапсырма нақты мақсатқа, өлшемге және қадамдарға бөлінбей, жалпылама ұсынылады. Бұл кей оқушыға әрекет алгоритмін түсінуді қиындатады.
-
3
Нағыз ұжымдық жұмысқа жеткіліксіз жағдай
Іс толыққанды ұжымдасып атқарылмайды: біріккен әрекет бар болғанымен, рөлдер, ортақ жауапкершілік және өзара қолдау жүйесі әлсіз болуы ықтимал.
-
4
Шынайы диалогтың аздығы
Өзара шынайы сұхбаттың орнына көбіне мәлімет алмасу жүреді. Ал түсінуді тереңдететін — сұрақ қою, пікір айту, дәлелдеу, талқылау мәдениеті.
-
5
Мақсаттың тарылуы
Басты мақсат «адам тәрбиелеу» болудың орнына, кейде жоспарды орындауға ғана ауысып кетуі мүмкін. Ал білім сапасы тұлғалық нәтижемен бірге қарастырылғанда ғана тұрақты қалыптасады.
Өзгеріс белгісі: табыс арқылы сенімнің артуы
Бұрын сәтсіздіктен қашып, оқуға талаптанбайтын, білім қажеттілігін елемейтін, құнды ақпаратты енжар қабылдайтын оқушылардың, әсіресе үлгерімі орташа деңгейдегі балалардың өзгерісін байқауға болады.
Бұл өзгерістер, ең алдымен, олардың табысқа жиірек жетуі мен өз күшіне сенуінің артуына байланысты. Өз-өзіне талап қоятын, сәтсіздіктің себебін талдап, оны түзетуге ұмтылатын оқушылар көбейді.
Алтаева Жанар Алмабайқызы
№ 60 мектеп-лицей, бастауыш сынып мұғалімі