Құтты болсын ұлы той
Іс-шараның мақсаты
Балаларға Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі туралы түсінік беру; патриоттық сезімдерін ояту; адамгершілікке баулу; қазақтың салт-дәстүрлерін кішкентайынан бойына сіңіру; ынта, зейін, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Кіріспе сөз
Жүргізуші
Құрметті қонақтар, ардақты ата-аналар, сүйікті де сүйкімді кішкентай бөбектер! Бүгін сіздермен бас қосуымызға себеп болып отырған қазақтың ұлы ұлттық мейрамы — Наурыз мерекесі!
Жаңғырар дәстүр-салтымның,
Көгерсін менің халқымның,
Мерекесі — Наурыз, жыл басы!
Саша
Оу, халайық, халайық!
Әсем әнге салайық!
Наурыз тойы көңілді —
Бірге қарсы алайық!
Жүргізуші
Олай болса, қадірлі қонақтар, ардақты әже-аналар, кішкентай бөбектер — Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын! Наурыз жолы оң болсын, ақ мол болсын!
Балалардың тақпақтары
Жүргізуші
Кел, балалар, келіңдер — тамашаны көріңдер!
Томсырайып тұрмаңдар, жатқа тақпақ айтыңдар!
Дариға
Шуақ төгіп көкте күн,
Қарда қалды азайып.
Алғашқы айы көктемнің —
Наурыз ғой бұл ғажайып!
Жанель
Наурыз келді құт болып,
Мына бізге сүт болып.
Аққа ауызымыз толады,
Бір жақсылық болады.
Вадим
Жайды жерге алаша,
Наурыз келді тамаша.
Кәрілер де, жастар да,
Қуанады балаша.
Даша
Келді көктем далаға,
Келді сұлу шағала.
Темірлан
Көже құйып апам да,
Ұсынады атама.
Иіліп сәлем береді,
Келген барлық адамға.
Сәкен
Наурыз нұры шашылды,
Қыс ызғары басылды.
Туған-туыс көрісіп,
Көңілдері ашылды.
Сабина
Наурыз! Наурыз! Наурыз той!
Құтты болсын ұлы той!
Құттықтаймын бүгін мен,
Ұлыстың ұлы күнімен!
Ән
Жағымды әуен ойналады. Ортаға 3–4 бала шығып, «Балақан» әнін орындайды.
Жүргізуші
Міне, тамаша! Үлкен азамат болыңдар, өнерлерің өрге жүзсін!
Көктемнің келуі
Көктем
Жаратылыс ұйқыдан оянады,
Жердің беті көк түске боянады.
Жан-жануарлар жадырап қуанады,
Көктем солай қолына ту алады.
Құлпырады бұл айда дала гүлі!
Мұсылманның — Наурыз — Жаңа жылы!
Дәстүрдің мәні
Наурыз айында адамдар ақшыл түсті, жаңа киімдерін киіп, бір-біріне қонаққа барады. Бұл күні ренжіскен жандар кешірім сұрап, ақ тілектерін айтады. Көптен көріспеген адамдар құшақ жайып, төс қағыстырып амандасады.
(Балалар төс қағыстырып амандасу рәсімін көрсетеді.)
Жүргізуші
Наурызды халқымыз жыл басы санайды. Үлгілі салт-дәстүріміз көп елге тарайды.
Салт-дәстүр көріністері
Бесікке бөлеу
Салт-дәстүріміздің бірі — бесікке бөлеу рәсімі. Көріністі тамашалаңыздар.
Рамазанның әжесі
(Бесікті аластайды)
Алас, алас — пәледен алас!
Алас, алас — жәледен алас!
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
(Баланы бесікке бөлей отырып, бесік жыры орындалады)
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой!
Баласы жатсын бесікте,
Пәлесі қалсын алыста!
Жүргізуші
Рахмет сізге, ардақты әже! «Орамал — тон болмайды, жол болады» деген ырыммен, міне, сізге сыйлығымыз.
Ән
«Наурыз — көктем» әні (балалар орындайды).
Тұсау кесу
Көктем
Таң қуанып атады таудан асып,
Наурыз келді ортаға нұрын шашып!
Осы тойда тұсауы кесілген сәби,
Жүгіріп кетеді тәй-тәй басып!
Ердостың әжесі
Тұсау кесу салтын көрсетеді.
«Адам болсын, адал болсын, ешкімнің ала жібін аттамасын!» — деп, тұсауды ала жіппен кеседі.
Көктем
Рахмет сізге, аяулы әже! «Орамал — тон болмайды, жол болады» деген ырыммен, міне, сізге де қолақтығымыз.
Ұлттық ойындар
Ойын: «Себеттен шыққан ойыншықты таны»
Мақсаты: балалардың тез ойлау дағдыларын арттыру, танымдық қабілеттерін бекіту, ұжымшылдыққа және достыққа тәрбиелеу.
Шарты: ортаға бір бала шығып, ойыншыққа толы себет ұстайды. Қалғандары шеңбер құрып тұрады. Ортадағы бала себеттен бір ойыншық алып: «Бұл не?» — деп сұрайды. Балалар ойыншықты танып, атын атайды. Әуен ойналғанда, бәрі ойыншықтың жүрісін, қимылын келтіреді. Ойын себеттегі ойыншықтар біткенше жалғасады.
Ойын: «Арқан тарту»
Мақсаты: балаларды ұлттық ойынды ойнай білуге үйрету, ойын арқылы сана-сезімдерін ояту, жылдамдыққа және шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Шарты: ұзын арқан алынады. Екі жаққа төрт-төрттен бала шығып, арқанның екі ұшын ұстап тартады. Күші басым болып, арқанды өз жағына тартып алған топ жеңіске жетеді. Ойын бала санына қарай қайталанып, жалғасады.
Жүргізуші
Біздің балғын бөбектеріміз қандай өнерлі әрі күшті!
Өнер көрсетілімдері
Қонақ өнері
Енді қонаққа келіп отырған №4 топ тәрбиеленушісі — Қабылсаят Дәметтің өнерін тамашалаңыздар.
Би
«Шығыс биі»
Шашу
Ата-ана
Қазақтың бір салты деп, тойға шашу шашайық!
(Баланың әжесі шашу шашады.)
Бата
Ердостың әжесі
Құрметті қонақтар, ардақты әже-аналар, кішкентай бүлдіршіндер! Наурыз мерекесі құтты болсын! Мереке әр отбасыға береке, молшылық, бақыт алып келсін!
Наурызда ақ мол болсын!
Қайда барсаң да жол болсын!