Күз байлығы тобы
Сыныптан тыс жұмыс: «Аяулы күз, Алтын күз»
Бұл шара 3–4 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылатын тәрбиелік-танымдық сайыс. Негізгі мазмұны — күз мезгілінің көркемдігін таныту, оқушылардың өз бетімен еңбектену дағдысын қалыптастыру және әртістік қабілетін дамыту.
Мақсаты
- Оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру.
- Өнерге қызығушылығын ояту, сезімталдықты дамыту.
- Әдептілікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
- Күз туралы танымдық мағлұмат беру.
Құрал-жабдық
Көрнекілік ретінде интерактивті тақта қолданылады. Қажет болса, сән көрсетуге арналған орын, музыкалық сүйемелдеу және қатысушыларға арналған нөмір/төсбелгілер дайындалады.
Қатысушылар
Үміткерлер — «Ханзада» мен «Ханша» жұптары және оларды қолдайтын топтар. Әр топ өз атауымен, төсбелгісімен таныстырылады.
Шараның жоспары
Бағдарлама кезеңдері қатысушылардың өнерін, білімін, шығармашылығын және еңбек дағдысын жан-жақты бағалауға бағытталған.
-
1
Сәлемдесу (өзін-өзі таныстыру)
Топ атауы, төсбелгі, қысқа таныстыру және ұран.
-
2
«Өнерлі өрге жүзеді» (өнер көрсету)
Әр топ би, ән немесе шағын көрініс ұсынады.
-
3
«Кім көп біледі?» (сұрақ-жауап)
Күз, табиғат, еңбек және салт-дәстүр тақырыптары бойынша білім сайысы.
-
4
Үй тапсырмасы (қалдық заттардан бұйым жасау)
Қайта өңдеу, үнемшілдік және шығармашылық идеялар бағаланады.
-
5
«Күз сәні» (сән үлгілерін көрсету)
Киім үйлесімі, ұқыптылық, мәдениет, сахнадағы жүріс-тұрыс ескеріледі.
-
6
«Күз сыйы» (көкөніс-жемістен салат)
Салат дайындау және жасалу жолын қысқа таныстыру.
-
7
«Ханзада мен Ханшайым» биі
Әуен ырғағын сезіну, сахналық мәдениет, жұптық үйлесім бағаланады.
Жүргізушілер сөзі (сценарий)
1-жүргізуші
Армысыздар, ұлағатты ұстаздар, жалынды да жігерлі жас достар! Берекелі де мерекелі «Аяулы күз, Алтын күз» мерекелеріңіз құтты болсын! Әрбір күніміз жақсылық әкелсін!
Жүрегімнен шуақты жыр естіртіп, Жазым өтті отты тіл үлес қылып. Қарасам жан-жағыма күз келіпті, Сұрша бұлтқа күрсініс ілесіп. Күздің желі гуілдейді бір сарын, Ұшсын желмен жүрегіме тұнса мұң. Қоштасады шыр айналып жапырақ, Қоштаспасын тек жаздағы жыр сағым.
Күз айы — мерекелі ай. Қырман толып, халқымыздың ырысы артатын берекелі мезгіл. Ендеше, келіп отырған Алтын күз әрбір жанға құт-береке, ырыс пен табыс әкелсін!
Көп сөйлеп жөн-жобадан аспайық. Қандай сайыс болса да қашпайық. Рұқсат етсеңіздер, жұптар сайысын бастайық!
2-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін бастауыш әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен 3–4 сыныптар арасында өтетін «Аяулы күз, Алтын күз» атты сайысқа қош келдіңіздер!
Бүгінгі байқаудың негізгі мақсаты — Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағының рухын көтеріп, эстетикалық талғамын арттыру. Өнерге сүйіспеншілікке, сезімталдыққа, адалдыққа, сыпайылыққа, мейірімділікке және еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Мінекей, табиғат ерекше құбылып, айналамыз сары түске боялатын, қамбамыз астыққа толатын, бәріміз асыға күтетін берекелі күз де келді.
Олай болса, «Аяулы күз, Алтын күз» байқауына қатысатын үміткерлерді қошеметпен ортамызға шақырайық. Қарсы алыңыздар: кешіміздің Ханзадалары мен Ханшалары!
Топтар
4 «А» сыныбы
«Күзгі бақ» тобы
4 «Ә» сыныбы
«Берекелі күз» тобы
3 «А» сыныбы
«Күзгі қолшатыр» тобы
3 «Ә» сыныбы
«Күз байлығы» тобы
Әділқазылар алқасы
Әділдікке бас иеді күллі әлем. Жүйрік озар сайыстарда — сарапқа сал, әділ бағасын бере біл!
Құрамы
- Директордың бастауыш сыныптар ісі жөніндегі орынбасары — Жанат апай.
- Бастауыш сынып мұғалімдері (қазылар алқасы).
Бағалау тәртібі
Әр кезең аяқталған соң қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, ұпай береді. Нәтижелер қорытынды кезеңде жарияланады.
Кезеңдер бойынша жүргізілуі
1-кезең — Сәлемдесу
Қатысушылар өзін таныстырады. Қазылар алқасы дайын болса, сайыскерлердің өнеріне баға беріледі.
2-кезең — «Өнерлі өрге жүзеді»
Әр топ өз өнерін көрсетеді (ән, би, көрініс). Қазылар бағасын береді.
3-кезең — «Кім көп біледі?»
Келесі кезеңіміз — сұрақ-жауап.
Ал, арулар, сайысқа қалайсыңдар? Сендер өтер әлі де талай сын бар. Тапсырма ал қоржыннан қымсынбай кеп, Жауап берсең сұраққа жарайсыңдар.
Қазылар алқасы бағасын береді.
4-кезең — Үй тапсырмасы
Қалдық заттардан жасалған бұйым таныстырылады. Қазылар бағасын береді.
5-кезең — «Күз сәні»
Сәнімен күздің көркін көрікті етіп, Бір қыз өтіп барады желіп кетіп. Иығына төгіліп қара шашы, Жан бітеді өзіне еліктетіп.
Аруларымыз ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, сергек сезімталдығымен бірге сырт келбетіне, киім сәніне де мән береді. Ендеше, күзгі сән үлгілерін тамашалаңыздар. Қазылар өз бағасын береді.
6-кезең — «Күз сыйы»
Көкөністер мен жеміс-жидектерден салат дайындалып, жасалу жолы қысқаша түсіндіріледі. Қазылар бағасын береді.
7-кезең — «Ханзада мен Ханшайым» биі
Көркімен жаз жадырап, келіпті күз, Сұлулықты көргенге үміттіміз. Қуаныш сыйлай берші бал татыған, Бимен айналады қылықты қыз.
Үміткерлер әдемі әуенмен ырғақты билеп, бүгінгі кештің нағыз Ханзадасы мен Ханшасы екенін көрсете білуі керек.
Қорытынды және марапаттау
Жүргізушілердің қорытынды сөзі
Жан дүниесі мен рухани әлемі таза, адам баласының ең тамаша қасиеттерін бойына сіңірген ер мінезді — нағыз Ханзадаға лайық жігіттерімізді және сыпайы да мейірімді, ақылды да парасатты — нағыз Ханшаға лайық қыздарымызды анықтайтын сәт келді.
Келешекте әлі талай сайыстар бар, Өнерлерің қиялдансын, қалыспаңдар. Өнерлілер көбейсін күннен күнге, Өмір күрес — әлі талай жарыстырар.
Жеңімпазды жариялау
«Аяулы күз, Алтын күз» байқауының жеңімпаз Ханзадасы мен Ханшайымын жариялау үшін ортаға қазылар алқасы шақырылады.
Құрметті көрермендер, жеңімпаздарымыздың алар асуы биік болсын! Кешіміз осымен аяқталды. Сау-саламат болыңыздар!