Сырғанасаң көшеде, Машина жолын абайла

Сабақтың мақсаты

Жолда жүру ережелерін есте сақтауға көмектесу; оқушыларға жол белгілерінің түрлері, оларды білудің маңызы, сондай-ақ бағдаршам мен жол белгілерінің атқаратын қызметі туралы түсіндіру.

Жол қауіпсіздігіне қызығушылықты арттыру, ережені сақтау дағдысын қалыптастыру және баршаға ортақ тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Бағдаршам
  • Жол белгілері
  • «Жолда жүру әліппесі» материалдары
  • Жол ережесіне арналған суреттер
  • Пилотка, эмблемалар
  • Үгіт-насихат парақтары

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың назарын жаңа сабаққа аудару.
  • Оқушылар салған суреттерден шағын көрме ұйымдастыру.

II. Негізгі кезең

Біздің елімізде көліктер саны жылдан-жылға артып келеді. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылар да көбейіп, көшелер мен жолдардағы жағдай күрделене түсуде. Жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғарылағандықтан, жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де ерекше тәртіп сақтап, мұқият болуы қажет.

Бағдаршам — өмірімізді жазымнан сақтайтын көмекшіміз. Оның мәнін түсініп, талабын орындау — бәріміз үшін маңызды.

Жол апаттарының салдарынан көбіне балалар зардап шегеді. Себебі — кейбір оқушылар жолда жүру ережелерін әлі де толық меңгермеген. Ендеше, білімімізді тексеріп көрейік: төмендегі сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап беріңдер.

Сұрақ-жауап

1) Көшеде жүру ережесін білу бізге не үшін керек?
Әр оқушы көшеде жүру тәртібін өте жақсы білуі керек. Бұл апаттан сақтайды, қауіптің алдын алады.
2) Жиекжол дегеніміз не?
Жаяу жүргіншілер жүретін, көшенің жиегіндегі тар жол.
3) Жаяу адамға қай жермен жүруге рұқсат етілмейді?
Көлік жүретін жолдың ортасымен жүруге болмайды.
4) Көшедегі жүру тәртібін кім басқарады?
Бағдаршам және жол қозғалысын реттейтін белгілер.
5) Көше қиылыстарында қай жерлерден өтуге болады?
Көшелер қиылысында, «Өтетін жер» көрсетілген тұста, зебра (ақ жолақтар) бойымен және бағдаршамның жасыл шамы жанғанда өтуге болады.
6) Бағдаршам жоқ көшеден қалай өтеміз?
Алдымен сол жаққа қараймыз. Жолдың ортасына жеткенде оң жаққа қараймыз. Егер көлік келе жатса, өтіп кеткенше қауіпсіз жерде күтеміз.
7) Жиекжолмен қалай жүру керек?
Жиекжолдың оң жағымен жүру керек.
8) Жиекжолда тағы қандай тәртіп сақталады?
Төрт-бес адам қатар жүруге болмайды.

Бағдаршамның тарихы (оқушылар баяндамасы)

1-оқушы: Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болды. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған.

2-оқушы: Көше қиылысына ыңғайлап қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт. Ол 1868 жылы Лондондағы Парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты.

3-оқушы: Әуелде түрлі түсті сигналдар қайыс беріліс арқылы ауыстырылды. Кейін құрылғының ортасына газ шамы орнатылды.

4-оқушы: Өкінішке қарай, бірде газ жарылып, кезекшілік еткен полицей қаза тапты. Содан кейін бұл құрылғы ұзақ уақыт қолданылмай қалды.

5-оқушы: 1914 жылы АҚШ-тың Кливленд қаласында, кейін Нью-Йорк және басқа қалаларда электрлі бағдаршамдар пайда болды. Алғашында екі-ақ түс болды: қызыл және жасыл. 1918 жылдан бастап үш түс қолданылды.

6-оқушы: Кеңес Одағында алғаш бағдаршам 1924 жылы Мәскеуде, Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысында орнатылды.

Жол белгілері туралы өлең жолдары

7-оқушы: Үйрен таппай тыным бір, белгілердің тілін біл. Егер оны білмесең, тартар жолың бұлыңғыр.

Сақтандыру (ескерту) белгісі

Өзі қызыл, үшбұрышты — ескертуім мен болам. Хабарлаймын қауіп туралы, оң сапарға жолдағам.

Тыйым салу белгісі

Мен әрқашанда тыйым салам, алда тұрып тоқтатам. Түсім қызыл, шеңбермін — тәртіп үшін қызмет қылам.

Міндеттеу белгісі

Белгім жылдамдық пен бағытты, бұрылыс, қатер, қауіпті көрсетеді. Сондықтан бәрі де мені тез таниды.

Нұсқау белгісі

Баратын сапардың бағытын, қашықтығын үн-түнсіз жол сілтеп тұрамын. Көк түсті төртбұрыш болып, күндіз-түні көрінемін.

Қауіпсіздікке шақыру (өлең шумақтары)

11-оқушы:

Алға ұмтылма ентелеп, машинадан қаш, мына! Түсіп кетпе асығып, дөңгелектің астына!

12-оқушы:

Айнала қауіп бар — ойла, жан-жағыңа қарайла! Сырғанаған көшеде машина жолын абайла!

13-оқушы:

Асықпаңдар, балалар, үлкен жолға келгенде. Жан-жағыңа қарап ал, «машина жоқ» деме де.

14-оқушы:

Ештеңе жоқ алаңдар, өте берер адамдар. Жол шетінде тұратын жол белгіге қараңдар!

15-оқушы:

Жарысып-ақ кетер ек — машиналар өте көп. Жолдан өтем асықпай, велосипедті жетелеп.

16-оқушы:

Жол — көліктің жүрегі, машина көп жүреді. «Қауіп жоқ» деп ойлама, жолда футбол ойнама!

17-оқушы:

Ата-ананың сенімін еске ұстап ақтай біл. Жолдан өтер жаяудың ережесін сақтай біл!

18-оқушы:

Айнала қауіп бар — ойла, жан-жағыңа қарайла! Сырғанаған көшеде машина жолын абайла!

19-оқушы: Арманға алдан күткен асығамыз, біз қалай толқын атпай басылармыз. Жол жүру ережесін жақсы біліп, сақтықта тұра алатын жас ұланбыз.

Бәрі бірге:

Жол жүру ережесі — заңды тәртіп, ол ортақ үлкен-кіші баршамызға!

Практикалық бөлім (инспектордың тапсырмасы)

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Велосипед пен самокат арқылы белгіленген жолақтан кезекпен өтіп, ережені бұзбай жүру қажет.

Ережені мүлтіксіз сақтаған қатысушыларға «Жас жүргізуші» жаднамасы мен куәлік табысталады.

Іске сәт!

Қорытынды

Оқушылар өздері дайындаған үгіт-насихат парақтарын қонақтарға табыстайды.

Қорытынды өлең:

Көшеде тек жүрелік, өзінше бұл да бір ерлік.

Ата-ана қынжылмасын, түсірмейік ұнжырғасын.

Ән:

«Әрқашан күн сөнбесін»