Жиырма бір жыл Тәуелсіздік туғалы, Қазақ елі бірлікке бел буғалы
Кештің ашылуы
Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік мерекесіне арналған кешімізді Батырханов Мұраттың орындауындағы «Қазақтай ел қайда?» әнімен ашамыз.
Ескерту:
Әннің соңына таман қыздар шашу шашады. Сол сәтте жүргізушілердің құттықтау сөзі айтылады.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші
Шашу! Шашу!
Ағайын! Бұл — еркіндіктің, тәуелсіз елдің шашуы. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, студенттер және қонақтар!
2-жүргізуші
Бүгін Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Қантөгіссіз, бейбіт жолмен қол жеткізген тәуелсіздігіміздің арқасында елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.
Осы 27 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өттік. Қазақстанды дүниежүзіндегі ең мықты мемлекеттер танып, сыйлайтындай деңгейге жеткізу жолында елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін әрдайым ерекше атап өтеміз.
Тәуелсіздік күні — барлық азаматтар үшін орны бөлек мереке. Өйткені бұл күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күткен.
Музыкалық сәлем
Таукент елді мекенінің жас әншісі Ибадулла Дидарды «__________» әнімен қарсы алыңыздар!
Жыр шумақтары
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан-жүректі ұғысқан.
Ата-бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан — Гүлстан!
Бабадан қалып жеткен көрегендік,
Еркіндік жастығында өлең өрдік.
Арқалап аманатын келіп жеткен,
Құтты болсын егемендік!
Студенттердің концерттік бағдарламасы
№24 колледж студенттерінің шағын концерттік бағдарламасын қабыл алыңыздар.
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан — елім менің.
Құттықтау және марапаттау
Құттықтау сөз кезегі колледжіміздің директорына беріледі.
Сонымен қатар, 04–15 желтоқсан аралығында өткен «Тарихқа құрмет, ұрпаққа міндет» атты апталыққа белсене қатысқан студенттерді марапаттаймыз. Ендеше, қарсы алыңыздар!
Би нөмірі
Сахнада Өзбек ұлтының биімен Рыскелдиева Несібелдінің өнерін тамашалаңыздар.
Патриоттық байқау және ән
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады.
Ән — көңілдің ажары. Қол соғып, қошемет көрсетіп отырыңыздар.
Ортада «Елімнің еркіндігі — Тәуелсіздік» атты патриоттық байқауының III орын иегері Өміртаев Таңат. «Жаса, қазағым» әнімен қарсы алыңыздар!
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы
Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай оқиғалардың бірі — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, «Тәуелсіздік керек, қазақ халқының өз көсемі сайлансын» деген ұранмен алаңға шықты.
Желтоқсанның ызғарлы күнінде жастарға зәбір көрсетіліп, көптеген азамат түрмеге қамалды. Шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген жалған айып тағылды.
1986 жылы 19 желтоқсанда Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың орнына республикаға еш қатысы жоқ Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешімнің себеп-салдарын білгісі келген студент жастардың алаңға шығуы — еркіндікке ұмтылған рухтың айқын көрінісі еді.
Поэзиялық толғаныс
Еркіндікке Желтоқсаным бастады,
Қазақ жасын бүкіл әлем қоштады.
86 жаңғырығы жар салып,
Тәуелсіздік ұлы ұранын тастады.
Елемепті қысқы ызғар суықты,
Өне бойын жастардың қан жуыпты.
Қайрат, Ләззат — жас қырандар аяулы,
Өз халқының бағы болып туыпты.
Көрініс / флешмоб
Ортада жігіттерден құралған топтың флешмобы.
Тағзым: 1 минут үнсіздік
Қазақ халқын дүние жүзіне танытқан бұл оқиғаның алғашқы құрбандары — Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Жансая Сабитова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев. Олардың рухтарына тағзым ету — біздің парызымыз.
Орнымыздан тұрып, 1 минут үнсіздік жариялаймыз.
Көтерілді жастарымыз алаңға,
Көтерілді студент қыз, балаң да.
Қан төгілді намысы үшін қазақтың,
Ерліктері жайылды кең ғаламға.
Ерлігіңе тағзым еттім қашанда,
Тәуелсіздік алып берген алыптар!
Ән: «Желтоқсан желі»
Желтоқсан — заман толғағы байтақ даланың,
Шарпысқан сәті үміт пен күдік-наланың.
Желтоқсан — Қайрат, Ләззат пен Сәбира,
Құрбаны болған жаланың.
Желтоқсан — Жеңіс, Желтоқсан — Ұлы жаңалық,
Азаттық. Елдік. Даналық.
Сейдилдаева Ақбілек «Желтоқсан желі» әнімен. Қабыл алыңыздар.
Көркем сөз және арнау
Мұқағали жырлағандай: «Киелі неткен жер!» Ендеше, келесі кезекті колледжіміздің көркем сөз оқу шеберлеріне берейік. Шабыттарына от тиіп, жалын түссін.
Тәуелсіздікке арналған арнау: Аманжол Гүлжан және Ералиев Қайсар.
Андабай Айдосты «Жаным қазақ» әнімен қарсы алыңыздар!
Көңілді бағдарламалар
Би
Тарих толқынында талай жетістікке жетіп, көптеген қиындықты еңсердік. Бұл — ортақ жеңісіміз. Қарсы алыңыздар, мың бұралған би!
КВН / флешмоб
Құрметті ұстаздар мен студенттер, ортада №24 колледж студенттерінен құралған көңілді жігіттердің өнерін тамашалайық. Тәуелсіздікке арналған КВН және флешмоб.
Қорытынды ән
Бақытым — Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса бір шетінде жаз ауысқан.
Батырханов Мұраттың орындауында «Байтақ елім» әні. Қарсы алыңыздар!
Кештің жабылуы
2-жүргізуші
Құрметті колледж ұжымы, ұстаздар, қонақтар және студенттер! Бүгінгі кешіміз мәресіне жетті.
1-жүргізуші
Елдің ертеңі жарық болсын! Келесі кездескенше аман болыңыздар!
Ескерту:
Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер (қосымша бөлім).