Бала мектепке баруға дайын
Мектеп жасына дейінгі балаларға қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
Бүгінгі бөбек – ертеңгі азамат, қоғамның иесі. Балғын бүлдіршіндерге ең алғашқы жол көрсетіп, бағыт беретіндер – балабақша тәрбиешілері. Себебі білім мен тәрбиенің іргетасы, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуының негізі балабақшада қаланады.
Математикалық түсініктерді қалыптастыруда балаларға сандарды айту және түсіндіру, артық–кем–тең қатынастарын анықтау үшін салыстыру тәсілінің мәнін ұғындыру, сандарды тура және кері санауға жаттықтыру маңызды.
Ұзындық пен енді, биіктік пен жуанды салыстыру арқылы балалардың сөздік қоры молайып, математикалық ұғымдары беки түседі.
Зерттеу жұмысының маңызы
Балабақшадағы балалардың білімін зерттеу – тәрбиешінің ең маңызды міндеттерінің бірі. Зерттеу жұмыстары оқу жылы басындағы білім деңгейін анықтап, оны жыл бойы жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бала топқа тез бейімделіп, жыл соңында әр баланың ілгерілеуі айқын көрінеді.
Зерттеу әдісін таңдау оның мақсатына байланысты. Стандарттан алынған тапсырмаларға сүйене отырып, балалардың деңгейін жоғары, орташа, төмен деп жіктеуге болады. Әр тоқсан сайын және жыл соңында білім деңгейі тексеріліп, балл қойылады.
Бағалау өлшемдері
- Тапсырманы қатесіз, өз бетінше орындады.
- Тапсырманы ересектердің көмегімен орындады.
- Тапсырманы қателікпен орындады.
- Тапсырманы орындамады.
Танымдық белсенділік пен логикалық ойлауды дамыту
Балалардың танымдық іс-әрекетін дамытуда және құзыреттілігін қалыптастыруда зерттеу жұмыстарының орны ерекше. Математика ойлау қабілетін дамытатын пән ретінде әр тапсырмасында ой белсенділігін талап етеді. Сондықтан балалардың ойлауын жетілдіретін жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет.
Қолданылатын тапсырмалар мен жаттығулар
Логикалық есеп үлгісі
Бес бұтақты ағашта,
Бұтақ сайын бір алма.
Біреуін бер Маратқа,
Сонда қалмақ неше алма?
Жауабы: 4 алма.
Санамақтың тәрбиелік және танымдық құндылығы
Қазақ ауыз әдебиетінде ерте заманнан бүгінгі күнге дейін дамып келе жатқан жанрлардың бірі – санамақ. Санамақтар халық арасында негізінен жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарылған.
Санамақ арқылы мектеп жасына дейінгі балалар қоршаған ортаны танумен қатар, атадан қалған салт-дәстүрді де сан арқылы үйренеді. Бұл тәсіл баланың қисынды ойлауын және математикалық ойлау қабілетін дамытады: ұйқас арқылы санауды меңгереді, әр санға ұқсас заттарды танып-біледі.
Санамақ үлгісі
Саусақтарды салалап,
Кел санайық санамақ.
Бірім – бірлік,
Екім – елік,
Үшім – үскі,
Төртім – түскі,
Бесім – бесік,
Алтым – асық,
Жетім – желке,
Сегізім – серке,
Тоғызым – торқа,
Оным – олжа.
Санамақты санадық,
Енді сәл дем алайық.
Санамақтың түрлері көп. Осындай санамақтар арқылы балалардың тілін дамытып, санау қабілетін арттырамын. Саусақпен санау ойыны баланың сан үйренуге қызығушылығын күшейтеді. Бос уақытта, күннің екінші жартысында жаттатып, мағыналарын түсіндіремін.
Санамақтар ұлттық нақышта тәрбие жұмысын жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, балаларды мектепке даярлауға да көмектеседі.
Зерттеу мазмұны: қандай дағдылар тексерілді?
«Мектеп жасына дейінгі балаларға қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру» тақырыбында зерттеу жұмысы жүргізілді. Зерттеу барысында төмендегі бағыттар тапсырмалар арқылы қарастырылды: тура санау, кері санау, цифрларды тану, көлем, салыстыру, геометриялық пішіндер, кеңістікті бағдарлау, уақыт ұғымдары.
1-тапсырма: 1-ден 5-ке дейін тура санау
- Суреттегі алмұртты дұрыс санап беру.
- Суреттегі балапандарды санау.
- Алма ағашындағы алмаларды санау.
2-тапсырма: 5-тен 1-ге дейін кері санау
- Ауызша 5-тен 1-ге дейін кері санау.
- Суреттегі санды көрсетіп, 5-тен 1-ге дейін кері санау.
- Сан қатарындағы қалып қойған санды жазу.
3-тапсырма: Цифрларды тану
- Суреттегі цифрларды дұрыс көрсету.
- Цифрларды ретімен жазу.
- Суреттегі цифрларды ретімен сызықпен қосу.
4-тапсырма: Көлем
Көлемді сипаттап айта білу үшін мына тапсырмалар қолданылды:
- Суреттегі нәрселердің ішінен үлкенін табу.
- Суреттегі заттардың қайсысы ауыр екенін анықтау.
- Қайсысы кіші екенін атау.
5-тапсырма: Шамаларды салыстыру
- Қай ағаш биік екенін анықтау.
- Қай жануардың бойы қысқа екенін анықтау.
- Екі жолдың қайсысы жіңішке екенін табу.
6-тапсырма: Геометриялық пішіндер
- Заттардың қандай геометриялық фигураға ұқсайтынын анықтап, шаршының ішіне сәйкес пішінді салу.
- Қай пішін жоқ екенін тауып, соның суретін салу.
- Үйшіктің қандай геометриялық пішіндерден құралғанын айту.
7-тапсырма: Кеңістікті бағдарлау
- Не қайда орналасқанын анықтау.
- Қыздың оң жағында не бар екенін айту.
- Суретте жоғарыда не бар екенін айту.
- Қайда жасырынғанын табу.
8-тапсырма: Уақыт
- Берілген сурет бойынша қай уақыт екенін анықтау.
- Мезгілдердің ішінен күз мезгілін көрсету.
- Кешкі уақытты көрсету.
Ұйымдастыру және қорытындылау
Оқу іс-әрекеті барысында тапсырмаларды көрсетіп, түсіндіріп отырдым. Серуен кезінде бақылау жүргізіп, қоршаған ортадағы заттарды салыстыру арқылы қосымша түсінік берілді. Тоқсан соңында бақылау тапсырмалары орындатылып, барлық нәтижелер есептеліп, зерттеу кестесіне енгізілді.
Алынған қорытынды бойынша баланың даму деңгейі және оның мектепке қаншалықты дайын екені анықталды.