Төрт түліктердің суреттері

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы

Тақырыбы: Төрт түлік мал. Ертеректе қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқан. Малды жесең — азық, кисең — киім болған. Қазақ халқы өзіне жақын, адал жануарларды қадірлеп, оларды төрт түлік деп атаған.

Мақсаттары

Білімділік

Төрт түлік туралы түсінік беру, сөздік қорын байыту, тіл байлығын дамыту, дұрыс сөйлеуге жаттықтыру.

Дамытушылық

Жануарлардың ерекшеліктеріне қарай оларды салыстыра білуге дағдыландыру.

Тәрбиелілік

Үй жануарларын күтіп-баптауға, сүйіспеншілікпен әрі қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен ресурстар

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Көрсету
  • Сұрақ-жауап
  • Ой қозғау
  • Жұмбақ

Сөздік жұмысы

төрт түлік құлын бұзау қозы бота лақ

Көрнекілік

Төрт түліктің суреттері (иллюстрациялар), бейнематериал.

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар, таңертең көзімізді ашып, терезеден қарасақ, алдымен нені көреміз? Әрине, күнді, күннің нұрын көреміз. Егер ол жарқырап, нұрын шашып тұрса, бәріміз қуанамыз.

Көңіл күйді көтеру өлеңі

Қуан, шаттан, алақай! Қуанатын келді күн. Қайырлы таң, қайырлы күн, Күлімсіреп шықты күн. Сыйластықтың белгісі — Иіліп сәлем бергенің.

Балалар бір-біріне иіліп сәлем береді. Мұғалім: «Сәлеметсіңдер ме, балалар!»

Негізгі бөлім: Төрт түлік туралы түсінік

Төрт түлікке түйе, жылқы, сиыр, қой және ешкі жатады. Бұл жануарлар адамның көмегімен өсіріліп, бағып-бапталады және төлдерін сүтпен қоректендіреді.

Төрт түліктің адам өміріндегі пайдасы

Сиыр сүтінен айран, құрт, ірімшік жасаймыз; етін тағамға қолданамыз; тері-жүнінен тұрмысқа қажет бұйым аламыз.

Жылқы сүтінен қымыз, түйе сүтінен шұбат алынады; екеуінің де емдік қасиеті бар.

Қой мен түйенің жүнінен шұлық, кеудеше тоқимыз.

Терісінен тон, тымақ сияқты жылы киім тігіледі. Төрт түлік жылдан-жылға өсіп-өніп отырады.

Төлдерінің атаулары

Түйенің төлі бота
Жылқының төлі құлын
Сиырдың төлі бұзау
Қойдың төлі қозы
Ешкінің төлі лақ

Сұрақ-жауап

Сұрақ: Төрт түліктің адамға қандай пайдасы бар?

Балалардың жауаптары тыңдалады, толықтырылады.

Сұрақ: Төрт түліктің төлдері қалай аталады?

Балалардың жауаптары тыңдалады, қорытындыланады.

Жануарлардың мінез-құлқы және төлін шақыру

Әр түліктің өзіне тән мінезі бар: қой — жуас, момын; ешкі — тынымсыз; жылқы — өжет, батыл; түйе — шөлге төзімді әрі жуас. Олар төлдерін әртүрлі дыбыспен шақырады. Тақпақ арқылы айтып көрейік.

Нұрай

Екі көзі танадай, Екі өркеші баладай. Елпеңдеген ойнақтап — Ойсылқара баласы. Ботақан менің атым: «Көс-көс».

Бекнар

Жолға шықсам — көлігім, Жапанда жүрсем — серігім. Қамбар ата өсірген, Құлыншақ менің атым: «Құрау-құрау».

Эльмира

Тілімен мұрнын жалаған, Тілімен жүнін тараған. Көкке мұрнын шүйірген, Зеңгі баба өсірген. Бұзауқан менің атым: «Аухау-аухау».

Айдана

Қой баласы — қоңырым, Қойдай жуас момыным. Шопан ата өсірген, Қошақан менің атым: «Пұшайт-пұшайт».

Ажар

Жаңбыр жауса — бақырған, Сексек ата шақырған. Өрісте малды бастаған, Лақ менің атым: «Шөре-шөре».

Ойындар

Ойын: «Қошақандар»

Мақсаты: сезімталдыққа, шапшаңдыққа баулу.

Төрт түліктің төлдерін қалай дыбыстап шақыратынын бейнематериал арқылы бақылау.

Ойын: «Төлдерін тап»

Мақсаты: есте сақтау қабілетін дамыту, зейінді шоғырландыру, ажырата білуге баулу.

«Төлдер енелерінен жасырынып қалыпты» — балалар төлдерді өз енесіне сәйкестендіруге көмектеседі.

Хор: «Төлдер жыры»

Сабақ соңында балалар бірлесіп ән/өлең айтады.

Жұмбақтар әлемі

Кішкене ғана бойы бар, Айналдырып киген тоны бар.

Жауабы: Қой

Кезікті бір жануар, Үстінде екі тауы бар.

Жауабы: Түйе

Басында екі таяғы бар, Төрт аяғы бар, Иегінде сақалы бар.

Жауабы: Ешкі

Өзі сұлу, өзі жүйрік, Жарысады желменен.

Жауабы: Жылқы

Мақал-мәтелдер

Нұрлан

Сиырдың сүті тілінде.

Эльмира

Қой өрісі қорада.

Лаура

Төрт аяқтыда бота тату.

Нұрай

Нар жолында жүк қалмас.

Серікболсын

Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.

Қорытынды

Балалар, бүгінгі «Төрт түлік» туралы оқу іс-әрекеті сендерге ұнады ма? Сабақ барысында төрт түліктің түрлерін, пайдасын және төлдерінің атауларын қайталадық.

Құлыншақтың қоштасу өлеңі (Серікболсын)

Аттарыңмын — сәйгүлік, Көрген жоқпын жай жүріп. Сендерге жігер қосқанмын, Сау болыңдар, достарым.

Барлық балалар оқу іс-әрекетіне белсенді қатысады. Сабақ аяқталады: «Сау болыңдар!»