Бақытты өмір төккен нұр
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың ұстамдылық, сабырлылық сияқты адами қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту.
Сабақтың міндеттері
- Ұстамдылық пен сабырлылықтың мәнін түсіндіру.
- Өзара жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
Көрнекі құралдар
Суреттер, жүрек.
Сабақтың форматы
Жаңа сабақ.
Әдістер
Сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлау, ойын.
Сабақтың барысы
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірімен амандасады. Жылы сөздер арқылы сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастырылады.
Сәлемдесу
Жарқырап күн де ашылды,
Күн нұры түгел шашылды.
Қайырлы күн, қонақтар,
Біз әдепті баламыз.
Қайырлы күн, ұстазым,
Біз көңілді боламыз.
Шаттық шеңбері
Қане-қане тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Оң жақтағы көршіге,
Сол жақтағы көршіге
Күлімсірей қарайық.
Көкке қолды созайық,
Бір-бірімізден озайық.
Құшақтасып әркез де
Тату-тәтті болайық.
Тапсырмалар
- 1 Сурет бойынша әңгіме құрастыру.
- 2 Әңгіменің мазмұнын қысқаша айту.
«Бізге ашық күн керек» өлеңі
Бізге ашық күн керек,
Аспан керек мөп-мөлдір.
Қуанышқа тұр бөлеп,
Бақытты өмір төккен нұр.
Жеңдіріп біз ашуды,
Ақылға әркез келеміз.
Азамат боп ер жетіп,
Ағаларға ереміз.
Әңгімелесу
Өлеңдегі «Жеңдіріп біз ашуды, ақылға әркез келеміз» деген жолдар арқылы балалардың ашу мен ақылдың арақатынасы туралы ойы тыңдалады.
Сұрақтар
- «Жеңдіріп біз ашуды, ақылға әркез келеміз» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Сендердің ашуланған кездерің болды ма?
- Ашуланған сәтте өздеріңді қалай сезінесіңдер?
- «Ашу — дұшпан, ақыл — дос» деген мақалды қалай түсінесіңдер?
Негізгі ой
Адам ойланбай әрекет етсе, оның соңы жиі кикілжіңге ұласады. Ал кикілжің болған жерде ашу пайда болады. Ашу адамның өзіне де, өзгеге де зиян: көңіл күйі түседі, ешнәрсеге зауқы соқпайды, жағымсыз сөз айтып, айналасындағыларды ренжітуі мүмкін. Ашумен дұрыс шешім қабылдау қиын. Сондықтан қандай жағдайда да ақылға жүгініп, сабыр сақтап, ұстамды бола білу маңызды.
Мәтінмен жұмыс
Ж. Дәуренбековтың «Сурет» әңгімесі сабақтың негізгі идеясын ашу мақсатында оқылып, талданады.
Талқылау сұрақтары
- Саматқа Азамат неліктен ренжіді деп ойлайсыңдар?
- Азаматтың ашуының басылуына не себеп болды?
Дәйексөз
Ақыл — адам көрігі, ақылдың сабыр серігі.
Мұхтар Әуезов
Ақылға салу
Ашу үстінде асықпай, жағдайды ой елегінен өткізу.
Сабыр сақтау
Сезімді реттеп, тыныштықты жоғалтпау.
Ұстамдылық
Өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, артық сөзден тартыну.
Ашуды жеңудің ең тиімді жолдары — ақылға салу, сабыр сақтау, ұстамды болу. Ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл, қайырымды, мейірімді адам ашуға бой алдырмай, шешімді санамен қабылдайды.