Алқа тұқымдасы
Тақырып: Алқа тұқымдастары
Мақсаты
Алқа тұқымдастары туралы білім қалыптастыру және оларды белгілері арқылы ажырату.
Білімділік
Өкілдерімен таныстыру, көкөністік, дәрілік және сәндік мақсатта өсірілетінін түсіндіру.
Тәрбиелік
Қоршаған ортаға қызығушылықты арттыру, мейірімділікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, сабақ мақсатын қысқаша хабарлау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Өсімдіктер неше класқа бөлінеді?
- Біз қазір өсімдіктердің қай класын оқып жатырмыз?
- Лалагүл тұқымдастарына жататын қандай өсімдіктерді білесіңдер?
- Лалагүл тұқымдастарына тән негізгі белгілерді атаңдар.
- Лалагүл тұқымдастарына жататын өсімдіктердің пайдасы қандай?
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Алқа тұқымдастары туралы жалпы мәлімет
Алқа тұқымдастарының көпшілігі — жабайы өсетін біржылдық немесе көпжылдық шөптесін, кейде шала бұталы өсімдіктер. Бұта немесе ағаш түрлері сирек кездеседі. Дүниежүзінде бұл тұқымдастың 2500-ден астам түрі бар, ал Қазақстанда 4 туысқа жататын 23 түр өседі. Алқа тұқымдастары негізінен Америкада, Азияда, аз мөлшерде Еуропада таралған; шамамен 1200 түрі зерттелген.
Негізгі белгілері
- Жапырағы өркен бойына кезектесіп орналасады.
- Гүлшоғыры көбіне шатырша немесе шашақ түрінде.
- Гүлі: 5 тостағанжапырақша, бірігіп өскен 5 күлтежапырақша, 5 аталық, 1 аналық.
- Жемісі — жидек немесе қауашақ.
Өсіру бағыттары
1) Тағамдық
Картоп, баклажан, қызанақ, бұрыш. Қазақстанның барлық аймақтарында өсіріледі.
2) Дәрілік
Итжидек, сасық меңдуана, қара алқа.
3) Сәндік
Жұпар иісті темекі, петуния.
Қызанақ (қызан) туралы
Қызанақ — биіктігі шамамен 30–40 см-ден 5 м-ге дейін жететін, түкті, өткір иісті, біржылдық шөптесін өсімдік. Тамыр жүйесі жақсы жетілген: жан-жаққа жайылып өсіп, түптенгеннен кейін жанама тамырлар арқылы топыраққа мықтап бекиді.
Сабағы жиі бұтақтанып, сынғыш келеді. Сондықтан жемістері іріленген кезде сынып қалмауы үшін қазыққа тіреп, байлап қояды. Жапырағы тілімделген, өркен бойына кезектесіп орналасады.
Гүлдері майда, сары түсті, шашақ гүлшоғырында жиналады. Аталықтарының саны кейде 5–9-ға дейін жетеді. Аналығы көп ұялы (шамамен 5–8 ұялы). Жемісі — көп тұқымды.
Шығу тегі, өсіруі және қолданылуы
- Шыққан жері — Оңтүстік Америка. Біздің елге XIX ғасырдың 30-жылдары әкелінген.
- Қазақстанның жылы аймақтарының бәрінде өсіріледі.
- Құрамында органикалық қышқылдар, қант, C, P, B, A, K дәрумендері және лимон қышқылы бар.
- Жас күйінде тағамға пайдаланылады, тұздалады, консервіленеді, шырын алынады.
- 25–28°C шамасында жақсы көктейді, суыққа төзімсіз.
- Көбіне өздігінен тозаңданады.
Қазақстанда мына іріктемелер өсіріледі: «Агата», «Виктория», «Восток», «Глория», «Искорка», «Колхозный», «Ақтөбелік-85», «Талахан-186».
Картоп туралы
Картоп — аса маңызды азық-түліктік және техникалық өсімдіктердің бірі. Шыққан жері — Оңтүстік Американың таулы өңірлері. Ресейге картоп Еуропадан I Петр дәуірінде әкелінген. Ұлы Отан соғысы кезінде картоп миллиондаған адамдар үшін негізгі тағамның бірі болды.
Құрамы мен маңызы
- Құрамында су және құрғақ заттар болады.
- Құрғақ заттарында көмірсу, ақуыз, май, дәрумендер, органикалық қышқылдар, минералдар кездеседі.
- Крахмал — негізгі қор заты (кейде қант түрінде де болады).
- Мал бордақылау үшін де пайдаланылады.
Құрылысы мен көбеюі
- Сабағы 60 см-ге дейін жетеді, аздап тармақталады.
- Жапырақтары ірі, қауырсынды.
- Гүлінде 5 тостағанжапырақша, 5 күлтежапырақша, 5 аталық және ұзын мойынды 1 аналық болады.
- Көбіне өздігінен тозаңданады.
Түйнек туралы негізгі ұғым
Ұрықтанған түйін өсе бастайды. Жер астындағы өркен сабағының ұшы түйнекке айналады. Түйнек — жер астындағы түрі өзгерген өркен; онда крахмал қоры көп жиналады. Түйнекте «көзшелер» (бүршіктер) болады.
Өсіру жағдайы және отырғызу мөлшері
- 8–10°C жылылықта өнеді.
- Қатар аралығы: 60–70 см.
- Қатардағы өсімдіктер аралығы: 30–35 см.
Іріктемелері және пісу мерзімі
Қазіргі кезде картоптың 93 іріктемесі белгілі, оның 87-сі аудандастырылған. Пісіп-жетілу мерзіміне қарай іріктемелер:
- Ерте пісетін: 50–60 күн
- Орташа пісетін: 80–100 күн
- Кеш пісетін: 120 күн және одан да көп
«Приекульский»
Өте тез пісіп жетілетін, өнімді іріктеме. Түйнектері дөңгелек, ақшыл, «көзшелері» аздап байқалады. Қызылордадан басқа облыстардың көбінде өсіріледі.
«Седов»
Ерте пісетін, өнімі ірі, ақ түсті, пішіні домалақ іріктеме. Ерте іріктемелер құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мол болады.
IV. Жаңа тақырыпты түсінгендігін тексеру
- Алқа тұқымдастарына қандай өсімдіктер жатады?
- Алқа тұқымдастарының қандай айырым белгілері бар?
- Алқа тұқымдастардың қай өкілдері улы болады?
- Алқа тұқымдастары Қазақстанның қай өңірлерінде өсіріледі?
- Картоптың халық шаруашылығындағы маңызы қандай?
V. Алған білімдерін бекіту
Биологиялық диктант
- Қызанақ пен картоп __________ тұқымдасына жатады.
- Алқа тұқымдасы __________ класына жатады.
- Қызанақтың жемісі — __________.
- Картоптың жапырақтары __________ орналасқан.
- __________ түйнегінде крахмал көп жиналады.
Тапсырмалар
- «Өсімдіктерді таны» ойыны.
- Кеппе шөппен (гербарий) жұмыс.
- Лалагүл және алқа тұқымдастарын салыстырып, айырмашылықтарын анықтау.
- Кестені толтыру: тағамдық, сәндік, дәрілік.
VI. Үй тапсырмасы
Тақырып бойынша қосымша деректерді кітапхана материалдарынан қарап келу.
VII. Бағалау
Сабақтағы белсенділігіне және тапсырмаларды орындауына қарай бағалау.
VIII. Қорытынды
Алқа тұқымдастарының негізгі белгілері, олардың тағамдық, дәрілік және сәндік мақсаттағы маңызы, сондай-ақ қызанақ пен картоптың құрылысы мен өсірілу ерекшеліктері қорытындыланады.