Үшінші кезең өкілдері
Сабақтың тақырыбы
Қазақ шешендік өнерінің үшінші кезеңі
Сабақ түрі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер
СТО стратегиялары, сұрақ-жауап
Көрнекілік
«Жеті жарғы», слайд, видео-сабақ
Сабақтың мақсаты
Білімділік
XVIII ғасырдағы қазақ шешендік өнеріне тоқталу, «Жеті жарғыға» түсінік беру.
Тәрбиелік
Мәтін арқылы шешендікке, әділдікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
Ойлау қабілетін арттыру, тіл мәдениетін және сөздік қорды дамыту.
Пәнаралық байланыс
Тарих, география, әдебиет.
Қызығушылықты ояту
«Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздері ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласың».
Академик В. В. Радлов
Үй тапсырмасын шолу (сұрақ-жауап)
- 1) Шешендік өнер дегеніміз не?
- Шешендік өнер — сөз мәдениетінің жоғары формасы. Грек тіліндегі атауы — риторика.
- 2) Шешендік өнердің негіздері қандай?
- Табиғи дарын, туа біткен талант, жан-жақты білім, тынымсыз еңбек, жүйелі жаттығу.
- 3) Қазақ шешендік өнері неше кезеңге бөлінеді?
-
Зерттеушілердің пікірінше, шешендік өнер 5 кезеңге бөлінеді:
- XI–XIII ғғ. — Майқы би мен Аяз биден басталады.
- XIV–XVI ғғ. — Асан қайғы мен Жиренше кезеңі.
- XVII–XVIII ғғ. — Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би дәуірі.
- XVIII ғ. — хан-сұлтандарға қарсы шешендер: Байдалы, Әз Жәнібек, Тіленші би, Шалқар би және т.б.
- XIX ғ. — би-болыстарға қарсы шешендер: Махамбет, Сырым батыр, Бала би және т.б.
- 4) Бірінші кезең өкілдері кімдер?
- Майқы би, Аяз би. Халық даналығы: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би».
- 5) Екінші кезең өкілдерін атаңдар.
- Асан қайғы, Жиренше шешен, Едіге Құтлық Қабанұлы.
Жаңа сабақ: үшінші кезең
Бүгінгі сабақ қазақ шешендік өнерінің үшінші кезеңі өкілдеріне арналады. Тарих пәнінен Тәуке ханның қазақ руларын жинап, үш ұлысты топтастырып, олардың басына үш биді қойғанын білеміз. Бұл кезең XVIII ғасырда ерекше өркендеді.
Шешендік өнердің кең қанат жаюына ықпал еткен негізгі себептер:
- Тәуке ханның шашыраңқы қазақ руларын үш ұлысқа біріктіріп, олардың басына қарадан шыққан үш биді қоюы.
- Басқыншы жауларға қарсы күресте қол бастайтын қолбасылар мен сөз бастайтын шешен-билердің қатар шығуы.
- Қазақ шаруаларының патша өкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы ұлт-азаттық күресінің күшеюі.
Билер кеңесі және «Жеті жарғы»
Елдік мәселелерді кеңесіп, ақылдасып отыру үшін Билер кеңесі құрылды. Кеңестің бір жиынында қазіргі Сырдария өңірі, Ангрен өзенінің жағасындағы Күлтөбе басында, Ханабадтағы Тәуке хан ордасында қазақтың әдет-ғұрып заңдарының жинағы — «Жеті жарғы» қабылданды.
Үшінші кезең өкілдері
Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Өтеген, Қабылысa, Шақшақұлы Жәнібек.
Сұрақ-жауап және топтық жұмыс
Түсінуді тексеру сұрақтары
- Үшінші кезең қай ғасырларды қамтиды?
- Шешендік өнердің өркендеуіне неше түрлі себеп болды?
- Осы кезең өкілдерін атаңдар.
- Неліктен «Жеті жарғы» деп аталады?
- Қай жерде, қай ордада қабылданды?
- Картамен жұмыс: орналасқан жерін табу.
«Жеті жарғы» туралы түсінікті 15-жаттығу арқылы толықтырамыз.
Төле би тобы
Мәтінге сүйеніп, «Жеті жарғыға» түсінік береді.
Сөйлемді талдау:
«Дауды әділ, тура шешкен билерді халық “Қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған».
- Баяндауыш: мадақтаған
- Бастауыш: халық
- Толықтауыш: билерді
- Анықтауыш: әділ, тура шешкен
- Толықтауыш (нені?): дауды
- Пысықтауыш (қалай?): «қара қылды қақ жарған» деп
Сөйлем түрі: жайылма, толымды, жақты.
Қазыбек би тобы
Мәтіндегі тырнақшаға алынған сөздердің себебін дәлелдеп, теріп жазады. «Жеті жарғы» тіркесіне фонетикалық талдау жасайды.
Ескерту:
Тырнақшаға алынған сөздер көбіне атау мәнді тіркестер мен ерекше қолданыстағы сөздер болғандықтан беріледі.
«Жеті»: жіңішке буынды сөз. Е, і — жіңішке дауыстылар (е — ашық, і — қысаң). Ж — ұяң, т — қатаң. Же-ті — екі буын, тасымалданады.
«Жарғы»: жуан буынды сөз. А, ы — жуан дауыстылар (а — ашық, ы — қысаң). Ж, ғ — ұяң, р — үнді. Жар-ғы — екі буын, тасымалданады.
Әйтеке би тобы
«Әділдік», «шешім» сөздеріне морфологиялық талдау жасайды.
Әділдік — туынды зат есім: түбірі әділ, жұрнағы -дік. «Не?» сұрағына жауап береді. Атау септікте. Жалпы есім, дерексіз, жансыз.
Шешім — туынды зат есім: түбірі шеш (етістік), жұрнағы -ім. «Не?» сұрағына жауап береді. Атау септікте. Дерексіз, жансыз.
Сахналық көрініс (19-жаттығу)
Әр топ өз билерінің сөздерін оқып, мағынасын түсіндіреді. Талқылау сұрақтары:
- Үш бидің сөзталасындағы ортақ тақырып қандай?
- Әрқайсысы қандай дәлелдерге сүйенеді?
Бекіту: «Жеті жарғы» және Ата Заң
Сабақты бекіту мақсатында «Жеті жарғы» мазмұнын қазіргі Қазақстан Республикасының Ата Заңымен байланыстыра отырып қорытынды жасалады.
Бағалау
Әр топ өз жұмысы бойынша пікір айтып, белсенді қатысушыларды атап өтеді. Топ басшылары бағалау парағына сүйеніп, нәтижені шығарады.
Рефлексия
Оқушылар стикерге сабақтан алған әсері мен түсінгенін қысқаша жазып, тақтаға іледі.
Үй тапсырмасы
- 17–18-жаттығу.
- «Егер мен би болсам…» тақырыбына эссе жазу.