Грамматикалық тапсырмаларды орындау

Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті бағыты

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі — өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынас жасауына жағдай қалыптастыру. Осы мақсатта жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілін жаңа әдіс-тәсілдермен және технологиялармен оқыту жолдары кеңінен қарастырылуда. Жаңа технологияларды ұтымды қолдана алсақ, оқушының тілге деген қызығушылығы артып, оқу үдерісі нәтижелі болатыны анық.

Қолданылатын технологиялар

Тәжірибеде тиімділігі байқалатын бағыттардың қатарында проблемалық оқыту, интерактивті оқыту, ойын технологиясы, қатысымдық (коммуникативтік) оқыту және өзге де тәсілдер бар. Олардың барлығы қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгертуде оқушылардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Неге қатысымдық технология?

Өз тәжірибемде қатысымдық технологияны таңдауға бастапқы сауалнама нәтижелері түрткі болды. 3 және 4-сынып оқушылары арасында (әр сыныптан 10 оқушы) қарым-қатынас мүмкіндіктері бағаланды. Көп жағдайда оқушыларға сынып алдында сөйлеу, тақырыпты жүйелі жеткізу, хабарлама жасау сияқты әрекеттер «қиын» болып көрінді.

Бастапқы сауалнама (әр сыныпта 10 оқушы)

Көрсеткіш: «қиын» және «жеңіл» деп бағалау

Қарым-қатынас мүмкіндігі 3-сынып: қиын 3-сынып: жеңіл 4-сынып: қиын 4-сынып: жеңіл
Сынып алдында сөйлеу (жауап беру) 6 4 2 8
Тақта алдында тақырыпты жүйелі мазмұндау 5 5 2 8
Белгілі тақырыпқа хабарлама/баяндама жасау 7 3 3 7
Өз жауабымен сыныптастарын еліктіру 3 7 2 8

Қатысымдық оқыту технологиясының мәні

Қатысымдық оқыту технологиясы — тілді қарым-қатынас негізінде үйрету. Бұл тәсіл оқушылармен бірлесіп әрекет етуге, іскерлік байланыстар орнатуға және диалог арқылы оқытуға бағытталады. Әдістемеде ойын элементтері мен диалогтік жұмыс басым қолданылады.

Бастауышқа әсері

1–4 сыныптарда қатысым әдісі оқушының ойлау, ой қорыту, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық қабілеттерін жүйелі қалыптастыруға және тіл байлығын дамытуға бағытталған.

Нақты мақсат

Оқу мазмұнын өмірлік жағдаяттармен ұштастырып, мәнерлі әрі жатық сөйлеуге баулу; шығармашылық амал-тәсілдер арқылы тілдік әрекетті тұрақтандыру.

Қатысымдық құзыреттілік және оны құраушы бағыттар

Бастауыш сыныпта қазақ тілін қатысым әдісімен оқытуда қалыптасатын негізгі нәтижелердің бірі — қатысымдық құзыреттілік. Құзыреттілік тек білім көлемімен өлшенбейді: ол оқушының меңгерген білімін практикада қолдануы, дағдылары мен біліктерін орынды пайдалана білуі.

Қатысымдық құзыреттіліктің мазмұны

  • Қазақ тілінде тілдік қатынас жасау, ұғынысу, түсінісу.
  • Күнделікті жағдаяттарда тілдесім арқылы өз ойын жеткізу.
  • Айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым үдерістерін бірлікте жүзеге асыру.
  • Өз пікірін дәлелдей алатын, өзіндік ойы бар тұлға ретінде қалыптасу.

Құраушы құзыреттіліктер: танымдық, уәжділік, әлеуметтік-ақпараттық

Оқушылардың қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік тудыратын негізгі бағыттар: танымдық, уәжділік және әлеуметтік-ақпараттық құзыреттіліктер.

1) Танымдық құзыреттілік

Ойлау қабілетін, дүниетанымды, сөздік қорды және қатысымдық әрекетті дамытатын тапсырмалар танымдық құзыреттілікті күшейтеді.

Сабақ үлгісі (4-сынып): «Үй жануарлары»

  • Сөйлемді көшіріп жаз.
  • Төрт түлік туралы айт.
  • Неліктен халқымыз төрт түлікті қастерлейтінін анықта.

Тірек мәтін

Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Малдың еті, сүті, жүні, терісі, тіпті мүйізі мен сүйегіне дейін тұрмысқа жаратып отырған. «Мінсе — …, ішсе — …, жесе — …, кисе — … болады» сияқты ойды толықтырып жаз.

Мұндай тапсырмалар оқушыны ойлануға, қажет сөзді дәл таңдауға, «төрт түлік» ұғымының мағынасы мен киелілігін түсінуге жетелейді.

Сызбамен жұмыс

4-сыныпта септік жалғаулары бойынша қорытынды сабақта білімді топтастырып, кластер құрастыру ұсынылады.

Суретпен жұмыс

2-сыныпта «Жаз» тақырыбын қайталауда «Көктем» және «Жаз» суреттерін салыстырып, «балық қаңқасы» сызбасын толтыру арқылы себеп–факт–қорытындыны құрастыру үйретіледі.

2) Уәжділік құзыреттілік

Білімді саналы игеру өз бетінше жұмыс істеуді және оқу мақсатын түсінуді талап етеді. Оқуға деген ынта бірден қалыптаспайды; жас өскен сайын уәждің мазмұны тереңдейді. Бұл бағытта ойын сабақтарының орны ерекше: оқушы өзін еркін сезінеді, жеңіске ұмтылады, сол арқылы пәнді меңгеруге ынтасы артады.

Ойын сабақ үлгісі: «Дәрігер»

Мақсаты

«Дәрігер» тақырыбы бойынша сөздік қорды молайту, тіл дамыту жұмыстарын жүргізу, дәрігер мамандығына құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру.

Көрнекіліктер

Ақ халат, қалпақ, градусник, рецепт қағазы, қалам, фонендоскоп және т.б.

Үлгі диалог

Дәрігер:
Қай жерің ауырады?
Ауру:
Тамағым ауырады.
Дәрігер:
Ыстығың бар ма?
Ауру:
Ыстығым бар. 38 градус.
Дәрігер:
Сенің тамағың — ангина. Дәрі жазып берейін.

Ойын оқушыны сөзді дәл таңдауға, сөйлем мен диалогты дұрыс құрауға ынталандырады. Келесі оқушылар бір ғана үлгіні қайталамай, жаңа сөйлеу нұсқаларын ұсынуға үйренеді.

Сюжеттік сабақ үлгісі (3-сынып): «Аңдар» тақырыбы

Қорытынды сабақты «Бауырсақ» ертегісінің желісімен өткізу оқушыларды тапсырманы орындауға жұмылдырады: кейіпкерлердің сұрақтарына мүлтіксіз жауап берсе — «құтылады».

І тапсырма

Берілген сөздермен сөйлем құра: ақбөкен, бұғы, барыс, елік, аю, көжек, қоян, қонжық.

ІІ тапсырма

Сөйлемді толықтыр: «Мынау өте … және … піл». «Аңдар … және … мекендейді». «Хайуанаттар бағынан …, …, … көруге болады».

ІІІ тапсырма

Диалогты толықтыр.

IV тапсырма

Дұрыс тіркесті сәйкестендір: тиін, аю, көжек, қасқыр, маймыл, түлкі ↔ бал жейді, алдайды, ағаштан ағашқа секіреді, жаңғақ шағады, қорқақ, ұлиды.

V тапсырма

Берілген сурет бойынша шағын әңгіме құра.

Мұндай сабақтар ойлау қабілетін дамытады, тілді байытады, сөйлем құрау шеберлігін жетілдіреді.

3) Әлеуметтік-ақпараттық құзыреттілік

Бұл құзыреттілік оқушының өз ортасында айтылған сөзді тыңдай, айта, оқи, жаза алуы; өзгелермен тілдесімде пайымдай және бағдарлай білуі; сөз мағынасын аңғарып, өз бетінше ізденуі арқылы қалыптасады. Сонымен қатар сыныптан тыс ақпарат көздері де маңызды рөл атқарады.

Мысал (4-сынып): «Жануарлар әлемі» модулі

«Үй жануарлары» тақырыбын өткенде аудиотаспадан «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісі тыңдалып, пікір алмасу жүргізілді.

Тапсырма

Үй жануарларының пайдасы туралы әңгімеле.

Сөздік, рөлдік, грамматикалық жаттығулар мен ойындар балалардың сауаттылығын арттырып, сөздік қорын молайтады және өзара ақпарат алмасуға үйретеді.

Сыныптан тыс жоба жұмысы: тілдік белсенділікті күшейту

Қатысымдық қабілетті дамыту үшін берілген тақырыптар бойынша сыныптан тыс жоба жұмыстарын ұйымдастыру тиімді. Жобаны қорғау барысында оқушылардың сөйлеу тәжірибесі кеңейіп, қарым-қатынас мәдениеті қалыптасады.

Жоба қорғауда қолданылатын жұмыс түрлері

  1. 1 Белгілі тақырып бойынша сұрақ-жауап арқылы пікір алмасу.
  2. 2 Қосымша әдеби материалдарға сүйеніп, сөздік қорды байыту.
  3. 3 Жаңа сөздерді қолданып, жеке сөйлеу тілін дамыту.
  4. 4 Топ ішіндегі қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.

Мысал жобалар (4-сынып): «Отбасы және ондағы еңбек» модулі

«Мұғалім», «Дәрігер», «Құрылысшы» тақырыптары бойынша жасалған жобаларды талқылау кезінде оқушыларға мына міндеттер қойылды:

  • Мамандықтың қоғамға қажеттілігін дәлелдеу.
  • Жақсы маман болу үшін адамға не қажет екенін анықтау.
  • Елдегі немесе қаладағы осы мамандық иелерінің шеберлері туралы мәлімет жинау.
  • Мамандықты қалай таңдау керектігін талқылап, топ мүшелерінің пікірін анықтау.

Нәтижесінде тіл үйренуге қызығушылық артып, өз бетінше іздену дағдысы нығайып, пікірталасқа түсу мүмкіндігі кеңейеді.

Мониторинг және сауалнама нәтижелері

Сабақтарда рөлдік ойындарды оқу, жазу, аудару жұмыстарымен алмастыра отырып, оқушылардың есте сақтауын, есту арқылы қабылдауын, әсерлі сөйлеуін (қимыл, мимика), сауаттылығын және «тілдік серік» болу мүмкіндігін жүйелі дамыттым.

3 жылдық мониторинг көрсеткіштері

  • Оқу дағдысы
  • Сұхбат жүргізу
  • Грамматикалық тапсырмаларды орындау

Әсіресе 4-сыныптарда білім-білік сапасының өскені байқалды.

Қорытынды сауалнама нәтижелері

Эксперимент соңындағы «қиын» → «жеңіл» ауысымы

Қарым-қатынас мүмкіндігі 3-сынып: қиын 3-сынып: жеңіл 4-сынып: қиын 4-сынып: жеңіл
Сынып алдында сөйлеу (жауап беру) 3 7 1 9
Тақта алдында тақырыпты жүйелі мазмұндау 2 8 1 9
Белгілі тақырыпқа хабарлама/баяндама жасау 4 6 2 8
Өз жауабымен сыныптастарын еліктіру 1 9 1 9

Тәжірибе нәтижелері және қорытынды

Қазақ тілі сабағында қатысымдық технологияны жүйелі қолдану арқылы оқушылардың қатысымдық құзыреттілігі дамып, тілдік белсенділігі артты. 2011–2012 оқу жылында оқушылардың бірқатары жүлделі орындарға ие болды. Жинақталған тәжірибе негізінде «Сабақ үлгілері» атты көмекші құрал құрастырылды.

Қорытындылай келе, қатысымдық (коммуникативтік) технология — бастауыш сынып оқушысының тіл үйрену үдерісінде ең маңызды әрі тиімді бағыттардың бірі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. 1 «Бастауыш мектеп» журналдары.
  2. 2 Оразбаев F. «Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері». Пед. ғыл. докт. дисс. — Алматы, 1996.
  3. 3 «Қазақстан мектебі» журналдары.
  4. 4 Қасбаева Г. С. «Мемлекеттік тілді коммуникативтік бағытта оқыту жолдары». «Қазақ тілі Қазақстан мектебінде», 2008, №5.
  5. 5 Интернет материалдары (қосымша дереккөздер).