Бәріміз қосылып айту

Тақырып: «Сабыр түбі — сары алтын» Құндылық: Тыныштық

Негізгі қасиеттер

  • Сыйластық
  • Тазалық
  • Адалдық
  • Қайырымдылық

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға сабырлылық пен ұстамдылық сияқты адами қасиеттердің мәнін ұғындырып, олардың адамның ішкі тыныштығын сезінуіне тікелей әсер ететінін түсіндіру.

Міндеттері

  • 1 Сабырлылық пен ұстамдылықтың ішкі тыныштыққа әсерін түсіндіру.
  • 2 Оқушыларда сабырлылық пен ұстамдылық қасиеттерін дамыту.
  • 3 Ақыл-ой тазалығына тәрбиелеу арқылы жан тыныштығын қалыптастыру.

Ресурстар

Оқулық Дәптер Аудио/видео жазбалар

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқу құралдарын түгендеу, назарды сабаққа шоғырландыру.

2) «Тыныштық сәті»: Күннің нұры

Ыңғайланып отырыңыз: денеңізді түзу ұстаңыз, аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көзіңізді жұмып, тынысыңызды бірқалыпты реттеңіз.

Елестетіңіз: төбеңізден күннің жылы нұры төгіліп, кеудеңізге қарай баяу жылжиды. Кеудеңіздің ортасында гүлдің түйнегі бар. Нұр әсерімен ол біртіндеп ашылып, балғын әрі таза гүлге айналады. Бұл гүл сіздің ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды және ниетіңізді тазалап, жүрегіңіздің мейірімін оятады.

Нұр сәулесі бойыңызға тарай береді: қолдарыңыз нұрға бөленіп, тек игі істер жасауға ұмтылады. Нұр аяқтарыңызға жетіп, сізді тек жақсылыққа бастайтын жолдарға жетелейді. Одан әрі нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды: тіліңіз шындықты және ізгі сөзді ғана айтады.

Нұрды құлағыңызға бағыттаңыз: құлағыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді. Нұр көзіңізге жетеді: көзіңіз әр нәрседен жақсылықты көреді. Басыңыз түгел нұрға толып, санаңызға жарық, мейірімді ойлар орнығады.

Нұр күшейіп, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды жақындарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Түсініспей жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де жылылыққа толсын.

Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы әлем сіздің жүрегіңізде екенін сезініңіз. Осы тыныш күйді сақтап, жаймен көзіңізді ашыңыз. Рақмет.

Үй тапсырмасын тексеру

Тапсырма: Ы. Алтынсариннің «Асыл шөп» әңгімесін оқып келу.

Талқылауға сұрақтар

  • Бәтиманың көңілді жүруінің себебі неде деп ойлайсың?
  • Сабырлы адам қандай болады?
  • Зылиқа «сабыр» атты шөпті таба ала ма? Неге?
  • Шыдамды, сабырлы адам болу үшін не қажет?

Өзіндік рефлексия

  • Өзің сабырлық танытқан сәттер болды ма?
  • Сабырсыздық танытқан кездерің болды ма? Қандай қорытынды шығардың?

Сабақты талдау

1) Дәйексөз

«Асығыс түбі — өкініш, ойланып алмақ — сабыр сол.»
Абай Құнанбаев

Талқылау: Неліктен «асығыстың түбі — өкініш» дейміз? Дәйексөзді сынып болып бірге айту, кейін ұлдарға 2 рет, қыздарға 2 рет қайталату.

2) Әңгімелеу: «Сабыр суы» (аңыз әңгіме)

Бір адамның басынан мынадай оқиға өтіпті. Ол ауылдың ақсақалына мұңын шағып келіпті: «Көршілерім үнемі тиіседі, жиі ұрысып қаламыз. Олармен сөйлесуден қалдым. Әбден шаршадым. Ақыл-кеңес беріңіз, не істейін?» — дейді.

Ақсақал ойланып отырып, бірнеше сұрақ қояды. Содан соң бір құты су ұсынып: «Осы су саған көмектесуі тиіс. Көршілерің жұмыстан келген сайын осы судан бір ұртта. Бірақ бірден жұтпай, аузыңда біраз уақыт ұста», — дейді.

Біраз уақыт өткен соң әлгі адам қайта келіп: «Су таусылып қалып еді. Сіз берген су көмектескен: көршілеріммен қарым-қатынасым түзеліп, көңілім орнығып, ішкі тыныштығым қалыптасқан еді. Су таусылғалы бері бәрі бұрынғыдай болды. Тағы беріңізші», — деп өтінеді.

Сонда ақсақал күліп: «Айналайын, ол су — жай ғана кәдімгі су. Оның көмегі — көршілерің шаршап келгенде не болса соны айтып жіберуге аузың бос болмады, үндемей қарсы алуға мәжбүр болдың. Егер өзіңді қолға алып, шыдамдылық пен сабырға үйренсең, өзіңді тізгіндей алсаң, бұл жағдайда саған өзгенің көмегі де қажет емес», — дейді.

Сұрақтар

  • Адам ақсақалға не үшін келді?
  • Ақсақал қандай ақыл-кеңес берді?
  • Ақсақал суды не үшін ұсынды?

Тереңдету

  • Неліктен көршінің тыныштығы жиі бұзылды?
  • Сенің ойыңша, сабырлы адам қандай болуы керек?
  • Сабырлы адамды ең бақытты адам деуге бола ма? Неліктен?

3) Шығармашылық жұмыс (топтық)

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Тапсырма: берілген үлгіге сүйене отырып, өз бетімен ұйқас құрап, өлең шығару.

Түпнұсқа: «Көңілді күн» (үзінді)

Бүгін қандай тамаша...

Біз үйде де, аулада...

Көңілді күн (3 рет)...

Сездіреді...

Мұғалімнің үлгісі

Өз-өзіңді ұстай біл, төзімді бол,

Қызбалыққа салынбай, шыдамды бол.

Сабырлы да ұстамды бола білу —

Сездіреді жүрекке тыныштықты.

Қайырмасы

Біз үйде де, аулада сабырлымыз,

Шыдамдымыз, төзімдіміз.

Жарасымды, тартымды, ұстамдымыз,

Ұстамдымыз әрқашан!

4) Топпен ән айту

«Көңілді күн» әні (А. Қалаубаева). Орындау барысында сабыр, төзім, ұстамдылық туралы сөздерге мән беру.

Орындауға арналған нұсқа

Өз-өзіңді ұстай біл, төзімді бол,

Қызбалыққа салынбай, шыдамды бол.

Сабырлы да ұстамды бола білу —

Сездіреді жүрекке тыныштықты.

Қайырмасы

Біз үйде де, аулада сабырлымыз,

Шыдамдымыз, төзімдіміз.

Жарасымды, тартымды, ұстамдымыз,

Ұстамдымыз әрқашан!

5) Үй тапсырмасы

  • 26-сабақ: М. Көккөзовтің «Бұлақ сылдыры» мәтінін оқып келу.
  • Дәптер: 25-сабақтағы тапсырманы орындап келу.

6) Соңғы тыныштық сәті

«Тыныштық... бар жерде, тыныштық... бүкіл әлемде».

  • 1 Көзіңізді жұмып, бүгінгі сабақта айтылған ойлар мен іс-әрекеттерді ой елегінен өткізіңіз.
  • 2 Барлық жақсы ойларды жүрегіңіздің түкпіріне орналастырыңыз.
  • 3 Енді жаймен көзіңізді ашыңыз. Сабақ аяқталды. Бүгінгі күндеріңіз қуаныш әкелсін!