Балалардың жауаптарын түйіндеу
Шаттық шеңбері
Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне тұрайық. Ортаға шеңбер құрып, «Мен апамның ай мен күні» өлеңін айтайық.
Апам мені: «Айым» — дейді,
Мен мұңайсам, уайым жейді.
Апам мені: «Күнім» — дейді,
Мен қуансам, күлімдейді.
Жаңа тақырып: мейірімділік
Бүгінгі сабақта адамның жақсы қасиеттерінің бірі — мейірімділік туралы әңгімелесеміз. Мейірімділік әр адамның жүрегінде өмір сүреді. Оны адамның көзінен де, іс-әрекетінен де байқауға болады. Мейірімді адамды көпшілік жақсы көреді.
Әңгімелесу сұрақтары
- Мейірімділікті қалай көрсетуге болады?
- Саған мейірімділік көрсеткенде қандай сезімде боласың?
Қорытынды ой
Адамдар бір-біріне жылы сезімін білдіріп, айналасындағыларға жақсылық ойлап, игі іс жасау арқылы мейірімділігін таныта алады.
Тыныштық сәті
Денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Терең тыныс алып, еркін демалыңдар. Денелеріңді бос ұстап, айналадағы тіршілік иелерінің сендерді аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезініңдер. Тұла бойларыңды жақсылық пен махаббатқа толтырыңдар.
Видеокөрсетілім: тыныштыққа бағытталған қысқа бейне.
Мәтінмен жұмыс
М. Төрежанов — «Сары тауық пен балапандары»
Күздің бір күні сары тауық балапандарын ертіп, ауылдан ұзап кетеді. Кенеттен нөсер жаңбыр құйып қоя береді. Суық жаңбырдың астында қалған ана тауық қанша асықса да, балапандарын бірден мекеніне жеткізе алмайды. Өйткені олардың жылы жүні әлі шықпаған, өздері тым жас еді.
Сары тауық қатты сасады. Шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басады. Бірақ бір балапаны сыймай, сыртта қалып қояды. Сонда анасы айла тауып, балапандарын кезектестіріп бір-бірден сыртта ұстайды: тоңа бастағанын қайта бауырына алып жылытады.
Кезек ең кенжесіне келгенде, анасы оны сыртқа шығармай қояды.
— Оны неге шығармайсыз? — деп сұрайды бір балапан.
— Ол тым жас.
— Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.
— Сырқаттанып қалады. Кішімізге бәріміз қамқор болуымыз керек емес пе? Кәне, мұның орнына кім барады? — дейді анасы.
Сонда балапандарының бірі: «Мен» дейді. Екіншісі: «Мен барайын» дейді. Тағы бірі: «Кезекті маған беріңіз» деп ұсыныс айтады. Ал бастапқыда қарсы болған балапан: «Мен қалам ба сонда?» деп қынжылады.
— Қателігіңді түсінген сенің барғаның жөн! — дейді сары тауық оны сыртқа ысырып.
Сары тауықтың үстінен су өтіп, өзі қатты жаурайды. Бірақ балапандарын тоңдырмайды. Аналық махаббатымен жылытып, аман сақтап қалады. Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырай түседі.
Талқылау сұрақтары
- Сары тауық балапандарын қандай жақсы қасиеттерге баулыды?
- Аналық мейірімділікті қалай көрсетті?
- «Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Мейірімділік пен қайырымдылықты кімдерден үйреніп жүрсіңдер?
Негізгі ой
Мейірім — әлсізді қорғау, кішіге қамқор болу, қателікті түсініп түзете білу және бір-біріңе жанашырлық таныту.
Дәйексөз
«Мейірімділікті анадан үйрен».
Халық ұғымында ана — жаратушы. Табиғатты да, адамды да дүниеге әкелуші — ана деп қадірлеген. Барлық тіршіліктің бастауында үлкен мейірім мен шапағат жатады. Табиғаттың барша жанға бірдей мейірімді болуы да содан. Адам бойына ананың кіршіксіз мейірінен дарыған жақсылықты сақтап қалу — әркімнің өз қолында.
Ойын-тапсырма: «Мейірімділік гүлі»
«Мейірімділік» сөздері арқылы гүл құрастырайық. Мейірімді болуды үйде — анамыздан, мектепте — ұстазымыздан үйренеміз. Ендеше, аналарымыз туралы айтып көрейік: «Ол қандай адам?»
Гүлдің күлтелері: мейірімділік сөздері
(Баяу әуен ойнап тұрады.)
Жаңа ақпарат
Видеокөрсетілім: мейірімділік туралы қысқа бейне.
Жүректен жүрекке
Елжіреп жататын етегіңде,
Есімде балапан күндерім.
Сол айтқан ертегі жетегінде
Керемет түс көрген түндерім.
Өзіңнің шапағат нұрыңмен ержеткем,
Асылым, анашым — сағындым.
Келеді бесікке қолыңмен тербеткен,
Қайтадан сәби боп таңылғым.
Ақ ниет, арайлы келбетіңнен,
Көрдім мен бақыттың ақ таңын.
Осынау дөңгелек жер бетінде
Өзіңнен асыл жан таппадым.
Күн нұрындай көңілім,
Даламдай кең пейілім.
Жүрегім толы мейірім —
Бәріне ортақ шуағым.