Ана көңілі балада, баланың көңілі далада

Қорқыт атаның кеңестері далалықтардың қоғамдық өмірінде айрықша рөл атқарды. Бүгінде олар халық даналығы шоғырланған мақал-мәтелдер ретінде қабылданады. Нақыл сөздерінде ырғақ пен ұйқасқа құрылған, мазмұны терең әрі ұтымды ой анық байқалады. Сол себепті Қорқыт мұрасы бүгін де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ.

Қанатты ойлардан үзінді

Қар қанша қалың жауса да, көктемге дейін қалмайды; жайқалған көк майса да күзге дейін қалмайды.

Ескі мақта мата болмас, ескі жауың дос болмас.

Сулар тарам-тарам болып, қанша тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды.

Менмен, тәкәппар адамды Тәңір сүймейді; өзін өзгеден жоғары ұстағанға бақ қонбайды.

Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас.

Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас.

Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.

Төменде Қорқыт атаның қанатты сөздерін мазмұнына қарай тақырыптап, мақал-мәтел үлгісінде жинақтап бердім.

Тұрмыстық қажеттілік пен күнделікті тәжірибе

Бұл топтағы нақылдар еңбектің қадірін, байлықтың өлшемін, ниет пен адалдықтың салмағын еске салады.

  • Ер жігітке қаратаудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес.

  • Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас.

  • Алла демейінше іс өнбес, Тәңір демейінше ер байымас.

  • Баба малынан не пайда, баста дәулет болмаса.

  • Қонақ келмеген қара үйдің құлағаны игі.

  • Шабуын білмеген үкілі қылыштан шоқпар артық.

  • Жалған сөз бұл дүниеде болмаса игі.

  • Күн жадында жұма көрікті.

  • Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізудің пайдасы жоқ.

  • Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.

  • Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас.

  • Тәкәппарды Тәңір сүймес.

  • Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді.

  • Өтірік сөз өрге баспайды.

Ана туралы нақылдар

Ана — тәрбие мен мейірімнің өзегі. Бұл сөздер отбасындағы рухани сабақтастықтың маңызын айқындайды.

  • Ана — ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы.

  • Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.

  • Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас.

  • Ниеті құрыған, нысапсыз, кесір әйел — үйге сор.

  • Ананың көңілі балада болар.

  • Ақ сүтін тоя емізсе, ана көрікті.

  • Ұлдың кімнен туғанын ана білер.

  • Қыз анадан көрмейінше үгіт алмас.

Тәлім-тәрбие туралы қанатты сөздер

Бұл ойлар тәрбиенің үлгі арқылы берілетінін, ақыл мен ардың құнын, ұрпақ аманатына жауапкершілікті алға қояды.

Үлгі мен өнеге

  • Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе.

  • Ұл жарылқап ас бермес — әке үлгісін көрмесе.

  • Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.

Ақыл, ар, жауапкершілік

  • Ақылсыз баладан ата дәулетінің қайыры жоқ.

  • Өтірік сөз өрге баспайды; өтірікші болғаннан, жарық көріп өмір сүрмеген артық.

  • Құл — төбе болмас, күйеу бала — ұл болмас.

  • Көңілі пасық ерде дәулет болмас.

Еңбек пен несібе өлшемі

Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жинап байиды. Бірақ соның ішінен өзіне тиісті үлесін ғана жейді.

Өмір мен өлім туралы пайым

Қорқыт дүниетанымында уақыттың өтпелілігі мен адам ісінің ізі қатар айтылады: бәрі өзгереді, бірақ игі іс ұмытылмайды.

  • Өмір барда өлім бар, өзгеріс бар.

  • Өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ: бәрі өледі, өзгереді, ұмыт болады.

  • Ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.

  • Өлген адам тірілмес; шыққан жан қайта келмес.

  • Мәңгі өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе — адамның өмірінде істеген игі ісінің нәтижесі.

  • Тәңірі пенденің маңдайына не жазса, сол болады.

  • Өлімді тоқтатса, тек өнер ғана тоқтатар.

Туған жер мен ел туралы нақылдар

Бұл бөлімде жер тану, ел бағалау, табиғат пен тіршіліктің заңдылығы арқылы ой түю басым.

Жер мен елдің бағасы

  • Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі.

  • Ат қиналмай жол шалмас.

  • Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды.

Табиғат заңдылығы

  • Қар қанша қалың жауғанмен — жазға бармас.

  • Қарлы таулар қартайса, шөп бітпес; арналы өзендер қартайса, су келмес.

  • Шолақ сулар тасыса да, теңіз болмас.

  • Су тарам-тарам болып қанша тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды.

Білгенге белгі

Құстың қонар жерін су біледі, малдың барар жерін ну біледі.

Жердің соны шөбін киік біледі, жайылымның көкорай шалғынын жылқы біледі.

Отты жерді түз құстары біледі; тегіс жердің көгалын құлан біледі.

Айыр-ауыр жолдың ізін түйе біледі; жеті саланың иісін түлкі біледі.

Қорқыт атаға телінетін мақал-мәтелдер

Кейбір кең тараған мақал-мәтелдердің түп төркіні Қорқыт атаның сөздерінен бастау алатынын аңғаруға болады. Мысалы:

  • Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе.
  • Ұл жарылқап ас бермес — әке үлгісін көрмесе.
  • Өлгендер қайтып келмейді, шыққан жан қайта енбейді.
  • Құстың қонар жерін су біледі, малдың барар жерін ну біледі.
  • Топырақ тау болмайды.
  • Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы.
  • Ана көңілі балада, баланың көңілі далада.
  • Өмір барда өлім бар.
  • Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді.
  • Өтірік сөз өрге баспайды.

Тағы бірер түйін

Көк шүйгінін киік біледі.

Бас аман болса, бөрік табылады.

Дәулетті ұл — ошақтың қоры, дәулетсіз ұл — атаның соры.

Ұлдың күні күн емес — атадан мал қалмаса; ата малы пұл емес — баста ақыл болмаса.

Қорытынды ой: мәңгілік мәселе және адамилық

«Қорқыт ата кітабы» — бірнеше ғасырдан бері жырланып келе жатқан оғыз-қыпшақ дәуірінің ұлы мұрасы, қазақ эпикалық дәстүрінің алғашқы баспалдақтарының бірі. Қанатты сөздерін іріктеп, мазмұны бойынша сараласақ, Қорқыт мұраларындағы шешендік нақылдардың аз еместігі көрінеді.

Қорқыт пайымынша, адам ең алдымен адамилық қасиетін сақтауы керек. Адам үшін ең қауіптісі — адамилықтан айырылу. Ол көтерген мәңгілік мәселе — өмірсүйгіштікке шақыру: өмірді сүйген адам ғана ұрпағын адамгершілік негізінде тәрбиелейді, сол арқылы халықтың болашағы алдындағы жауапкершілігін түсінеді.

Тектілік атаққа іліну немесе байлық пен мансап құру емес. Тектілік — дүниенің сырын жүрекпен түсініп, ақылмен екшеп, айналаңа жылуыңды шашып, жарқын өмір сүру. Жақсы істің жалғасын таба білу, дүниені көркейтуге үлес қосу, дарынды шабытпен ұштап, адамдарды біріктіре алу — нағыз тектіліктің белгісі.

Өмір сүре білу — әлеуметтік шындықтағы қиындықтарды белсенді жеңе білу, тіршілікпен үйлесімділікті орнықтыруға атсалысу. Іс-әрекеттегі ұқыптылық — адамның үлкен өмір алдындағы жауапкершілігі. Қорқыт жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлылық пен төзімділік — ата-бабамызды талай сыннан алып шыққан түркілік болмыстың өзегі.