Осымен жыр Музасы - Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған Бүгін менің туған күнім

Кештің тақырыбы

«Бүгін менің туған күнім!» — Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған поэзия кеші.

Мақсаты

Ғасырлар тоғысында Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушы жүрегіне ұялату; поэзияны сүюге, оны бағалай білуге баулу; сыршыл да шыншыл өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіру; рухани танымды кеңейтуге ықпал ету.

Көрнекіліктер

  • Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд таныстырылым
  • Көрме және буклеттер
  • Ақын туралы пікірлер топтамасы

Жүргізуші сөзі

Армысыздар, құрметті халайық! Ұстаздар мен оқушылар, қадірменді жырсүйер қауым! Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрек түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Бүгін менің туған күнім!» атты поэзия кешімізге қош келдіңіздер!

Кештің өзегі: ақын және өлең

Толғаныс

Жайлап жатыр ақырын,
Зал толы жырдың достары.
Тыңдамақ абзал ақынды,
Ардақты оның ел-жұрты.
Ақын ше? Ақын келмеді.
Бос күтті төрде бір орын.
Күмбірлеп залды кернеді,
Сөз алып сонда жыры оның…

Бұл — ақынның ақын туралы толғанысы. Арамызда ақын жоқ, бірақ жыры қалды; шығармалары қалды; жырсүйер ұрпағы қалды.

Абайдың үлгісі, халықтың аманаты

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.

Ақын биыл тірі болғанда, ақпанның 9-ында 84 жасқа толар еді.

«Арыз» — кешіккен құрметтің зары

Көзі тірісінде еңбегі лайықты бағаланбай, сый-құрметті аз көрген, туған күні тойланбай өмірден өкпелі озған ақын болашаққа назын жеткізіп, «арыз» қалдырған. Ендеше, Мұқағали Мақатаевтың туған күнін неге тойламасқа?

Негізгі бөлім: өлеңдер желісі

Өмір туралы ой

«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деген ақын қысқа ғұмырында өмірді қалай түсінді? Бірге тыңдайық: «Өмір жайлы».

Осы сәтте таныстырылым арқылы Мұқағали Мақатаевтың өмір деректері ұсынылады.

Бақыт ұғымы

Бақытты әркім әрқалай түсінеді. Оның мәнін ақынның өз жырынан іздейік: «Бақыт деген».

Ана тілі үшін күрескен Мұқағали оны халқы мен Отанынан кем көрмей, өміріндегі бірегей үш бақытының біріне балаған: «Үш бақытым».

Туған жерге махаббат

Пай, пай, киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Ақынның туған жерге деген махаббатының шегі бар ма? Ендеше, «Қазақстан» өлеңін тыңдайық.

Өлеңнен әнге

Ән сал, жаным, әніңмен тербет мені,
Бір сәтке тынсын тірлік жер-көктегі.
Дала ұйқысын, дамылдап таулар жатсын,
Таулар жатсын мәңгілік жер-көктегі.

Келесі кезек — ақын өлеңіне жазылған ән: «Саржайлау».

Поэзия алыбы

Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата-баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан-теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали — поэзия алыбы.

Ақынның поэзиямен қалай сырласқанын тыңдайық: «Автограф».

Балалық шақ және соғыс табы

Мұқағали ақынның балалық шағы 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы нәубет, 1941 жылғы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі Сүлеймен 1941 жылы майданға аттанғанда, Мұқағали небары 10 жаста еді. Алғашқы өлеңі де әкесіне деген сағыныштан туған.

Тыңдайық: «Әке».

Ана туралы жыр

Ақын бір түсінде анасын ақ жаулықпен, Абай атамыздың қасынан қуана басып, өзіне күліп келе жатқандай көреді. Оянса — түс. Сол ұзақ толғаныстан кейін «Шеше, сен бақыттысың» деген өлең жолдары туған деседі.

Тыңдайық: «Шеше, сен бақыттысың».

Сәби көңіл, тыныштыққа сағыныш

Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын қуалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат,
Қандай рақат сәбилер жыламаған!

Қабыл алыңыздар: «Сәби болғым келеді» (ән).

Ақын және халық

Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.

Мұқағали мен халықтың арасында табиғи, рухани байланыс бар. Оның поэзиясында тереңдік те, сұлулық та, қарапайымдылық та, асқақтық та қатар жүреді. Тыңдайық: «Сап-сары жапырақтар».

Махаббат лирикасы

Махаббат бүгін тағы қарамады,
Қарамады, жанымды жаралады.
Шәміл-ау, білесің бе шын махаббат,
Осылай қарамаудан жаралады!

Ақындықты шын зергерлікпен өлшеген Мұқағали мәңгілік тақырып — махаббатқа да қалам тартты. Тыңдайық: «Ғашықпын», «Аңса, жаным».

Соғыстың салған жарасы

Неңді сенің аңсайын, бала шағым?
Соғыс келді жүрекке жара салды,
Шапан еттім түсінген алашамды,
Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды.

Балалығын бүлдірген соғыс туралы ақын не дейді? Тыңдайық: «Соғыстың соңғы көктемі».

Қайғы ізі: Майгүл

Ақын өмірінде қайғы аз болған жоқ. Соның бірі — қызы Майгүлдің қазасы. Қыр гүліне, май гүліне теңеген перзентінен айырылу ақынды қатты күйзелтті.

Тыңдайық: «Майгүлге».

Ұрпаққа сенім

Кім білсін қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін қай күні сен қырқарыңды?!
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Жоғалтпасаң болғаны ұрпағыңды.

Ақынның үміті — жалғастырар ұрпақ. Тыңдайық: «Туады, туады әлі нағыз ақын».

Өз тағдырын болжаған жолдар

Өзімнің есебімде,
Мен бүгін дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі, ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін, неше күнге.

Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде…

Шынында да, ақын 45 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Өлең өлмейді

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.

Ақынның өзі айтқандай, Мұқағали мұрасы ешқашан өлмейді. Тыңдайық: «Мұқағалимен сырласу».

Қорытынды

Құрметті қонақтар! Осымен жыр Музасы — Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған «Бүгін менің туған күнім!» атты кешіміз мәресіне жетті. Ақынды әрдайым еске алып, жырларын оқып жүрейік!

Қорытынды ән

«Есіңе мені алғайсың»