Организмнің ішкі ортасы және оның маңызымен таныстыру

Сабақтың мақсаты

  1. Организмнің ішкі ортасы және оның маңызы туралы түсінік қалыптастыру.
  2. Оқушылардың организмнің ішкі ортасы бойынша білімін толықтыру және жүйелеу.
  3. Жауапкершілікке, қоршаған ортаға саналы көзқарас қалыптастыруға тәрбиелеу.

Сабақтың типі

Жаңа сабақ.

Көрнекілігі

Суреттер, электронды плакаттар.

Әдісі

Жаңа технология элементтерін қолдану.

Организмнің ішкі ортасы және оның маңызы

Неліктен ішкі орта қажет?

Организмнің барлық жасушалары мен ұлпалары қалыпты тіршілік етуі үшін сыртқы ортадан оттек пен қоректік заттар үздіксіз келіп тұруы, ал зат алмасудың (ыдыраудың) өнімдері организмнен уақытында шығарылуы керек. Осы міндеттерді организмнің ішкі ортасы атқарады.

Адам организмінің ішкі ортасын ұлпа сұйықтығы, қан және лимфа құрайды. Ішкі орта химиялық құрамы мен физикалық қасиеттерінің салыстырмалы тұрақтылығын сақтап, барлық мүшелердің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді.

Ұлпа сұйықтығы

Жасушалар арасында, оларды қоршап тұратын ұлпа сұйықтығы болады. Заттардың жасуша мембраналары арқылы өтуі таңдамалы түрде және тек ерітінді күйінде жүреді.

Ұлпа сұйықтығы қанның сұйық бөлігі — плазмадан түзіледі және жасуша тіршілігіне қажет заттарды еріген күйінде қамтиды.

Заттардың алмасу бағыты

  • Оттек пен қоректік заттар капиллярлар арқылы ұлпа сұйықтығына, одан жасушаға өтеді.
  • Су, көмірқышқыл газы және басқа өнімдер алдымен ұлпа сұйықтығына, кейін капиллярларға өтеді.

Ұлпа сұйықтығы организмде үнемі қозғалыста болады және қан тамырлары арқылы тұрақты жаңарып отырады.

Қан

Қан — дәнекер ұлпа және аралық ішкі орта. Денедегі барлық мүшелер қан үздіксіз ағатын тамырлардың тығыз торымен байланысқан. Қан мүшелер арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жасушааралық сұйықтық құрамының тұрақтылығын сақтауға қатысады.

Қан көлемі

Қалыпты мөлшері шамамен 5 л (дене салмағының 7%-ы).

Құрамы

Плазма және формалы элементтер: эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер.

Қанның негізгі қызметтері

  • Тасымалдау: қоректік заттарды асқорыту жолынан және қор жинайтын мүшелерден жасушаларға жеткізеді.
  • Гуморальдық: гормондар мен биологиялық белсенді заттарды тасымалдап, мүшелер мен жүйелердің жұмысын реттеуге қатысады.
  • Жылу реттеу: дененің тұрақты температурасын сақтауға көмектеседі.
  • Қорғаныш: лейкоциттер ауру қоздырғыштарды залалсыздандырады; тромбоциттер қанның ұюын қамтамасыз етеді; иммунитет антиденелер арқылы іске асады.

Лимфа

Лимфа ұлпа сұйықтығынан түзіледі және ақшыл-сарғыш түсті сұйықтық. Химиялық құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас, бірақ нәруыз мөлшері шамамен екі есе аз.

Құрамы

  • 95% су
  • Минералды тұздар, майлар, глюкоза
  • Формалы элементтерден — лимфоциттер

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, назарын тақырыпқа аудару.

2) Жаңа тақырыпты меңгеру

«Организмнің ішкі ортасы: ұлпа сұйықтығы, қан және лимфа» ұғымдарын талдау, қызметтерін жүйелеу.

3) Қорытындылау

Оқулықтың соңындағы тапсырмалармен жұмыс.

Үй тапсырмасы

§ 29