Өлең оқып жаттау
Мақсаты
- «Нан қайдан келеді?» ертегісін оқып, мазмұнын балаларға түсіндіру арқылы сөздік қорын, сөйлеу мәдениетін және ойлау қабілетін дамыту.
- Нан туралы түсінікті тереңдету: нанның адамның еңбегімен келетінін, оған көп күш жұмсалатынын ұғындыру.
- Еңбекті бағалауға баулу, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Мотивациялық кезең
Балалар шеңберге тұрып, нанды қадірлеу туралы өлең жолдарын бірге қайталайды.
Өлең
Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
Дастарханға нан қалай келеді?
Күзде бидай орылып, жиналып, машинаға тиеліп, ұн тартатын зауытқа жеткізіледі. Одан кейін наубайхана әртүрлі нан өнімдерін пісіреді.
Ұйымдастырушы-ізденушілік кезең
Өлең: «Қайдан келдің, бауырсақ?»
Дастарқанда шашылып,
Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып,
Қарап тұрып көзін сап:
— Қайдан келдің, бауырсақ? — деп сұрады қуыршақ.
— Дүкеннен келдім, нан сатқан, — деді оған бауырсақ.
— Дүкенге келдің қай жақтан?
— Наубайдан келдім, нан жапқан.
— Наубайға келдің қай жақтан?
— Диірменнен келдім, ұн тартқан.
— Диірменге келдің қай жақтан?
— Даладан келдім, кең жатқан.
Жер анам менің көсілген,
Диқандар мені өсірген.
Сұрақтар
- Нан туралы не білесіңдер?
- Нан қайдан пайда болады?
- Нан қандай тағам?
- Нанмен ойнауға, аяқ астына басуға бола ма?
Негізгі ой
Нан — еңбекпен келетін ырыс. Бір бөлке нанның артында көптеген адамның маңдай тері бар.
Ертегі: «Нан қайдан шығады?»
Бір күні Тышқан нан дүкеніне кірді. Сөреде жаңа піскен сап-сары бөлкелер үйіліп тұр екен. Піскен нанның иісіне қызыққан Тышқан тұмсығын жыбыр-жыбыр тартып, төмендегі бір бөлкені кеміре бастады.
Осы кезде күзетші келіп қалды. Тышқан зып беріп, тысқа атып шықты. Бірақ алысқа ұзамады: «Апырай, осынша нан қайдан шықты екен? Біліп алып, шыққан жеріне кірсем...» — деп қызыға ойлады.
Тышқан тесіктен сақтана сығалап: — Нан, нан, сен қайдан шықтың? — деп сыбырлады.
— Сатушыдан сұра, — деді Нан.
Тышқан сатушыға келіп: — Сатушы, сатушы, нан қайдан шығады? — деді.
— Наубайшыдан сұра, — деді сатушы.
Тышқан тымпыңдап наубайханаға барды. Диірмен тасы тынымсыз шыр көбелек айналып тұр. Екі адам ұн тартып жатыр. Ұн аққан бұлақтай құйылып, көзді ашып-жұмғанша қап-қап ұн дайын болады.
Тышқан таңдана қарап тұрып: — Диірменші, диірменші, нан қайдан шығады? — деп сұрады.
— Комбайншыдан сұра, — деді қырманшы қарт.
Тышқан далада егін орып жүрген комбайншыға келді. Қалың егін теңіздей толқиды. Комбайн тоқтамастан ілгерілеп, сабанын бір бөлек, топанын бір бөлек шығарып, торсықтай ақ бидайды астауына құйып алып барады.
Тышқан шіңкілдеп: — Комбайншы, комбайншы, нан қайдан шығады? — деп сұрады.
Комбайншы былай деді: — Көктемде тракторшы жер жыртады, сеялкашы тұқым себеді. Егіншілер оны күтіп-баптайды. Көп еңбек сіңіреді. Мынау қалың астық — сол еңбектің жемісі. Нан еңбек арқылы табылады.
Сонда Тышқан: — Ой, мұның азап қой. Мен шалқайып жатып-ақ нан таба беремін, — деп қутың-қутың етті.
— Әне, мысық келе жатыр, — деді комбайншы. Сол-ақ екен, Тышқан бір ескі інге зып берді.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Ертегі не туралы?
- Тышқан нанның шыққан жерін неге іздеді?
- Ол қайда барды?
- Тышқан кімнен қорықты? Неге?
Өлең, мақал-мәтел және тыйым сөздер
Өлең
Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан — өмірдің ана сүті, арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар.
Мақал-мәтелдер
- «Ас атасы — нан»
- «Нан бар жерде — ән бар»
- «Нан — тіршілік көзі»
Нан туралы тыйым сөздер
- Нанды бір қолмен үзбе.
- Нанды жерге тастама.
Қорытынды
Халқымыз «Нан — байлық, нан — береке» деп бекер айтпаған. Бір үзім нан дастарқанға жеткенше, қаншама адам еңбек етеді. Сондықтан нан тағамдарын қастерлеп, ысырап етпеу — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Күтілетін нәтиже
- Білуі тиіс
- Ас атасы — нан.
- Түсінігі
- Нанды қадірлеу керек.
Тәрбиелік екпін
Еңбекке құрмет — нанға құрметтен басталады: тазалық, ұқыптылық, алғыс айту және ысырапқа жол бермеу.