Тұз суда еріді
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты
- Тақырыбы
- Су – тіршілік нәрі
- Мақсаты
- Оқушыларға судың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын түсіндіру; сусыз тіршілік болмайтынын ұғындыру. Жергілікті су айдындарымен таныстыру, суды үнемдеп пайдалануға үйрету және табиғатты қорғау арқылы экологиялық тәрбие беру.
Күтілетін нәтиже
- Оқушылар судың адам өміріндегі маңызын түсінеді.
- Тәжірибе арқылы судың кейбір қасиеттерін біледі.
- Суды аялау және қорғау қажеттігін меңгереді.
Сабақ әдістері
- СТО стратегиялары
- Ассоциация құрастыру
- Сұрақ-жауап
- Топпен жұмыс
- Әңгімелеу
Көрнекіліктер
- Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер
- Сызбалар, слайдтар
- Тәжірибеге қажетті заттар
- Жұлдызшалар, кеспе қағаздар
Ұйымдастыру және психологиялық дайындық
Сабақты бастамас бұрын оқушылардың назарын жинақтап, жағымды көңіл күй қалыптастыру ұсынылады:
Айдай арайлап,
Күндей күлімдеп,
Судай таза көңілмен
Бүгінгі сабағымызды бастаймыз.
Топқа бөлу
- 1-топ: Су
- 2-топ: Бу
- 3-топ: Мұз
- Топ басшысын сайлау
Ой қозғау: жұмбақтар
Дәмі де жоқ, түсі де жоқ,
Пайдаланбас кісі жоқ.
Бұл не? — Су
Қыста шыны боп қатады,
Жылыда су боп жатады.
Бұл не? — Мұз
Көзге көрінгенмен,
Ұстасаң қолға ілінбейді.
Бұл не? — Бу
Кіріспе әңгіме: судың қадірі
Су — екі-ақ әріптен құралғанымен, тіршіліктің өзегі. Күнделікті өмірде суға үйреніп кеткендіктен, оның қасиеті мен маңызын кейде толық аңғара бермейміз.
Өлең жолдары (Тұрсынзада Есімжанов)
Су жүргізер тіршіліктің тамырын,
Су жоқ болса, тіршілік тамам, бауырым.
Судың біз біле тұра маңызын,
Көп болған соң ұмытамыз қадірін.
Ғылыми көзқарас
Жапондық зерттеуші Масару Эмото судың адамның психикалық энергиясын сіңіре алатыны туралы пікір айтады. Бұл бағыттағы тұжырымдар әртүрлі бағаланғанымен, бір нәрсе анық: судың адам ағзасы үшін маңызы өлшеусіз.
- Дене температурасын тұрақтандыруға көмектеседі.
- Қорек, оттегі және қалдықтарды тасымалдауға қатысады.
- Зейінді сергітіп, күйзелісті азайтуға ықпал етеді.
- Ұйқы режимін реттеуге көмектеседі.
- Иммунитеттің күшеюіне, қан түзілуінің реттелуіне әсер етеді.
Нақты деректер
Жер шары
Су жер бетінің шамамен төрттен үш бөлігін алып жатыр. Картада су көк түспен белгіленеді.
Адам ағзасы
Ағзаның 30–90% аралығы судан тұрады. 70 кг адамда шамамен 50 кг су болуы мүмкін.
Өмір сүру шегі
Адам тамақсыз ұзаққа шыдаса да, сусыз бірнеше күннен артық өмір сүре алмайды.
Ой қозғау: ассоциация
«Су» дегенде ойларыңа не келеді? (таза, мөлдір, өзен, жаңбыр, шөлді басу, өмір, денсаулық, үнемдеу, табиғат, т.б.)
Судың табиғаттағы күйі және таралуы
Су қайда кездеседі?
- Өзен, көл, теңіз, мұхиттарды құрайды.
- Аспаннан жаңбыр түрінде түседі.
- Суықта қатып мұзға айналады; қар мен мұз — судың қатты күйі.
- Жер астында да мол қоры бар: жер асты сулары.
Судың тұрмыстағы орны
- Күнделікті тұрмыста (ішу, жуыну, тазалық).
- Егістікте және бақшада суару.
- Өндірісте, құрылыс саласында.
- Энергия өндіруде (су электр станциялары).
Топтық жұмыс: поэзия, нақыл сөздер және тыйымдар
1-топ: Су туралы өлең
Су – тіршілік негізі,
Онсыз өмір сүрмейсің.
Гигиена егізі,
Су деп және білгейсің.
Су – табиғат байлығы,
Өзен-көлге барғайсың.
Кемі екі рет әр күні
Суға түсіп тұрғайсың.
Айналаңды қоршаған
Табиғатты сүйе біл.
Қауіп-қатер төнсе оған,
Қамқорға алып сүйе біл.
Суды босқа ағызба.
2-топ: Мақал-мәтелдер
- Таулы жер бұлақсыз болмас, сулы жер құрақсыз болмас.
- Су жүрген жер — береке, ел жүрген жер — мереке.
- Су — ырыстың көзі, еңбек — кірістің көзі.
- Сулы жер — нулы жер.
- Бұлақ көрсең — көзін аш.
- Судың да сұрауы бар.
- Су қадірін шөлдеген білер.
- Тау мен тасты су бұзар, адам арасын сөз бұзар.
- Суға кеткен тал қармайды.
3-топ: Тыйым сөздер
- Суды бекер ағызба.
- Суды лайлама.
- Бұлақты былғама.
- Ағынды суға кір жума.
- Судың бетін ашық қалдырма.
- Суды сапырма.
- Лас су төккен жерді баспа.
- Түнде су төкпе.
- Су ішкен құдығыңа түкірме.
- Суды ысырап етпе, үнемде.
Тәжірибе: суда еритін және ерімейтін заттар
Суда еритін заттар
1) Қант
Қант суда ериді. Су мөлдір күйінде қалады, дәмі тәттіленеді.
2) Тұз
Тұз суда ериді. Су мөлдір күйінде қалады, дәмі ащыланады.
Суда ерімейтін заттар
1) Құм
Құм ерімейді: қиыршықтары стақан түбіне шөгеді.
2) Саз
Су лайланады. Біраз тұндырсаң, саз түбіне шөгеді — демек, ерімейді.
Қорытынды
Кейбір заттар суда толық ериді де, су мөлдір қалпын сақтайды. Ал кейбірі ерімей, түбіне шөгіп немесе суды лайландырады. Бұл бақылаулар суға еріткіш қасиет тән екенін, бірақ барлық зат бірдей ерімейтінін көрсетеді.
Судың қасиеті, пайдасы және ықтимал зияны
Судың қасиеттері
- Түссіз, мөлдір
- Сұйық, пішіні жоқ (ыдыс пішінін алады)
- Дәмсіз, иіссіз
- Еріткіш қасиеті бар
- Жұққыш (ылғалдандырады)
Судың пайдасы
- Адам, жануар, өсімдік тіршілігіне қажет.
- Бақша мен егістікті суарамыз.
- Тазалық пен гигиенаны сақтаймыз.
- Құрылыс, өндіріс жұмыстарында қолданылады.
- Электр энергиясын өндіруге қатысады.
- Шөлді басады, ағзаны сергітеді.
Судың ықтимал зияны
- Нөсер жаңбыр үй-жайды бүлдіруі мүмкін.
- Топырақты шайып, эрозия туғызады.
- Ластанған су денсаулыққа зиян.
- Қауіпсіздік сақталмаса, суға кету қаупі бар.
Сондықтан суға қатысты қауіпсіздік пен тазалық ережелері әрдайым маңызды.
Дәстүрдегі ұғым
Қазақ ырымында түнде су алуға тыйым салынған. Қажет жағдайда үлкендер «су атасы — Сүлейменнен» рұқсат сұраған:
Су атасы — Сүлеймен,
Айдыныңа тас аттым.
Рұқсат ет балаңа,
Су алуға бола ма?
Түн ұйқыңнан ояттым.
Ой толғаныс: тұз бен мақта туралы мысал
Үстіне жүк артқан екі есек келе жатады: бірінің үстінде — тұз, екіншісінде — мақта. Олар терең өзеннен өтуі керек болады. Тұз артқан есек судан шыға сала жеңілдеп, жүрісін тездетеді. Ал мақта артқан есек әрең қозғалады.
Неге тұз артқан есек жеңілдеді?
Себебі тұз суда еріп, жүктің салмағы азайды.
Неге мақта артқан есек ауырлады?
Себебі мақта суды сіңіріп, салмақ қосып ауырлап кетті.
Рефлексия және бағалау
Рефлексия сұрақтары
- Бүгін не білдік?
- Не үйрендік?
- Суды қорғау үшін қандай әрекет жасай аламыз?
Бағалау
Өзара бағалау және «жұлдызшалар» арқылы ынталандыру тәсілін қолдануға болады.
Автор туралы мәлімет
Аманиязов Даурен Зейнуллаевич — Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы №7 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.