Сыныпқа сұрақ
Сабақтың тақырыбы
Қабдеш Жұмаділов — «Қаздар қайтып барады» әңгімесі.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасау; оқушылардың жаңа білімді өздігінен игеруі арқылы шығарманың мазмұнын, тақырыбы мен идеясын ашу.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілеттерін дамыту; ойды нақты әрі дәл жеткізуге, өз позициясын қорғай білуге дағдыландыру; дүниетанымды кеңейтіп, белсенділікті арттыру.
Тәрбиелік
Туған жерге, Атамекенге деген сүйіспеншілікке және патриоттық сезімдерге тәрбиелеу.
Сабақтың сипаттамасы
Типі
Жаңа білімді оқушылардың өз бетімен меңгеру сабағы.
Әдіс-тәсілдер
- Әңгімелеу
- Топтық жұмыс
- Интерпретация
- Формативті бағалау
- Проблемалық сұрақтар
Көрнекіліктер
Үнтаспа, әдеби көркем шығармалар, таратпалы кестелер.
Сабақтың эпиграфы
«Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары».
Эпиграф сабақтың негізгі идеясына — туған жердің қымбаттығына — назар аударады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгін біз әдебиетімізде өзіндік қолтаңбасы бар, тарихи шығармалардың шебері, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов және оның «Қаздар қайтып барады» әңгімесі туралы әңгімелейміз.
Қ. Жұмаділов 1936 жылы Шығыс Түркістанда (Қытай Халық Республикасы) дүниеге келген. Қазақ әдебиетіне әңгіме-хикаяттарымен қатар «Көкейкесті», «Атамекен», «Соңғы көш», «Тағдыр» сияқты көлемді романдар қосқан. «Тағдыр» романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Жазушы жайында замандасы Әкім Таразы былай деген:
«Қабдештің өмірбаяны біздің ешқайсымызға ұқсамайды. Себебі ол Қазақстанда емес, сонау Шығыс Түркістанда, қаймағы бұзылмаған көшпенділер ауылында туып-өсті. Бір елде дүниеге келіп, есейген шағында атажұртына келіп, сол ел туралы шығарма жазды. Оған табиғи талантымен қоса өмір тәжірибесі көмектесті».
Ел-жұрттан, Атамекеннен жырақта жүрген қандастардың асыл арманы «Қаздар қайтып барады» әңгімесінде айрықша өрнектеледі.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру
Сыныпты бес топқа бөлу.
2) Үй тапсырмасын тексеру
- М. Мақатаев: «Авторға хат» жазу.
- Ақын шығармаларынан үзінді оқу.
3) Жаңа сабаққа кіріспе: ассоциация
Сұрақ: «Қаздар қайда қайтуы мүмкін?»
Осы ойларды негізге ала отырып, енді шығарманың өзімен танысамыз. (Баяу күй әуені қосылады.)
4) Әңгіменің мазмұнымен танысу
Бес топқа әңгіменің мазмұны бойынша бес түрлі мәтін таратылып беріледі.
Топтағы рөлдер
- Баяндамашы
- Бақылаушы
- Секундомер
Уақыт өлшемі
- Мәтінді игеру4 минут
- Топта талқылау, ой қосу2 минут
5) Әңгіменің мазмұнын баяндау (қысқаша желі)
Мұғалімнің баяндауы
Тау іші. Шетсіз-шексіз жайлау. Ұшқан құс пен жүгірген аңнан басқа тіршілік белгісі байқалмайды. Күз де жеткен шақ. Етікші шыңы көзге шалынады. Шекара асып, арғы бетке өтетін жолаушы осы шыңнан асады, өйткені ол — төте жол.
Мәтін бөліктерін байланыстыруға арналған эпизодтар
- 1 I топ жалғастырады.
- 2 1-мәтін мен 2-мәтінді байланыстыратын үзінді оқылады.
- 3 Қарт біраз жүрген соң Тентек-Халдай өзеніне жетеді. Алаңқайда демалып отырғанда, анадай жерде жатқан адамның қу басын көреді. Шошынған қарт: «Сүйегімді жат жерде қалдыра көрме, енді екі-ақ күндік өмір бер!» — деп Құдайға жалбарынады.
- 4 Төлеутай — қарттың жалғыз немересі. Қарт қандай қиындық көрсе де, немересін әрі ауылдастарын қара қайратымен асырап, жоқшылыққа жібермей ұстап келген.
- 5 Бір күні аңнан келген қартты екі сақшы алып кетіп, тергеусіз түрмеге қамайды. Бір жылдан кейін ғана босайды. Ауылға оралғанда, елге жұт түсіп, малдан тігерге тұяқ қалмағанын біледі. Өзі жоқта жалғыз жұбанышы — Төлеутай аштыққа шыдамай, қыршынынан қиылған. Жетпіске келген қарт үшін дүниенің қызығы да, мәні де қалмайды. Дәл осындай шақта жүрегінде бір сәуле жылт етіп, бір жанып, бір өшеді: ол — 40 жыл бойы аңсаған Атамекенге сапар.
- 6 Мәтіннің шешімін түпнұсқадан үзінді оқып беру.
6) Қорытынды пікір және проблемалық сұрақтар
Әр топтың бақылаушысы өз тобының жұмысын қорытындылап, қысқаша тұжырым жасайды.
Проблемалық сұрақтар
- Қарттың бөтен елде өмір сүру себебі неде деп ойлайсыңдар?
- Жазушы, Байтас қарт және қаздар арасында қандай ұқсастық бар?
Талқылауға арналған сұрақтар
- Шығарманың тақырыбы қандай?
- Осыдан шығатын идея қандай?
7) Мәтін бойынша топтық жұмыс
Бес топқа бес түрлі тапсырма беріледі.
1-топ
Әңгімеден өзіңе ерекше әсер еткен оқиғаны тауып, мәтіннен оқып бер.
2-топ
Қарттың Атамекен топырағын аттаған сәттегі сезімі мен қуанышы мәтінде қалай суреттелген?
3-топ
Байтас қартқа мінездеме бер. Қарт бойынан қандай ерекшеліктерді байқадыңдар? Кестені толтыр.
| Кейіпкер | Шығармадағы іс-әрекеті | Бойындағы адами қасиеттері |
|---|---|---|
| Байтас қарт | Ұзақ та ауыр жолға шықты; көкжалмен алысты; туған жерге асықты; отбасынан, немересінен айырылды; шекарадан өтті; ата қонысына жетті. | Өмір тауқыметін көп көрген; еңбекқор; қажырлы, қайратты; қиындықты ақылмен жеңеді; жүрегінде сағынышы басым; адал жан. |
4-топ
Шығарманың композициялық құрылымына талдау жаса. Мәтіннен жер-су атауларын теріп жаз. Білетін атауларыңа географиялық тұрғыдан сипаттама бер.
5-топ
«Байтас қарт арманына жетті ме?» Кестені толтыр.
| Арманына жетті | Арманына жете алмады |
|---|---|
|
Ит-құсқа жем болмай, ата қонысқа жетті (мұны 40 жыл күткен). Өз үйінің, бөлмесінің орнын көрді. Ата-бабасына құран бағыштады. |
Қарттың ізімен ит жетектеген шекарашылар қуып жетті. Жалғыз өзі әрі қарай қалай өмір сүреді деген күмәнді сұрақ туады. Ертерек шешім қабылдап, Төлеутайға берген уәдесін орындап, бірге келуі керек еді деген ой қалады. |
Уақыт және бағалау
- Орындауға3 минут
- Талдауға1 минут
- Баяндамашының сөзі тыңдалады.
- Бақылаушы бағалау береді.
8) Сөздікпен жұмыс
Әр топ өз мәтінінен қиын сөздерді анықтап, мағынасын түсіндіреді (дәптермен жұмыс).
- Қозыкөш жер
- Аса алыс емес, біршама қашықтық өлшемі.
- Мойыл, ұшқат
- Өсімдік атаулары.
- Саптыаяқ
- Сұйықтық құйып ішуге арналған ыдыс.
9) Қорытынды ой
Сұрақ: Әңгіменің «Қаздар қайтып барады» деп аталу себебі неде?
Байтас қартты шекара асып, ауыртпалыққа төзуге жетелеген күш — туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл әркімнің туған жері өзіне ыстық екенін меңзейді.
Туған жер — кіндік қаның тамған, ата-баба ізі қалған, бауыр мен дос жүрген, тарихи Отаның. Сондықтан: «Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары». Отанға қалтқысыз еңбек ету — әр перзенттің міндеті.
10) Бағалау
Формативті бағалау үлгісі бойынша топтық жұмыс, жауап сапасы, дәлел келтіру, белсенділік ескеріледі.
11) Үй тапсырмасы
- Мәтіндік жоспар құру.
- Әр топ өз мәтінінен теңеулерді теріп жазу; пейзаж бен портретті тауып, кесте бойынша толтырып келу.