Жарыстың бағдарламасы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейдің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Жанарыстан Нұрлан Жанарыстанұлы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған білім қызметкерлері арасында өткізілетін «Сергектік» эстафеталық жарысының ережесін ұсынады.
Құжатта жарыстың мақсаты, ұйымдастыру тәртібі, өткізу уақыты мен орны, қатысу шарттары және 5 турдан тұратын бағдарлама толық көрсетілген.
I. Жарыстың мақсаты мен міндеттері
- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және Мұғалімдер мерекесін атап өту.
- Білім қызметкерлері арасында спорттың бұқаралығын арттыру.
- Дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру.
II. Жарысты өткізуге басшылық
Жарысты өткізуге жалпы басшылықты аудандық білім бөлімі жүзеге асырады.
Төрешілік жасау аудандық білім бөлімі бекіткен төрешілер алқасына жүктеледі.
III. Жарыстың өтетін орны мен уақыты
«Сергектік» эстафеталық жарысы екі кезеңде өткізіледі:
I кезең — Аймақтық (іріктеу)
- Күні:
- 2016 ж. 15–19 қыркүйек
- Уақыты:
- 15:00
II кезең — Аудандық (ақтық)
- Күні:
- 2016 ж. 23 қыркүйек
- Орыны:
- №249 мектеп-лицейдің спорт залы
- Уақыты:
- 15:00
IV. Жарыстың шарты және қатысушылар
Жарысқа білім қызметкерлерінен жасақталған командалар қатыса алады. Команда құрамы: 5 адам (3 ер, 2 әйел). Жарыс бағдарламасы 5 турдан тұрады.
Қатысу үшін міндетті талаптар
- Команданың бірыңғай спорттық киімі болуы тиіс.
- Өтінімде жіберуші мекеме басшысының қолы мен мөрі болуы қажет.
- Дәрігердің қатысуға рұқсаты болуы міндетті.
- Қажетті құрал-жабдықтарды қатысушылар өздері алып келуі керек.
Аймақтық (іріктеу) кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған мектеп командасы аудандық (ақтық) кезеңге жолдама алады.
V. Жарыс бағдарламасы
I тур
Барлық команда мүшелері доппен кедергілер арасынан жүгіріп өтіп, белгіден айналып, кері қайтады. Егер доп қолдан түсіп кетсе, сол жерден қайта жалғастыру қажет.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Доп — 1 дана
- Кедергі — 5 дана
II тур
а) 2 ер мұғалім 1 әйел мұғалімді көтеріп, кедергілер арасынан өтіп, белгіден айналып кері қайтады.
ә) 2-ші әйел мұғалім секіртпемен секіріп, белгіден айналып, кері қайтады.
б) 1 ер мұғалім 2-ші ер мұғалімнің аяғынан (арба тәрізді) ұстайды, ал ол қолмен жүріп белгіге дейін барады. Кері қайтуда орындары ауысады.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Секіртпе — 1 дана
- Кедергі — 5 дана
III тур
1-ші мұғалім белгіге дейін жүгіріп барып, белгіде тұрған шығыршықты беліне киіп, бастапқы орнына жүгіріп келеді. Содан кейін 2-ші мұғалімді шығыршыққа кіргізіп, екеуі бірге белгіге жүгіріп барып қайтады. 1-ші мұғалім шығыршықтан шығып қалады, 2-ші мұғалім 3-ші мұғалімді шығыршыққа кіргізіп, белгіге жүгіріп барып келеді. Осылайша жарыс соңғы қатысушыға дейін жалғасады. Соңғы қатысушы шығыршықты бастапқы орынға апарып қойып, жарысты аяқтайды.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Шығыршық — 1 дана
IV тур
Қатысушылар кедергілер арасынан жүгіріп өтіп, гимнастикалық төсеніштен алға домалап түседі. Одан кейін команданың бір мүшесі ұстап тұрған шығыршықтан өтіп, белгіден айналып, кері қарай тура қайтады. Соңғы қатысушы шығыршық ұстап тұрған қатысушымен тізбектеліп аяқтайды. Бір-бірінен ажырап жүгіруге болмайды.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Гимнастикалық төсеніш — 1 дана
- Шығыршық — 1 дана
- Кедергі — 5 дана
V тур
Арқан тарту. Төрешінің белгісімен командалар қарсыласын белгіленген сызықтан өз жағына қарай тартып шығаруға тиіс.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Арқан — 1 дана
VI. Жеңімпаздарды марапаттау
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Ұйымдастыру бөлімі