Циклдік алгоритмді программалау
Сабақ туралы мәлімет
- Сабақтың тақырыбы
- Циклдік алгоритмді программалау
- Көрнекіліктер
- Компьютер, сызбалар
- Әдістері
- Түсіндіру, ой қозғау, мағынаны ашу, өз бетімен жұмыс
- Бағалау
- Оқушыларды біліміне сай бағалау
Мақсаты
Білімділік
Оқушыларға циклдік алгоритмдерді құруды, цикл командаларының орындалуын және құрылымын түсіндіру.
Дамытушылық
Білімді жүйелеу, тиянақтау және жаңа тақырыпты түсіну дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Сауаттылыққа, ұжымда бірлесіп жұмыс істеуге баулу.
Міндеттері
-
Логикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, білім, білік, дағдыларды қалыптастыру.
-
Оқушының өз бетімен жұмыс істеуін қолдау және шығармашылық қабілетін дамыту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
-
Оқушыларды сабаққа дайындау, түгендеу.
-
Ұқыпты және ынталы болуға баулу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Алдыңғы тақырып бойынша білімін тексеру, негізгі ұғымдарды қысқаша қайталау.
III. Жаңа сабақ: циклдік алгоритмдер
Көп жағдайда аргументтердің әртүрлі мәндеріне байланысты алгоритмнің белгілі бір бөліктерін бірнеше рет қайталауға тура келеді. Осындай процестерді ұйымдастыру үшін циклдік құрылымды алгоритмдер, яғни қайталау операторлары қолданылады. Олар әртүрлі заңдылықтарға негізделген ережелер бойынша жұмыс істейді.
Цикл — белгілі бір әрекеттер тізбегінің бірнеше рет қайталанып орындалуы.
Цикл түрлері
Қадамдар саны белгілі цикл
Цикл түрлері
Қадамдар саны белгісіз цикл (шартты цикл)
Паскаль тілінде қайталау процесін жүзеге асыратын циклдік операторлардың үш түрі бар:
-
FOR — арифметикалық (параметрлі) цикл
-
WHILE — шартты алдын ала тексеретін цикл
-
REPEAT — шартты соңынан тексеретін цикл
Егер операторды неше рет қайталау керектігі алдын ала белгісіз болып, тек қайталану шарты берілсе, онда WHILE немесе REPEAT қолданылады. Ал қайталану саны алдын ала белгілі болғанда FOR операторы пайдаланылады.
FOR операторы: параметрлі цикл
FOR операторы параметрлі цикл операторы деп те аталады, себебі қайталау саны функция аргументі сияқты циклдің параметрі қызметін атқаратын басқару айнымалысы арқылы беріледі.
Жазылу түрлері
for i := S1 to S2 do
for i := S1 downto S2 do
Түсіндірме
-
S1 және S2 — цикл параметрінің бастапқы және соңғы мәндерін анықтайтын өрнектер.
-
for…do — цикл тақырыбын анықтайтын түйінді сөздер.
-
Цикл тұлғасы — қайталанып орындалатын командалар жиыны.
Түйінді сөздердің мағынасы: FOR — «ҮШІН», TO — «ДЕЙІН», DO — «ОРЫНДАУ».
Паскаль тілінде цикл параметрі міндетті түрде бүтін немесе реттелген типтегі айнымалы болуы қажет.
Параметрдің өзгеру қадамына байланысты TO немесе DOWNTO қолданылады:
Қадам +1
TO қолданылады
Қадам −1
DOWNTO қолданылады
Параметрдің бастапқы және соңғы мәндері бүтін сан түрінде немесе өсуі/кемуі бойынша реттелетін болуы тиіс. Қажет болған жағдайда оларды бүтін сан мәнін беретін арифметикалық өрнек ретінде де жазуға болады.
Сабақты бекіту
Бекіту тапсырмалары
- Циклдік алгоритм дегеніміз не?
- Қандай циклдік операторлар бар?
- FOR операторының жазылу форматы қандай?
Үй тапсырмасы
Циклдік алгоритмдерді программалау. Цикл түрлері.
Қорытынды
Бұл сабақта цикл ұғымы, қадамдар саны белгілі және белгісіз циклдер, сондай-ақ Паскаль тіліндегі FOR, WHILE, REPEAT операторларының қолданылу жағдайлары қарастырылды.