Жапырақ тақтасының пішіні
Сабақтың тақырыбы
Жапырақ. Жапырақтың сыртқы құрылысы
Сабақ форматы
Зерттеу сабағы
Әдісі: көрнекі баяндау, СТО элементтері
Білімділік
Жапырақтың қызметі, құрылысы және түрлері туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Ойлауын, танымдық белсенділігін арттыру және өздігінен жұмыс істеуге баулу.
Тәрбиелік
Ұйымшылдыққа, өзара сыйластыққа тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекіліктер
-
1
Тірек-сызба
Негізгі ұғымдарды жинақтап көрсету үшін.
-
2
Кеппешөптер
Нақты үлгі арқылы салыстыру мен анықтауға.
-
3
Жапырақ түрлері
Пішіні мен құрылысының алуан түрлілігін көрсету үшін.
-
4
Бөлме өсімдіктері
Зерттеу тапсырмаларын орындауға (түрі, жүйкеленуі, орналасуы).
Сабақтың өту барысы
1) Ұйымдастыру және «Ой қозғау»
Оқушылармен алдыңғы тақырыпты еске түсіреміз: өсімдіктің қандай мүшелерімен таныстық? Сабақ және тамыр.
Одан кейін: тағы қандай мүшесін білесіз? Жапырақ.
Сұрақ: жапырақ қандай қызмет атқарады деп ойлайсыз?
Жапыраққа зор мән беріп қарайық:
Күн нұрынан нәр алып,
Жапырақтан бөлінетін оттегі
Ауамызды тазартып, кеңге тарайды.
2) «Мағынаны ашу» (оқулықпен жұмыс)
Оқулықтың 54-бетін ашып, мәтінді оқимыз. Оқушыларды 6 топқа бөліп, кубик арқылы тапсырмаларды таңдатамыз.
I. Суреттеу
Жапырақтың құрылысы.
II. Салыстыру
Жай және күрделі жапырақтарды салыстыру.
III. Зерттеу
Жүйкеленуі мен сабаққа орналасуын зерттеу.
IV. Дәлелдеу
Бөлме өсімдігінің жапырағы: түрі, жүйкеленуі, орналасуы.
V. Ұсыныс
Тақырып бойынша өз ұсыныстарын жазу.
VI. Суретін салу
Жапырақ түрлерінің суретін салу.
I. Суреттеу: жапырақтың құрылысы мен қызметі
Жапырақ — өсімдіктің негізгі өсу мүшелерінің бірі. Ол өркенмен бірге дамиды.
Жапырақтың қызметтері
- Фотосинтез: ауадан көмірқышқыл газын, ал өсімдіктен су буын пайдаланып, жарық әсерімен органикалық зат түзеді.
- Булану: жасушадағы артық суды буландырады.
- Газ алмасу: тыныс алу мен зат алмасуға қатысады.
- Қор жинау: органикалық заттарды қорға жинайды.
- Көбеюге қатысу: кейбір өсімдіктерде вегетативті көбеюге қатысады.
Сыртқы құрылысы
Жапырақ тақтасы
Жапырақтың кеңейген, жалпақ бөлігі. Фотосинтез, булану, газ алмасу және қор жинау негізінен осы бөлікте жүреді.
Сағақ
Жапырақты сабаққа бекітетін жіңішке бөлік. Жапырақты үзіліп-жұлынудан сақтайтын берік тірек қызметін атқарады. Сағақ арқылы қоректік заттар жапырақ тақтасына өтеді.
Кейбір өсімдіктерде жапырақ тақтасының негізі түтік тәрізді болып сабақтың айналасын қусырып тұрады. Мұндай бөлік қынап деп аталады. Қынапты жапырақтар бидайда, жүгеріде, қамыста, күріште және басқа да астық тұқымдастарда кездеседі.
Жапырақ тақтасының пішіндері
Ине тәрізді
Қарағай, шырша.
Таспа тәрізді
Бидай, қарабидай, жүгері, арпа.
Күрек тәрізді
Иісті шөп.
Жүрек пішінді
Жөке, гүлшетен.
Бүйрек пішінді
Құсшөп.
Жебе тәрізді
Шырмауық.
Өсуі және тіршілік ету ұзақтығы
Жапырақ көбіне ағаштың бір жылдық өркенінде түзіледі және алдымен ұшынан өседі. Өсу кезеңі шамамен 30–40 күн созылады.
Тіршілік ету ұзақтығы бірнеше айдан 15 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Мысалы: кәдімгі қарағай қылқаны — 2–4 жыл, Кавказ самырсыны — 9–13 жыл, шырша — 5–12 жыл, тозды емен — 1–2 жыл.
Ал қырыққұлақ пен вельвичия сияқты кейбір өсімдіктерде жапырақ тіршілігі аяқталғанша өсе береді.
II. Салыстыру: жай және күрделі жапырақтар
Жай жапырақ
Бір ғана тақтасы болады. Мысалдар: терек, қарағай, қайың, жөке.
Күрделі жапырақ
Бір сағақта екі немесе одан да көп майда жапырақшалар болады. Әр жапырақша жеке-жеке түседі.
Күрделі жапырақтың түрлері
Үшқұлақты күрделі
Сағақта 3 жапырақша болады: беде, соя.
Саусақ салалы күрделі
5–7 және одан да көп жапырақша бір нүктеден тарайды: атбас талшын, бөрібұршақ, қарасора.
Қауырсын тәрізді күрделі
Жапырақшалар негізгі сағақты бойлай екі жағына бірдей орналасады. Жапырақша саны жұп болса — жұп қауырсынды (асбұршақ, сары қараған, чина, қоянбұршақ), тақ болса — тақ қауырсынды (итмұрын, шаған, шетен, грек жаңғағы).
Маңызды айырмашылық: ағаштардың күрделі жапырақтары күзде бірден тұтас үзіліп түспейді — алдымен жапырақшалары, кейін сағағы түседі. Шөптекті өсімдіктерде күрделі жапырақ көбіне тұтас қурап түседі.
III. Зерттеу: жүйкеленуі және сабаққа орналасуы
Жүйкелену — өткізгіш шоқтардың жапырақ тақтасында орналасуы. Жүйкелер арқылы жапыраққа су мен минералды тұздар жеткізіліп, түзілген органикалық заттар өсімдіктің басқа мүшелеріне таралады. Сонымен қатар жапыраққа беріктік береді.
Жүйкеленудің негізгі типтері
1) Қауырсын тәрізді торлы
Орталық жүйкеден жанама жүйкелер таралып, ұсақ жүйкелер тор құрайды: тал, терек, алма, алмұрт.
2) Саусақ салалы
Жүйкелер бір нүктеден басталып, саусақ тәрізді таралады: үйеңкі, кенедән, бегония.
3) Параллель (қатарласа)
Жүйкелер ұшына дейін қатарласа созылады: бидай, жүгері.
4) Доғалы
Түбінен шыққан жүйкелер доға тәрізді иіліп, ұшында түйіседі: інжугүл, жолжелкен.
Жапырақтардың сабаққа орналасуы
Жапырақтар бір-біріне көлеңке түсірмейтіндей ретпен бекінеді. Бекінудің негізгі 3 түрі бар.
Кезектесе
Сабақтың әр буынында бір жапырақтан орналасады.
Қарама-қарсы
Әр буында екі жапырақ бір-біріне қарсы орналасады: үйеңкі, гүлшетен, қалампыр, жалбыз.
Топтана
Бір буында 3 немесе одан да көп жапырақ болады: олеандр, қарғакөз және т.б.
IV. Дәлелдеу: тәжірибелік анықтау
Бөлме өсімдіктері ретінде қазтабан және хлорофитум жапырақтарын қарастырып, төмендегілерді анықтаймыз:
- жапырақтың түрі (жай/күрделі);
- жүйкеленуі;
- сабаққа орналасуы.
V–VI. Жинақтау: ұсыныс және сурет салу
V. Ұсыныс
Оқушылар тақырыпқа қатысты өз ойы мен ұсынысын қысқаша жазады.
VI. Суретін салу
Жапырақтың негізгі түрлерінің сызбасын/суретін салады.
Ой-толғаныс
Семантикалық карта толтырылады, негізгі ұғымдар бекітіледі.
Жапырақ — таза ауаның қоймасы,
Таза ауа — жанға дауа, асыл қазына.
Ағаш егіп, ұрпаққа мирас етсек,
Алармыз сауапты мың еселеп.
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Топтық жұмыс, дәлелдеу тапсырмасы және қорытынды жауаптар бойынша бағаланады.
Үйге тапсырма
§ 16 оқу.
Тапсырма №1: жапырақтар топтамасын (коллекция) жасап келу.