Тіл дамытудың негізі - оқушылардың сөздік қорын байыту және сол сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру
Түсінік хат
Бұл бағдарлама Қазақ тілін оқытудың тұжырымдамасы мен Қазақ тілінің мемлекеттік стандартына (2012 ж.) сәйкес түзетілген негізгі бағдарлама аясындағы білімді бір жүйеге түсіріп, әрі қарай жеделдетіп дамытуға бағытталған.
Оқыту өзектілігі
Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін оқыту оқушылардың қазақша еркін сөйлей алуына мүмкіндік беретін деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Оқушылар қазақша ауызекі сөзді түсініп, өздері де көрген-білгенін, ойын қазақ тілінде айта алуы, оқуы және жаза білуі керек.
Ол үшін тұрмыста жиі қолданылатын сөздерді меңгеріп, қазақ тіліне тән дыбыстардың емлесін білуі және дыбыстарды дұрыс айтуға дағдылануы маңызды.
Тіл мәдениеті
Қоғамның ертеңі — жас ұрпақты тіл мәдениетіне баулу. Бұл — бүгінгі күннің басты талабы.
Мемлекеттік тіл
Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, орыс тілді сыныптарда оны оқытуға ерекше мән берілуі қажет.
Оқытудың негізгі мақсаты
Қазақ тілін оқытудағы мақсат — оқушыларды қазақ тілінде ауызекі сөйлесуге үйрету, сөздік қорын байыту, жаңадан үйренген сөздерді орынды қолдану, сөйлемді дұрыс құрау және мұғалімнің сұрағына түсінікті жауап беру тәсілдерін меңгерту.
Тіл дамытудың негізі
Тіл дамытудың негізі — оқушылардың сөздік қорын байыту және сол сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру. Оқушы сөзді неғұрлым көп білсе, жұмыстың басқа бағыттары соғұрлым жедел жүзеге асады.
Оқу үдерісіндегі міндеттер
Оқушылардың сөздік қоры мен сөйлеу дағдыларын ескере отырып, әр сабақта жүйелі түрде төмендегі жұмыстар ұйымдастырылады:
- Меңгерілген сөздер арқылы сөйлем құрату және жаңа сөз үйрету.
- Қазақ тіліне тән дыбыстарды ажырата білуге үйрету, дұрыс айту дағдысын қалыптастыру.
- Сауатты жазуға дағдыландыру.
- Жеңіл, қысқа мәтіндерді оқуға машықтандыру.
- Түсінгенін ауызша жеткізе білуге және өз ойын жүйелі айтуға үйрету.
- Жұптық және топтық сөйлесу арқылы бір-бірімен қазақша тілдесуге жаттықтыру.
- Әртүрлі жазба жұмыстарын ұйымдастыру.