Компьютер тобы

Сабақтан тыс іс-шара туралы

«Ақпараттар еліне саяхат» — 3-сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс сайыс-сабақ. Іс-шара оқушылардың информатикаға қызығушылығын арттырып, білімін тереңдетуге және топпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мақсаты

Білімділік

Сайыс арқылы оқушылардың информатика пәнінен білімін тереңдету, пәнге деген қызығушылығын арттыру.

Дамытушылық

Ой-өрісін шыңдау, есте сақтауын, сөйлеу мәдениетін және шығармашылық қабілеттерін дамыту; компьютерлік сауаттылыққа баулу.

Тәрбиелік

Қарсыласын құрметтеуге, топтық жұмыста бір-бірін тыңдай білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Слайдтар
  • Түрлі-түсті конверттер
  • Смайликтер, пазлдар

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

«Сәлематсыздар ма, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін сіздермен бірге “Ақпараттар еліне саяхат” атты сыныптан тыс сайыс сабағын өткізгелі отырмыз».

Компьютер — сенің көмекшің,
Қаламың әрі қағазың!
«Керек емес» демессің,
Аздаған болса хабарың.
Үйрену керек бәрін де —
Ақпараттық заманың!

Топқа бөлу

Оқушылар сыныптары бойынша екі топқа бөлінеді. Әр топ өз жетекшісін сайлайды. Қиынды суреттер құрастырылып, шыққан суретке қарай топ атауы анықталады.

  • I топ: «Компьютер»
  • II топ: «Ноутбук»

Топ ұраны және сәлемдесу

Үй тапсырмасы ретінде әр топ өз ұранын айтып, қарсылас топпен сәлемдеседі.

I топ — «Компьютер»

Ұраны

Жарыс десе жанамыз,
Бүгінгі күн жарыста алғырлықпен аламыз.

Сәлемі

Кластас, ерігіп жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Жеңіспен мәреге барайық,
Жеңістің ұранын салайық.

II топ — «Ноутбук»

Ұраны

Қандай сынақ болса да беріспе,
Әрқашанда үміткерміз жеңіске.

Сәлемі

Біз дайынбыз бұл сайысқа, достарым,
Көрсетеміз бізде қандай күш барын.
Алға қойған мақсатымыз бір екен —
Сәтті болсын сапарымыз әрдайым!

Жүргізуші сөзі және бағдар

«Мынау ұшқыр заманда жаңалық енді ғаламға. Компьютер тілін меңгеру қажеттігі туды адамға», — деп бүгінгі саяхатта жол көрсетуші ретінде Білгішбек таныстырылады.

Әр аялдамада түрлі тапсырмалар күтіп тұрады. Барлығын ұйымшылдықпен орындасақ, Білгішбек бізді интерактивті тақта арқылы ЭКСПО–2017 көрмесімен таныстырады.

Аялдамалар тізімі

  1. 1. Ойлап көр — компьютердің пайдасы мен зияны
  2. 2. Мықты болсаң, шешіп көр! — жұмбақтар
  3. 3. Сөз ойла, көп ойла — берілген сөздерден жаңа сөздер құрау
  4. 4. Қара да ойла — қимыл арқылы жұмбақ шешу

1-аялдама: «Ойлап көр»

Әр топтан бір оқушы ортаға шығып, конверт таңдайды. Конверттің артында «Компьютердің пайдасы» немесе «Компьютердің зияны» деген сұрақ беріледі.

Топ мүшелері талқылап, постер дайындайды және қорғайды.

2-аялдама: «Мықты болсаң, шешіп көр!»

«Компьютер» тобына жұмбақтар

  1. Жануарға ұқсас атым бар,
    Бағдар көрсетер затым бар.
    Кілемше үстінде тұрамын,
    Ең қажетті құралмын... (Тышқан)
  2. Жұртты өзіне қаратқан,
    Ақпаратты сақтап, таратқан. (Компьютер)
  3. Мәліметті сұраған,
    Экранға шығарған... (Монитор)

«Ноутбук» тобына жұмбақтар

  1. Бұтақ орнында мың бір инесі,
    Компьютер жаны — мекені. (Кактус)
  2. Компьютермен енеді,
    Қағазға басып береді... (Принтер)
  3. Саусақтарды билететін,
    Экранға мәтінді сый ететін құрылғы? (Пернетақта)

3-аялдама: «Сөз ойла, көп ойла»

«Компьютер» тобы

Берілген сөз: ПЕРНЕТАҚТА

перне тақта пер ақ тақ ақта қанат тап рет ер ет

«Ноутбук» тобы

Берілген сөз: БАҒДАРЛАМА

бағдар лама рама баға марал ара дара амал мал ал арал бар

4-аялдама: «Қара да ойла»

Әр топтан бір оқушы ортаға шығып, қалтадан сурет таңдайды. Таңдалған затты өз тобына қимыл арқылы түсіндіреді. Қалған оқушылар көрсетілген қимылға қарап, жұмбақты табады.

Пульт
Тышқан
Құлаққап
Пернетақта

Қорытынды

Барлық аялдамалардағы тапсырмалар ұйымшылдықпен орындалған соң, «Ақпараттар еліне» саяхат аяқталады. Білгішбектің уәдесі бойынша оқушыларға интерактивті тақта арқылы ЭКСПО–2017 көрмесі көрсетіледі.

Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса — озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден — жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол — еңбектену, жалықпау!

Сайыс соңында әр топ мақтау қағаздарымен марапатталады.