Қорғайтын Елдігіңді ерлігімен, Қазақтың шығаратын Алаш атын

Талдықорған қаласы

Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі
Химия және биология пәнінің оқытушысы: Ахметова Жаннэль Абилдақызы

Тақырыбы: «Тәуелсіздік – елдігімнің тұмары, ерлігімнің шынары»

Мерекелік кештің ашылуы

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар, аяулы білім алушылар және қадірменді қонақтар! Бүгін тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – елдігімнің тұмары, ерлігімнің шынары» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Қазақ елі тәуелсіздігін алғанына биыл 24 жыл толды. Өз алдына егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет атану — қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Өз елін, кіндік қаны тамған туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін түсінбейтін адам жоқ. Біздің туған еліміз — Қазақстан! Даласы көз жетпейтін кең, таулары айбатты, халқы мерейлі ғажайып өлке.

1-жүргізуші

Еркіндік пен азаттық — халқымыздың ежелгі арманы. Атажұрт үшін, азаттық үшін жан беріп, жан алысып өткен сұрапыл шайқастар аз болмады. Сол жолда талай арыстың қаны төгілді, жаны қиылды. Тамыры тереңге байланған алып бәйтеректей қазақ халқы талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді, талай теңселді — бірақ құламады. Құламау үшін қаншама қыршын құрбан болды. Бүгін біз — Тәуелсіздіктің берік тұғырына қонған егемен елміз.

2-жүргізуші

Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт жолмен қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 24 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанды дүниежүзіндегі ең мықты мемлекеттер танып, сыйлайтындай дәрежеге жеткізу жолында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін бүгін де, әрдайым атап өтеміз.

1-жүргізуші

Барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздіктің мәні мен маңызы айрықша. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді қайта жаңғырттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүріміз жанданды.

2-жүргізуші

Мемлекетіміздің өсіп-өркендеп, алға жылжуы — ортақ жетістігіміз. Сондықтан бүгінгі «Тәуелсіздік – елдігімнің тұмары, ерлігімнің шынары» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

Гимн орындалады.

Колледж рухы және жастардың үлесі

1-жүргізуші

Колледжіміз — облыс көлеміндегі жастарға мамандық беруді ілгерілетіп келе жатқан оқу орны. Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы үшін оқу бітірген жас мамандар ел экономикасын көтеруге өз үлесін қосуда. Жастардың биік рухты, өткен тарихын білетін патриот болуы үшін былтыр колледжімізде тұңғыш рет колледж гимні жазылды. Келесі кезекте 253-топ білімгерлері колледж гимнін орындайды.

Колледж гимні орындалады.

2-жүргізуші (өлең)

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,

Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.

Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,

Тәуелсіз Қазақстан — елім менің!

1-жүргізуші (өлең)

Армандарды жақындатып тым алыс,

Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.

Егемендік — ел бақыты, ертеңі,

О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Құттықтау және салтанатты сәт

2-жүргізуші

Құттықтау сөз колледждің өсіп-өркендеуіне, республикамызға танымал болуына зор еңбек сіңіріп келе жатқан колледж директоры Жұмаділов Әсет Қазиұлына беріледі.

1-жүргізуші

Бүгін біз колледжде қос қуанышты атап өтпекпіз. Бірі — Тәуелсіздік күні, екіншісі — Тәуелсіздік күні қарсаңында колледж басшысы, қамқоршымыз Әсет Қазиұлының туған күні. Құттықтаймыз!

2-жүргізуші (өлең)

Қазақстан — сан ғасырлық тарихы бар,

Қазақстан — бұл азат ел, танысыңдар.

Көк байрағы, елтаңба, әнұраны —

Қазақ елі егеменді, сан ұлты бар.

1-жүргізуші (өлең)

Тәуелсіздік — бұл менің парасатым,

Күншілмен де тіл тауып жарасатым.

Елдігіңді ерлігімен қорғайтын,

Қазақтың шығаратын Алаш атын.

Түйін

Бұл кеш — тәуелсіздіктің қадірін ұлықтап, елдік рухты нығайтатын, білім мен бірліктің маңызын айқындайтын тағылымды басқосу. Тәуелсіздік — тұмарымыз, ерлік — шынарымыз.