Ертөстікке Таусоғардың көмегі керек, балалар

Сабақ жоспары Математика 1-сынып
Автор
Г. Набиева
Тақырып
8 санының құрамы
Мақсат
8 санының құрамын ұғындыру.

Күтілетін нәтиже

  • Оқушыларда 8 саны, оның шығуы мен құрамы туралы түсінік қалыптасады.
  • Танымдық қабілеті дамып, ойлау деңгейі артады.
  • Тапқырлыққа, шапшаңдыққа дағдыланады.

Психологиялық ахуал

Психологиялық дайындық

Бір, екі, үш — сынып іші тып-тыныш.
Жалқаулықты тастаймыз,
Сабақты біз бастаймыз.

Оқушылар шеңберге жиналып, мұғаліммен бірге бүгінгі сабаққа сәттілік тілейді.

Қызығушылықты ояту

Жұмбақ:

Бір шеңберді бір шеңбер
Көтеріп тұр, білсеңдер.

Жауабы: 8

Оқушылардың жаңа сабаққа қызығушылығы оянып, ерекше ынтамен жұмысқа кіріседі.

Мағынаны тану: ертегі арқылы тапсырмалар

Жаңа сабақты бастамас бұрын ерекше бір құс туралы ертегі тыңдайық. Ерте, ерте, ертеде бір алып бәйтеректің басына киелі құс — Самұрық ұя салыпты. Ол жылына бір рет қана жұмыртқалайды екен. Алайда оның әр жылғы жұмыртқасын жауыз айдаһар жұтып қоя беріпті.

Міне, сол айдаһар Самұрықтың жұмыртқасын жұтуға келе жатыр. Балалар, жұмыртқаны айдаһарға жегіземіз бе, әлде құтқаруға көмектесеміз бе?

1-қадам: Ержүрек батыр

Айдаһарға қарсы тұру үшін бізге ержүрек батыр керек. Ол — Ертөстік. Оның ерекшелігі: күн өткен сайын емес, сағат сайын өседі.

Тапсырма 1

Ертөстіктің тезірек өсіп, ер жетуі үшін 1-тапсырманы орындаймыз.

2-қадам: Жүйрік тұлпар

Ертөстік ер жетті. Енді оған жүйрік тұлпар керек. Тұлпарды ұстау үшін оқулықтағы тапсырмаларды орындаймыз.

Жұмбақ

Жоқ өзінде бас та, қас та, мойын да,
Ұзындығы жазылып тұр бойында.

Жауабы: сызғыш

Тапсырма 2

Есеп шығару және карточкалармен жұмыс.

3-қадам: Жедел көмек

Ертөстікке хабарды жылдам жеткізу үшін бізге самал желмен жарысатын Желаяқ керек.

Дәптермен жұмыс

Дәптерімізді ашып, жазба тапсырмаларын орындаймыз.

Айдаһарды жеңуге арналған логикалық сұрақтар (Таусоғар)

Азулы айдаһарды жеңу үшін Ертөстікке Таусоғардың көмегі қажет. Таусоғарды шақыру үшін сұрақтарға жауап береміз:

  1. Шырша түбінде гүл өспейді, ал аққайың түбінде саңырауқұлақ өспейді. Шырша түбінде не өседі? Аққайың түбінде ше?
  2. Ұзын белбеуді тең үш бөлікке бөлу үшін қанша рет қию керек?
  3. 8 адам кезекте тұр. Кезектің басынан санағанда Азамат үшінші. Ал соңынан санағанда Азамат нешінші?
  4. Тақта алдында үш бала тұр: Ерлан, Бекзат, Асылбек. Ортада тұрған Бекзатты орнынан қозғамай, оны қалай соңына апаруға болады?
  5. Бір адам қалаға бара жатыр еді. Жолда оған үш танысы қарсы шықты. Қанша адам қалаға барды?

Соңғы қадам: Көлтауысар және шығармашылық жұмыс

Аузынан от шашқан айдаһарды біржола жеңу үшін Ертөстікке бір ұртына бір көлдің суы сыйатын Көлтауысар керек.

Шығармашылық тапсырма

Оқулықтағы жасыл қоршаумен белгіленген шығармашылық тапсырманы орындаймыз.

Барлық тапсырмалар дұрыс орындалғандықтан, ұшқыр тұлпар, Көлтауысар, Таусоғар, Желаяқ Ертөстікке көмектесті. Сөйтіп Ертөстік айдаһардан Самұрықтың жұмыртқасын қорғап қалды. Самұрық жауынан құтылып, көкке еркін қанат қақты. Көмектерің үшін Самұрықтың алғысы шексіз.

Сергіту сәті

Интербелсенді тақта арқылы қысқа бейнебаян көрсетіледі.

Ой толғаныс

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгінгі сабақта нені үйрендік?
  • Нені санадық?
  • 8 саны қандай бөліктерден құралады?

Бағалау және кері байланыс

Бағалау

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау арқылы оқушылардың тапсырмаларды орындау деңгейі анықталады.

Кері байланыс

Оқушылар сабақтан алған әсерін айтып, не қиын болғанын және нені жақсы меңгергенін бөліседі.