Саяхатты жалғастыру

Сабақтың тақырыбы

Зат есімнің жекеше және көпше түрлері

Бұл сабақ «саяхат сабақ» форматында ұйымдастырылып, ойын элементтері мен деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушылардың тақырыпты түсінуін, қолдануын және талдауын кезең-кезеңімен дамытады.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Зат есім туралы бұрынғы білімді еске түсіріп, қорытынды жасап, жүйелеу.
  • Зат есімнің жекеше және көпше түрде жұмсалатынын түсіндіру.
  • Жекеше түрдегі зат есімдерді көпше түрге айналдыра білуге үйрету.
  • Көптік жалғауларын ажыратып, дұрыс жалғай білу.

Дамытушылық

  • Сөйлеу тілін және ой-өрісті дамыту.
  • Сұраққа тиянақты жауап беруге дағдыландыру.
  • Танымдық қабілетті арттыру, өздігінен қорытынды жасай білуге үйрету.

Тәрбиелік

  • Сауаттылыққа тәрбиелеу.
  • Ізденімпаздық пен ұйымшылдықты дамыту.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақ түрі
Саяхат сабақ
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, салыстыру-ажырату, ойын әдісі, деңгейлік тапсырмалар
Қолданылатын технология
Блум таксономиясы

Қамту аясы

Пәнаралық байланыс
Дүниетану, ана тілі, математика, бейнелеу
Көрнекілік
Интерактивті тақта, слайдтар, ребус

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Бастау
  1. 1 Сәлемдесу.
  2. 2 Оқушылардың сабаққа дайындығын және оқу құралдарын тексеру.
  3. 3 Психологиялық дайындық: Мақсатымыз — білім алу.
    Міндетіміз — еңбектену.
    Еңбектену арқылы «5»-ке қол жеткізу.
  4. 4 Жұмбақтың шешуін табу арқылы «саяхат сабақты» бастау.

II. Үй жұмысын тексеру және қайталау

Қайталау

1) Үй жұмысын тексеру

«Кеме капитанының тапсырмасы»: 397-жаттығу.

2) Өтілген материалды пысықтау

«Күннің көзін бұлттан арылту» ойын-жаттығуы арқылы өткен сабақтағы білім бекітіледі.

  • Күннің көзін бұлттар жауып тұрады.
  • Әр бұлттың артында сұрақтар жазылады.
  • Оқушылар сұрақтарға жауап берген сайын бұлттар сейіліп, күн ашылады.

Экранға назар аударайық: «күн» — бір күн (жекеше), ал «бұлттар» — көп бұлт (көпше) ұғымын білдіреді. Осы мысал арқылы зат есімнің жекеше және көпше түрлері туралы түсінік беріледі.

III. Жаңа сабақ (Блум таксономиясы бойынша)

Жаңа білім

1) Білім

Жаңа түсінікті ұғу, есте сақтау және бұрынғы білімді еске түсіру. Оқушы тыңдайды, қабылдайды, есте сақтайды.

2) Дәптермен жұмыс

  • Күннің жадын және сабақтың тақырыбын жазу.
  • Көркем жазу: «а» дыбысынан басталып, «а» дыбысымен аяқталатын зат есімдерді жазу (мысалы: ара, ата, аға, апа, ана).

3) Оқулықпен жұмыс — 400-жаттығу

«Акуланың тапсырмасы»: сурет бойынша жұмыс жүргізіледі. Оқушылар суреттегі заттардың атын атап, санын анықтайды және бір-бірінен айырмашылығын табады.

4) Түсіну — 401-жаттығу

«Айсбергтің тапсырмасы»: қарамен жазылған сөздерді түбір күйіндегі қалпымен салыстыру. Оқушы жаңа материалды өз сөзімімен түсіндіреді, айтады, көрсетеді, жазады.

Қосымша сұрақ: бұл қай ақынның өлеңі?

Әнуарбек Дүйсенбиев.

Ә. Дүйсенбиев 1931 жылы Алматы облысы, Қарақастек ауылында (тау етегінде) дүниеге келген. Балалар ақыны, Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. «Сыйлық», «Не деу керек?», «Қайырлы таң, балалар» сияқты өлеңдері бар. Өлеңдер жинақтары қырғыз, татар, украин тілдерінде де басылып шыққан.

5) Ережемен танысу

Зат есімдердің жекеше және көпше түрі, көптік жалғауларының қолданылуы түсіндіріліп, ереже оқытылады.

6) Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз демалып алайық.

7) Қолдану — 402-жаттығу

«Теңіз қарақшыларының тапсырмасы»: көптік жалғауларының тиістісін қойып жазу, көпше түрдегі зат есімдердің астын сызу. Оқушы ойланады, салыстырады, талдайды және қорытынды жасайды.

IV. Сабақты бекіту

Бекіту

Талдау — 403-жаттығу

«Кемені теңіз дауылынан құтқару» шығармашылық жұмысы:

  • 1-қатар: ребусты шешу, шешуіне сұрақ қою, зат есімнің қай түріне жататынын анықтау.
  • 2-қатар: ребус шешуіндегі сөзді қатыстырып сөйлем құрау.
  • 3-қатар: ребус шешуіне сәйкес сурет салу.

Жинақтау — 404-жаттығу

«Жарқын болашақ аралына жету» кезеңі «Кім тапқыр?» ойыны арқылы орындалады: берілген көптік жалғауларды қабылдайтын сөздерді табу.

V. Үй тапсырмасы, қорытынды, бағалау

Аяқтау

Үйге тапсырма

405-жаттығу.

Сабақты қорытындылау

Рефлексиялық сұрақтар: «Біз бүгін не білдік? Не үйрендік? Не көрдік?» (оқушылардың жауаптары тыңдалады).

Біздің еліміз — Қазақстан Республикасы. Ел болашағы — білімді ұрпақ екенін ескеріп, бүгіннен бастап «біз әлі кішкентаймыз» демей, білім алуға жауапкершілікпен қарап, жарқын болашаққа нық қадам жасауға талпынамыз.

Бағалау: сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталып, бағаланады.

Ескерту

Сабақ соңында келесі сабақтың тақырыбы мен мақсаты алдын ала хабарланады.