Қара өрік

Автор туралы мәлімет

Өңір

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы

Мекеме

«Балдырған» балалар бөбек бақшасы

Әдіскер

Хасенова Айжан Лұқманқызы

Мақсаты

  • Балалардың күз туралы түсінігін кеңейтіп, жыл мезгілінің ерекшеліктерін байқату.
  • Табиғаттағы өзгерістер мен күзгі еңбек туралы ойларын грамматикалық тұрғыда дұрыс әрі байланыстырып сөйлеуге төселдіру.
  • Табиғатты аялауға, әсемдікті көріп-сезінуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Бейнелік материалдар

  • Күзгі аула мен бақ суреттері
  • Жеміс-көкөніс суреттері, муляждар

Дидактикалық және әдеби құралдар

  • Дидактикалық ойындар
  • Көркем әдебиет кітабы
  • Тіл дамыту кітабы

Ертеңгіліктің барысы

Кіріспе

Еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалады.

Психологиялық сәт:

Армысың, қайырымды Аспан ата!

Армысың, мейірімді Жер ана!

Армысың, шұғылалы алтын күн!

Күліп шықты күн бүгін,

Бәріміз күндей жарқырайық,

Бәріміз тату болайық,

Бәріміз дос болайық.

Тәрбиешімен диалог: «Бұл қай кезде болады?»

Тәрбиеші:

Балалар, мен сендерге «Бұл қай кезде болады?» деген өлең оқып беремін. Сендер мұқият тыңдап, өлеңнің жылдың қай мезгіліне арналғанын айтыңдар.

Өлең:

Бұлттар төніп,

Ызғар сеуіп,

Дымқыл тұман басады.

Шөп сарғайып, өні тайып,

Дала сұрғылт тартады.

Бой жаза алмай, ойнай алмай,

Денең мұздап тоңады.

Бөбектерім! Айтыңдаршы!

Бұл қай кезде болады?

Талқылауға сұрақтар:

  • «Ызғар», «дымқыл», «сұрғылт», «өні тайды» сөздерінің мағынасын түсіндіңдер ме?
  • Күз мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
  • Күзде нелер піседі?
  • Күз туралы суретке қарап әңгіме құрастырайық.

Күз туралы тақпақтар

Алтын сары, қызыл-көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.

Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау.

Ұсыныс:

Балаларға өздері білетін күз туралы өлеңдерді кезекпен айтқызып, интонациясы мен анық сөйлеуіне назар аударыңыз.

Кейіпкердің келуі: «Алтын күз»

Тәрбиеші:

Онда, балалар, ортамызға ару Күзді шақырайық.

(Ішке сары киім киген, түрлі-түсті жапырақтар тағылған «Алтын күз» кіреді.)

Алтын күз:

Армысыңдар ма, балалар!
Ерінбестен еңбек етіп келетін,
Еңбекшіге бар жемісін беретін.
Мен мырза күз, ынтымақты еліңе,
Берекелі ырыс болып енетін.

Тәрбиеші:

Қош келдің, Алтын күз! Өзіңмен бірге береке-байлық, молшылық, тоқшылық ала келдің. Біз өте қуаныштымыз. Балалардың саған арнаған тақпақтары бар.

Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға,
Шақырады біздерді.

Құстар қайтты ән салып,
Сұр бұлт жапты аспанды.
Жапырақ түсіп, гүл солып,
Қыс ызғары басталды.

Жайсаң жаз өтті, күз келді,
Сарғайтып бақты, даланы.
Шақырады күзде енді,
Гүл теруге баланы.

Жемістер шеруі

Алтын күз:

Балалар, мен сендерге құр келмедім. Өзіммен бірге піскен жемістерімді ала келдім: алма, өрік, қара өрік, шие, жүзім.

Тәрбиеші:

Күзде тынымсыз еңбек басталатыны бәрімізге мәлім: егін ору, бау-бақшада жеміс-жидек жинау. Бүгін сол жеміс-жидектер бізге қонаққа келіп тұр.

Алма

Нарттай қызыл алмамын,
Мәз болады алғандар.
Жазда әдемі киінем,
Тілді балдай үйірем.

Өрік

Көктемде ерте гүлдеймін,
Кешігуді білмеймін.
Піспей тұрған кезімде,
«Менен аулақ жүр» деймін.
Уылжыған өрікпін,
Мен бау-баққа көрікпін.

Қара өрік

«Қара» деген атым бар,
Менен де дәм татыңдар.
Дәрі орнына жүруге,
Кейде менің хақым бар.

Шие

Шиемін мен, шиемін,
Піскенше тон киемін.
Бала келсе қасыма,
Басымды мен иемін.

Жүзім

Мен жүзіммін, жүзіммін,
Моншақ болып түзілдім.
Сары күзде үзіліп,
Себетке кеп тізілдім.

Ойын: «Қандай жеміс екенін тап»

Шарты:

Баланың көзін байлап, қолымен сипап-сезу арқылы жемістің атын табу.

Мақсаты:

Сезім мүшелері арқылы ажырату қабілетін дамыту, сөздік қорды байыту.

«Сиқырлы бидай масағы» тапсырмалары

Алтын күз:

Балалар, сендерге сиқырлы бидай масағын алып келдім. Әр сабағында сендерге арналған сұрақтар бар.

Сергіту сәті:

Көбелекке ұқсап ап,

Ұшайықшы бәріміз.

Оңға қарай бір ұшып,

Солға қарай бір ұшып,

Айналайық жер шарын,

1–2–3, көбелекше ұш!

Тәрбиеші:

Қане, сиқырлы бидайдың сұрақтарын оқиық:

  1. Нан қайдан шығады?
  2. «Жаз өсірді, күз сыйлады» дегеніміз не?
  3. Жұмбақ: «Қабат-қабат тоны бар, шешіндірсең жылатар» Жауабы: пияз
  4. Ойын: «Ұйқасын тап».

Алтын күз:

Керемет! Қандай ақылды балалар! Рахмет! Бидайдың барлық тапсырмаларын орындадыңдар.

Қорытынды

Сыйлықтар

Ертеңгіліктің соңында «Алтын күз» балаларға сыйлықтарын таратады.

Қоштасу

Кейіпкер балалармен жылы қоштасып, мерекелік көңіл күймен шара аяқталады.