Сүт тағамдары

Сабақтың мақсаты

Жаңа сөздермен таныстыра отырып, сөйлем құрауға және сұрақтарға жауап беруге үйрету арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту. Жаңа сөздерді есте сақтауға жағдай жасау. Жалғауларды дұрыс жалғауға үйрету. Тағамның адам өміріндегі маңызын ұғындырып, қадірлеуге дағдыландыру.

Күтілетін нәтиже

  • Жаңа сөздерді есте сақтауға мүмкіндік туады.
  • Жалғауларды дұрыс жалғау дағдысы қалыптасады.
  • Тағамның адам өміріндегі қажеттілігі түсіндіріліп, оны қадірлеу мәдениеті нығаяды.

Сабақ туралы қысқаша

Сабақтың типі
Жаңа тақырыпты меңгерту
Сабақтың әдістері
Жұптық жұмыс, СТО әдістері, сұрақ-жауап, түсіндіру, ой қозғау, талдау, INSERT стратегиясы
Көрнекілігі
Сызбалар, суреттер, стикерлер
Техникалық құралдар
Компьютер, интерактивті тақта

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1

    Сәлемдесу

    Бүгін біз қазақ тілі сабағын өткіземіз. Сабаққа дайынбыз ба? Қысқы шуақты күнде барлығыңызға сәттілік тілеймін.

  2. 2

    Қатысымды тексеру

    Оқушылардың сабаққа қатысуын анықтау.

  3. 3

    Мотивация және назар аударту

    Қайырлы күн, біз көңілді баламыз!
    Қайырлы күн, сәлемдесіп аламыз!
    Мақсатымыз – білім алу!
    Міндетіміз – еңбектену.

    Енді орындарымызға отырып, сабағымызды бастайық.

II. Өткен тақырыптарға шолу (тұсаукесер)

Жұмбақ арқылы ой қозғау

Сылдыр сұйық су емес,
Ішсең сусын қанады.
Ақ болса да, қар емес,
Шешуін кім табады?

Жауабы: СҮТ

Жақсы! Сандық ашылды, ішінен тапсырмалар шықты. Енді сұрақтарға жауап береміз:

  • Біз қандай тағам түрлерін білеміз?
  • Ұннан жасалатын қандай тағамдар бар?
  • Сүттен жасалатын қандай тағамдарды білеміз?
  • Қандай ет тағамдары болады?

Топқа бөлу (стикер арқылы)

Оқушылар өздерінің сүйікті тағамдарын атап, стикер таңдайды:

Қызыл — 1-топ

Сүт тағамдарын атайтындар

Жасыл — 2-топ

Ет тағамдарын атайтындар

Сары — 3-топ

Ұн тағамдарын атайтындар

Негізгі бөлім

1-тапсырма (оқылым)

Мәтінді түсініп оқып, сұрақтарға жауап беріңдер.

1-топ: Сүт тағамдары

Мынау – «Эмиль» фирмасы. Мұнда сүт тағамдары әзірленеді. Сүт тағамдары азық-түлік дүкендерінде сатылады. Олар өте пайдалы, кальцийге бай. Сүт тағамдарына май, айран, ірімшік, балмұздақ, қаймақ, құрт, сүзбе жатады. «Эмиль» фирмасының өнімдері үнемі жаңа, жұмсақ, таза, пастерленген болады. Маған сүт тағамдары қатты ұнайды.

  • «Эмиль» фирмасында не әзірленеді?
  • Сүт тағамдары қайда сатылады?
  • Сүт тағамдары қандай?
  • Сүт тағамдарына нелер жатады?

2-топ: Ет тағамдары

Қазақтың ұлттық тағамдары алуан түрлі. Еттен көптеген тағам түрі жасалады. Қазақтың басты ұлттық тағамы – ет. Етін жеп, сорпасын ішеді. Ет тағамдарына бесбармақ, қуырдақ, қарта, қазы, жал, жая жатады. Еттен қуырдақ қуырады. Суық жерде тұрса да, жылқының сорпасы қатпайды. Жылқы еті өте сіңімді болады.

  • Қазақтың басты ұлттық тағамы не?
  • Ет тағамдарына нелер жатады?
  • Жылқы еті қандай?
  • Еттен не қуырады?

3-топ: Ұн тағамдары

Диқандар күзде жер жыртып, егін егеді. Піскен егінді жинап алады. Элеваторда бидайдан ұн тартылады. Ұннан әртүрлі нан пісіріледі: бауырсақ, шелпек, самса, тоқаш, торт, печенье. Дүкеннен қалаған нанымызды сатып аламыз.

  • Диқандар күзде не істейді?
  • Ұннан не пісіріледі?
  • Нанды қайдан сатып аламыз?
  • Ұн қайда тартылады?

2-тапсырма (айтылым)

Мақал-мәтелдерді жалғастырыңдар.

1-топ

  • Ас – адамның арқауы.
  • Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп.

2-топ

  • Ет етке, сорпа бетке.
  • Аздың атасы бір, көптің батасы бір.

3-топ

  • Арпа, бидай ас екен, алтын күміс тас екен.
  • Ас иесімен тәтті.

3-тапсырма (жазылым)

Жалғауларды дұрыс жалғаңдар.

1-топ: Септік жалғаулары

Керекті жалғаулар: -дан, -нан, -ден, -тен

  • Ата... үйрен
  • Сүт... жаса
  • Төсек... тұрды
  • Ағам... сұра

2-топ: Тәуелдік жалғаулары

Жалғаулар: -ң, -ым, -ы, -сы, -ыңыз, -і

Тағам, сорпа, жылқы, сиыр, шұжық, ет.

3-топ: Көптік жалғауы

Берілген сөздерге көптік жалғауын қойып жазыңдар: нан, егін, диқаншы, тағам, астық, бауырсақ.

4-тапсырма (тілдесім)

Сөйлесімді оқыңдар және аударыңдар.

1-топ: Сүт тағамдары

Базардың қасында азық-түлік дүкендері бар ма?

Иә, үлкен және шағын азық-түлік дүкендері бар.

Онда сүт қанша тұрады?

Сүт ... теңге тұрады.

Ірімшік бар ма?

Ірімшік жоқ, айран бар.

Айран қанша тұрады?

Айран ... теңге тұрады.

Маған айран беріңізші.

Рақмет, сау болыңыз.

2-топ: Ет тағамдары

Сәлем!

Сәлем!

Қалың қалай?

Жақсы, сенің ше?

Жаман емес.

Сен қазақтың қандай ұлттық тағамдарын білесің?

Мен қазақтың ұлттық тағамдарының негізгі үш түрін білемін: ет, сүт, нан тағамдары.

Ет тағамдарына нелер жатады?

Ет тағамдарына жая, қуырдақ, қазы, ет жатады.

Сүт тағамдарына нелер жатады?

Сүт тағамдарына ірімшік, құрт, май, сүт, қымыз, қаймақ жатады.

Рақмет, сау бол!

Сау бол!

3-топ: Ұн тағамдары

Сен нанды қай дүкеннен аласың?

Мен нанды азық-түлік дүкенінен аламын.

Отбасыңа қандай нан ұнайды?

Отбасыма ақ нан ұнайды.

Нансыз тамақ іше аласың ба?

Жоқ, нансыз тамақ іше алмаймын.

Сенің анаң ұннан қандай тағамдар дайындайды?

Менің анам ұннан нан, тоқаш, бауырсақ дайындайды.

Сен өзің нан пісіре аласың ба?

Жоқ, әзірше пісіре алмаймын.

Жерде нан жатса, сен не істейсің?

Жерде жатқан нанды көтеріп, торғайларға беремін.

Қатқан нанды не істейсіңдер?

Қатқан нанды да жібітіп, торғайларға береміз.

Бағалау

Әдісі: өзара бағалау.

Орындалуы: бағалау парағы арқылы оқушылар бір-бірін бағалайды, қорытынды баға шығарады. Топ басшысы өз тобындағы бағаларды атап, бағалау парақтарын тапсырады.

Үй тапсырмасы

Өз сүйікті тағамың туралы шағын әңгіме жаз.

Қорытынды және рефлексия

Әдісі: INSERT.

Оқушылар түрлі түсті стикерлерге өз ойларын жазып қалдырады: сабақта не ұнады, нені білдім, нені білгім келеді, не ұнамады.

Не ұнады?

Сабақтағы қызықты сәттер

Нені білдім?

Жаңа сөздер мен ұғымдар

Нені білгім келеді?

Келесі қадамға сұрақтар

Не ұнамады?

Қиындықтар мен ұсыныстар