Алтай тауы

Сабақ тақырыбы: Алтай тауы

Бұл сабақта Алтайдың географиялық орны, геологиялық құрылымы, пайдалы қазбалары, климаты, өзен-көлдері, табиғат зоналары, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі қарастырылады. Материал оқушылардың картадан жұмыс істеу дағдыларын дамытып, табиғат көркемдігін түсінуге және экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Сабақ мақсаттары

  • Білімділік: Алтайдың географиялық орны, геологиялық құрылымы, пайдалы қазбалары, өзендері мен көлдері, өсімдіктері мен жануарлары туралы білімді кеңейту.
  • Тәрбиелік: биік таулар туралы түсінік қалыптастырып, табиғат сұлулығын бағалауға үйрету; эстетикалық және экологиялық тәрбие беру.
  • Дамытушылық: Қазақстанның физикалық картасымен жұмыс істеп, биік тауларға сипаттама беруге үйрету; қосымша тапсырмалар арқылы логикалық ойлауды дамыту.

Әдістер мен ресурстар

Әдісі
түсіндіру, баяндау, сұрақ-жауап
Көрнекілік
оқулық, Қазақстанның физикалық картасы, атлас, сызбалар, интерактивті тақта
Дағды
картамен жұмыс, салыстыру, қорытынды жасау, тест және диктант

Сабақ барысы

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі (амандасу, қатысымды тексеру)
  2. II. Үй тапсырмасын тексеру
  3. III. Жаңа білімді меңгерту
  4. IV. Білімді бекіту (сұрақтар, диктант, тест)
  5. V. Үй тапсырмасын беру
  6. VI–VII. Қорытындылау және бағалау

Үй тапсырмасын тексеру (Орал тауы)

Қайталау кезеңі оқушылардың алдыңғы тақырыпты еске түсіруіне көмектеседі: сөзжұмбақ, сұрақ-жауап және қысқа талдау тапсырмалары.

Сөзжұмбаққа бағыттайтын сұрақтар

  • 1) Орал тауының ең биік нүктесі қандай?
  • 2) Тауды екіге бөліп жатқан ойыс қалай аталады?
  • 3) Орал тауының оңтүстік бөлігі қалай аталады?
  • 4) Таудағы өзендердің бірін ата.
  • 5) Таудағы кен орындарының бірін ата.
  • 6) Биік нүктелерінің бірін ата.
  • 7) Өсімдіктің бір түрін ата.
  • 8) Орал тауынан бастау алатын өзенді ата.

Бекіту сұрақтары

  • 1) Тау қай қаланың тұсынан басталады?
  • 2) Орал тауының қай бөлігі Қазақстан аумағына кіреді?
  • 3) Мұғалжар тауының ұзындығы мен ені қандай?
  • 4) Таудың қойнауындағы пайдалы қазбаларды ата.
  • 5) Климаты қандай? Жылдық жауын-шашын мөлшері қанша?
  • 6) Қандай өсімдіктер мен жануарлар кездеседі?

Таласқан аспанменен көкпеңбек тас,

Қарасаң төбесіне, айналар бас.

Жасаған мейірімі кең қадір Тәңірі,

Шығарған сол тауынан алтын, алмас.

Жиі-жиі, шытырманды түрлі ағаш,

Тұрғаны мұнарланып өсіп жалғас...

Мағжан Жұмабаев

Жаңа тақырып жоспары: Алтай тауы

Негізгі бөлімдер

  1. 1) Географиялық орны
  2. 2) Жер бедері мен геологиялық құрылымы
  3. 3) Пайдалы қазбалары
  4. 4) Климаты
  5. 5) Өзендері мен көлдері
  6. 6) Өсімдіктері мен жануарлар дүниесі

Қазақстандағы биік таулар

  • Алтай
  • Сауыр–Тарбағатай
  • Тянь-Шань
  • Жоңғар Алатауы

Алтайға қысқаша сипаттама

Алтай — Сібірдің оңтүстігіндегі ең биік таулы өлке. Оның негізгі бөлігі Ресей аумағында орналасқан. Қазақстан жеріне Алтайдың батыс сілемдері кіреді. Таулы өлке шартты түрде Оңтүстік Алтай, Батыс (Кенді) Алтай және Қалба жотасы болып үшке бөлінеді.

Оңтүстік Алтай

Орналасуы
Солтүстігінде Бұқтырма өзені, оңтүстігінде Қара Ертіс өзені аралығы.
Ең биік жота
Ресеймен шекара бойында Қатын жотасы орналасқан.
Ең биік шыңы
Мұзтау — 4506 м.
Ерекшелігі
Шығыстағы биік бөлігінде қар мен мұздықтар басқан үшкір шыңдар көп.

Батыс (Кенді) Алтай

Қазақстан аумағына Алтайдың батыс сілемдері кіреді. Негізгі жоталары: Листвяга, Холзун, Көксу және олардың тармақтары — Үбі, Иванов, Үлбі.

Бұл өңірде пайдалы қазбалар өте мол болғандықтан, Батыс Алтай «Кенді Алтай» деп аталады.

Қалба жотасы

Қалба — Ертіс өзенінен батысқа қарай шамамен 400 км созылатын Алтай тауларының жалғасы. Батысқа қарай біртіндеп аласарып, Сарыарқаға ұласады.

Ең биік нүктесі
Сарышоқы — 1606 м

Табиғи жағдайлары мен ресурстары

Пайдалы қазбалар

  • Кенді Алтайда: қорғасын, мырыш, қалайы, вольфрам, күміс, сынап қоры мол.
  • Нарын мен Күршім жоталарында: алтын және сирек металдар кездеседі.

Климат

Климат қоңыржай континентті.

Жаз (шілде)

  • Төменде: +19…+22°C
  • 1000 м: +14…+16°C
  • 2500–2700 м: +5…+7°C

Қыс

  • Орташа: −15°C
  • Қазаншұңқырларда: −40°C-қа дейін

Жауын-шашын

  • Тау бөктерінде: 300–400 мм
  • Тау ішінде: 1000–1500 мм-ге дейін

Өзендері мен көлдері

Алтайдың ең басты өзені — Ертіс. Оған Кендірлік, Күршім, Бұқтырма, Үлбі және басқа өзендер құяды.

Алтай көлге бай: Бұқтырма, Зайсан, Тұранғыкөл, Марқакөл. Ең үлкені — Зайсан (ауданы 5510 км²).

Алтайда 328 мұздық бар, жалпы ауданы 89,6 км².

Өсімдіктері мен жануарлары

Өсімдіктер

Орман алқаптарында майқарағай, балқарағай, шырша, самырсын өседі.

Жануарлар

Аю, қабан, бұғы, таутеке, қар барысы мекендейді.

Бекіту тапсырмалары

Географиялық диктант (толықтыру тапсырмасы)

  1. 1) Алтай ______ ойпатынан басталып, ______ көліне дейінгі аралықты алып жатыр. Оның оңтүстігін ______ өзені мен ______ көлі, батысын ______ жотасы шектейді.
  2. 2) Жер бедерінің ерекшелігіне қарай ______ Алтай ______ ауданға бөлінеді. Олар: ______, ______ және ______.
  3. 3) Алтайдың Қазақстандық бөлігінің климаты ______. Шілдеде аласа тау беткейлерінде ______, 1000 м биіктікте ______, 2500–2700 м биіктікте ______ аспайды.
  4. 4) Алтай өлкесі аңға бай. Орманда ______ өсіретін шаруашылықтар бар. Шығыс Қазақстанның әсем табиғаты мен сирек аңдарын қорғау мақсатында ______ жылы ______ қорығы ұйымдастырылды.
  5. 5) ______ — Оңтүстік Алтайдың шағын тектоникалық ойпатында, Арасан курорты маңында, теңіз деңгейінен ______ биіктікте орналасқан.

Тест тапсырмалары

  1. 1) Алтай тауының ең биік нүктесі:

    A) Бесбақан   B) Бесшоқы   C) Мұзбел   D) Мұзтау   E) Хан-Тәңірі

  2. 2) Қалба жотасының ең биік нүктесі:

    A) Сарышоқы   B) Бесшоқы   C) Бесбақан   D) Мұзтау   E) Мұзбел

  3. 3) Алтай тауындағы ағынды көл:

    A) Марқакөл   B) Зайсан   C) Алакөл   D) Сасықкөл   E) Теңіз

  4. 4) Қай тау алтынға бай?

    A) Жоңғар Алатауы   B) Алтай   C) Тянь-Шань   D) Сауыр–Тарбағатай   E) Маңғыстау таулары

  5. 5) Алтай тауы ______ ауданға бөлінеді.

    A) төрт   B) бес   C) үш   D) сегіз   E) екі

  6. 6) Жауын-шашын ең көп түсетін жер:

    A) Батыс Сібір жазығы   B) Шығыс Еуропа жазығы   C) Тянь-Шань   D) Батыс Алтай   E) Каспий маңы

  7. 7) Алтай аймағындағы ең үлкен көл:

    A) Зайсан   B) Марқакөл   C) Тұранғыкөл   D) Язовое   E) Черновое

Бекіту сұрақтары

1) Алтайдың Қазақстандық бөлігі нешеге бөлінеді?

2) Алтай тау жүйесінің ең биік нүктесі қандай?

3) Оңтүстік Алтай солтүстігінде қай өзенмен шектеседі?

4) Кенді Алтай қандай жоталардан тұрады?

5) Қалба жотасының ең биік нүктесі қандай?

6) Алтайдан қандай пайдалы қазбалар алынады?

7) Алтайдың ең үлкен өзені қайсы?

8) Көлдердің ең үлкені қайсы?

Мұнарып кәрі Алтай бұлт ораған,

Алма бетін ақ қарменен сұлу тау опалаған.

Маржан таққан сәукелең — шың басыңа,

Ноқат салып таспенен кербез тау шұбарланған.

Бүгін Алтай жаңарғандай,

Ұйқысынан оянып шаттанғандай...

Азияның Алтайым — қазынасы,

Алтын-күміс, мысы мен таусылмас асыл тасы.

Өндірісі Риддер өркендеткен,

Сартылдайды жұмыскердің жаңғырған айтбалтасы.

Өлең жолдары (Алтай туралы)

Қорытындылау

Сабақ соңында негізгі ұғымдар қайталанып, оқушылардың түсіну деңгейі қысқа тапсырмалар арқылы анықталады.

«АЛТАЙ» қорытынды тапсырмасы (бағыттаушы сұрақтар)

  1. 1) Алтайдағы жота атауының бірін ата.
  2. 2) Ертіс өзенінің солтүстігіндегі жота атауының бірін ата.
  3. 3) Алтайдағы басты өзен қайсы?
  4. 4) Жоталардың бірін ата.
  5. 5) Алтайдағы көлдердің бірін ата.

Үй тапсырмасы

Тақырып соңындағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беріп келу.

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысып, тапсырмаларды орындаған оқушылар бағаланады.