Төрт түліктің пірлерін ата
Кіріспе
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Төрт түлігім — ырысым». Төрт түлікке түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі жатады. Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Ата-бабаларымыз төрт түлікке жайлы қоныс іздеп, кең далада көшіп-қонып жүрген. Малдың сүті, жүні, терісі, мүйізі, сүйегі, тіпті тезегіне дейін тұрмысқа жараған. Қазақ үшін мал — ас, киім, көлік, әрі жапанда серік.
Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп сұрасқан. Бұл — төрт түліктің ел тұрмысындағы орнын айқындайтын терең ұғым.
Қазақтар малды тек пайдаланып қана қоймай, оны бағып-күтудің қыр-сырын, қасиеті мен ерекшелігін де жақсы білген. Ерте заманнан бері төрт түліктің пірлері бар деп танылған. Пір — қасиетті ұғым: белгілі бір кәсіптің жолын көрсететін, қолдау беретін, қамқор рухани тұлға.
Төрт түліктің пірлері
Түйе пірі — Ойсылқара (Увайс Қарани)
Увайс Қарани — Пайғамбар дәуірінде өмір сүрген, түйе бағумен айналысқан тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол кәсібіне адалдығымен, тақуалығымен, қанағатшылдығымен көпке үлгі болған. Риуаяттарда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың оған құрмет ретінде шапанын сахабалар арқылы сыйлағаны айтылады.
Сиыр пірі — Зеңгі баба
Халық аузында Зеңгі баба — сиыр бағумен өмірін өткізген, сопылық ілімді ұстанған, түркі жұртына пір болған тұлға. Мазары Ташкент маңында орналасқан деп айтылады. Ел оны сиыр малының қадір-қасиетін танитын киелі қамқоршы ретінде құрметтеген.
Жылқы атасы — Қамбар ата
Қамбар ата туралы деректер әртүрлі. Бір нұсқада есімі Әзірет Әлінің атбегі болған Ғанбармен байланыстырылады, бір нұсқада Қамбар батыр жырының кейіпкерімен сабақтастырылады. Жылқы — ер қанаты, ел қорғаны болған батырлармен біте қайнасқан қастерлі түлік.
Қой атасы — Шопан ата
Зерттеушілер Шопан атаны XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген тұлға ретінде көрсетеді. Халық жадында ол шопандық кәсіптің пірі болып сақталған, қой түлігінің қасиетін дәріптейтін аңыз-әңгімелер кең тараған.
Ешкі пірі — Сексек ата
Шежірелік дерек бойынша Сексек ата Қазығұрт өңіріндегі Тұрбат маңында жерленген Исмайыл атаның баласы делінеді. Бұл тұлға да толық зерттеле қоймағанымен, халықтық танымда ешкі түлігінің киесі ретінде айтылады.
Оқушылардың төрт түлік пірлері туралы өлеңдері
Қамбар ата — үйірдің Азынаған айғыры. Таңдап мінер жүйрігін, Ер қанаты — байлығы. Тұлғасы да келісті, Аяғын сермер тік алып. Аяңы есем желісті, Жал-құйрығы шұбалып. Бұлан мойын, құлан сан, Көзі мөлдір мойылдан. Тұяғы жұмыр құйылған Паң даланың еркесі. Алпауытты ақберен — Құлынымды өсірем. Қуған жетпес ат мінем, Далада еркін көсілем.
Ойсылқара — келенің Күркіреген бурасы. Үлпілдеген желегі — Жалпылдаған шудасы. Тіздеп қойсаң маң басып, Тұзға қарай емінер. Екі өркешін қом басып, Түзде жүріп семірер. Мойыны иір қобыздай, Көзі жанған жұлдыздай. Қос баладай өркеші — Төрт түліктің төресі. Түйелер де бағалы, Мәртебесі жоғары, Киесі мен өресі.
Зеңгі баба — сиырдың Мойны жуан бұқасы. Шөбін жейді қиырдың, Салыңқы кең әукесі. Қайық тұмсық дәу төсі, Шүйкесі де білеудей. Аяғы шомбал тіреудей, Басын бұлғап шайқаса, Ай мүйізі жалтылдар, Белге шықса жай баса, Тұяғы айыр сыртылдар. Сиыр бақсаң күтімдеп, Сүт, май кетпес шарадан. Балаларға сыйлығы — Қорғасындай сүті бал.
Шопан ата — қойлардың Ақ мүйізді қошқары. Бойында май тұтасып, Тегенедей құйрығы. Жесең дәмді еті бар, Ақтылы қой жосысын, Қаптап өріп қыратқа. Маңдайы дөң қозысын Суғарайын бұлаққа. Балдай сүтті еметін Қошақаным қой болар. Ауыл-аймақ келетін, Біздің үйде той болар.
Сексек ата — ешкінің Қылыш мүйіз текесі. Бақырғанда есті үнін, Қатпар тартар шекесі. Сергек қарап маңына, Момын қойды бастайды. Бала келсе жанына, Кейде сүзіп тастайды. Өткір күміс тұяғын Тасқа жанар еркесің. Тоқиды әжем қолғапты, Түбітінен ақ мамық. Сауса сүті мол, тәтті, Оны ішеміз мақтанып.
Төрт түліктің пірлері — халық ұғымындағы ілім иелері, малдың иесі мен киесі саналған әулие тұлғалар.
Төл атаулары
Енді төрт түлік малдың төлдерін еске түсірейік:
| Түлік | Төлі |
|---|---|
| Сиыр | Бұзау |
| Жылқы | Құлын |
| Қой | Қозы |
| Түйе | Бота |
| Ешкі | Лақ |
Төрт түліктің пайдасы
Түйе
Төрт түліктің ең қасиеттілерінің бірі — түйе. Қазақ оны «дала кемесі» дейді: шөлге төзімді, жүк артса — көлік, еті — тағам. Жүні жеңіл, жұмсақ әрі қыста жылы киімге жараған; жамылғы-көрпе жасаған. Шудасын қайнатып емге пайдаланған, терісінен ер қаптаған. Сүті қою, құнарлы: шұбат, құрт, балқаймақ сияқты тағамдар жасалған.
Сиыр
Сиыр — үйдің берекесі, айран-сүттің көзі. Көшке де, егіске де жегілген. Ертеде терісінен құдықтан су тартатын қауға, қымыз ашытатын саба, сусын құятын торсық жасаған. Тезегін отынға және егіншілікке пайдаланған, мүйізінен тарақ жасаған.
Қой
Қой — қазақтың сүйікті түлігі. «Мал өсірсең, қой өсір — пайдасы оның көл-көсір» деген сөз бекер емес: өсімтал, еті қонақкәдеге жарайды, сүті майлы әрі жұғымды. Жүнінен киіз басып, жіп иіріп, бау жасап, кілем мен текемет тоқиды.
Ешкі
Ешкі — өте өсімтал, еті жеңіл әрі сіңімді, сүті құнарлы. Қазақ баланы әлдендіру үшін ешкінің сүтін арнайы пайдаланған. Серкені қой отарына қосып, отарды бастап-жетектейтін қасиетін қадірлеген. Жүнінен түбіт алып, жылы әрі жұмсақ орамал тоқыған.
Жылқы
Жылқы — қасиетті түлік. «Ат — ер қанаты» деген ұғым оның ел өміріндегі орнын танытады. Жүйрік әрі төзімді жылқы салт мінуге де, күш-көлікке де жараған. Қымыз шипалы сусын ретінде бағаланған. Жалы мен құйрығынан арқан-жіп есілген, етінен қазы-қарта, жал-жая жасалған.
Пайдасы туралы өлеңдер
Сары май Көп адам біле бермейді: Ішсе шайын үрлейді. Ыстық шайға май қоссаң, Бірден ауыз күймейді. Сүт Май алады сүттен, Құрт алады сүттен. Сүт мол болар әрқашан, Малын баптап күткен. Құрт Қатты құртты жейміз, «Дәмді, қышқыл» дейміз. Салма артық күшіңді, Сындырасың тісіңді. Қаймақ Балдан тәтті қаймақ, Жегенім жоқ айлап. Жүрген шығар сақтап, Әжем мені ойлап.
Ет төресі — қазыны Әжем тұздап баптайды. Ұнға тығып жаз күні, Күзге дейін сақтайды. Дәмді тағам — шұжық, Түрі ұзынша, қызық. Ағам көрсе тоймайды, Оңайға әжем қоймайды.
Іркіт — дәмі бөлек, Пайдалының бірі. Бойға қуат береді, Шұбат — емнің түрі. Қымыз Жеңгем бие сауады, Ағам саба пісірді. «Денсаулыққа дауалы», — Деп үлкендер ішеді.
Мақал-мәтелдер
- Сиырдың сүті — тілінде.
- Түйенің танығаны — жапырақ.
- Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
- Түйе — байлық, жылқы — мырзалық.
- Бір түлікке бай болғанша, әр түлікке сай бол.
- Малдың жайын баққан білер, оттың жайын жаққан білер.
- Жоғалып табылған мал — олжа, ауырып жазылған жан — олжа.
- Аттың бәрі тұлпар емес, құстың бәрі сұңқар емес.
Төлдер туралы тақпақтар
Ата-ана балаларын еркелеткенде «ботам», «қозым», «құлыншағым» деп жатады. Өйткені төлдер кішкентай кезінде өте сүйкімді болады.
Қой сүйеді баласын: «Қоңырым» — деп, Ештеңені білмейтін «момыным» — деп. Сиыр сүйеді баласын: «Торпағым» — деп, Қараңғыға баспаған «қорқағым» — деп. Түйе сүйеді баласын: «Боташым» — деп, Жәудіріген көзіңнен «тоташым» — деп. Ешкі сүйеді баласын: «Лағым» — деп, Тастан тасқа секірген «шұлағым» — деп. Жылқы сүйеді баласын: «Құлыным» — деп, Тұлпар болып жүгірген «жұрыным» — деп.
Құлыншағым — құндызым, Құлдырайды, шабады. Жылтылдаған жұлдызым, Құстай қанат қағады. Ақ бұзауым ұнайды, «Мә-мә» деп сүт сұрайды. Ақ бұзауым жақсы-ақ, Көрмеге де шығады.
Кіп-кішкене момақан, Қошақанды ұнатам. Сүйді апам: «Қозым» — деп, «Қошақаным өзің» — деп. Шөре-шөре лағым, Тентек болма, шырағым. Марқат туған бөрте лақ, Әңгімеме сақ құлақ.
Жібек жүні үлбіреген, Самал желмен желбіреген, Салады ойнақ жас бота, Қос жанары мөлдіреп. Қоң қағып өр төсі, Бүлкілдейді өркеші. Бұла күші тасыған, Ауылдың ол еркесі.
Құлыным, құр-құр құлыным, Қасыңа жақын барайын. Желбіреп тұрсын тұлымың, Жалынды күлте тарайын. Құлыным, тыр-тыр құлыным, Елеңдеп бекер үрікпе. Бекіді берік буының, Көрейін бір сәт мініп те.
Үй тапсырмасы
Өз үйіңдегі малдар туралы және оларды қалай бағатының жайлы шағын әңгіме жаз.
Қорытынды сұрақтар
- 1. Төрт түлікке нелер жатады?
- 2. Төрт түліктің пірлерін ата.
- 3. Төрт түліктің төлдерін ата.
- 4. Төрт түлік бізге не береді?
Түйін
Бүгін біз төрт түлік туралы көптеген мағлұмат алып, білімімізді тереңдеттік. Төрт түліктің пайдасы мол екенін түсіндік. Бірақ оның игілігін көру үшін еңбек керек: малды дұрыс күтпесек, ол бізге сүт те, ет те, сапалы тері де, жүн де бермейді. Ата-бабамыз «Малды бақсаң — мал сені бағады» деген. Сондықтан төрт түлікті құрметтеп, күтіп-баптап, өсіруіміз қажет.
Тәрбие сағатымыз аяқталды. Назарларыңызға рақмет!