Ардагер аталарға мың алғыс
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран»
Мақсаты
- «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» қағидасын ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу.
- Оқушылардың Отан тарихына сүйіспеншілігін арттыру, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлігіне тағзым ету.
- Өз халқымыздың тарихын құрметтеуге, әлем халықтарының достығын нығайтуға тәрбиелеу.
Кіріспе көрініс: бейбіт күннің үні
Күй ойнап тұрады. Жаздың жаймашуақ күні. Көше бойында әңгіме-дүкен құрып жүрген құрбы қыздар мен көңіл көтеріп, ән айтып отырған жігіттер көрінеді. Арман-мақсаты мен болашағын бірге елестеткен қос ғашық қыдырып жүр.
Жігіттің сөзі
Ауылдағы анамды тастап, арман қуып оқуға кете алмадым. Елдегі еңбекке де үйреніп қалдық. Сенің бейнең күндіз-түні жадымнан шықпайды. Бас қосып, шаңырақ көтерсек қайтеді?
Қыздың жауабы
Не дерімді де білмеймін… Менің де өмір бойы сенің жаныңда болғым келеді. Бірақ, ойлануым керек.
Суық хабар
Радиодан: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Кеше біздің ұлан-байтақ жерімізге неміс фашистері тұтқиылдан басып кірді…»
Жастардың үрейі ұшып, абыр-сабыр күй кешкен сәт бейнеленеді.
Жүргізушілер сөзі: соғыстың ауқымы мен салмағы
1-жүргізуші
ХХ ғасырдағы ең қанды қасіреттердің бірі — соғыс. Оған әлем халықтарының шамамен 80 пайызы қатысты. Майдан қимылдарына 61 мемлекет тартылып, 40 елдің жерін соғыс өрті шарпыды, 100 миллион адам қолына қару алды. Олардың арасында көпұлтты Кеңес Одағы атты алып ел бар еді.
2-жүргізуші
Бүгінгі шара Ұлы Отан соғысында қаза болған аталарымыз бен әкелеріміздің, жадымызда мәңгі сақталған жауынгерлер мен офицерлердің рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге және бүгін ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет ретінде арналады.
Өлең жолдары: от кешкен жылдардың үні
Жүргенімде қуанышпен қамданып,
Керек-жарақ заттарымды қолға алып.
Қырық бірдің жиырма екінші сағатында,
Батыстан дауыл соқты долданып.
Таң алдында сағат бесті соққанда,
Жынды неміс сылтау тапты жоқтан да.
Тұтқиылдан тыныш жатқан самарқау,
Шекараға келіп салды ойранды.
Осы хабар уақытында алынды,
Соғысқа деп дабыл қағылды.
Қуанышты жас жүректі суытып,
Баса қалды лапылдаған жалынды.
Қатық құйып ішкен күнім зереңге,
Елім, сені енді қайтып көрем бе?!
Қайғыменен, жетімдікпен өсіп ем,
Қызықты күн енді көрмей өлем бе?!
Отаныма берген бірақ антым бар:
«Ал, соғысқа тартыңдар!
Ұлы Отанды қорғаңдар аянбай,
Арттарыңда сенім артқан халқың бар!»
Тоқта, достар, тез мін атқа,
Қатерлі ауру — сын сағатта.
Батыстан зіл қара бұлт
Төнді айналып Кавказ қартқа.
Қай жан шыдар бұл мазаққа,
Өлім — арлы азаматқа.
Қоштасу сәті: майданға аттану
Мұңды әуен ойнайды. Бірі баласын, бірі әкесін, бірі сүйген жарын, бірі бауырын соғысқа шығарып салып жатқан көрініс сомдалады. Әйелдердің еңіреген дауысы естіледі.
Қазақстанның майданға қосқан үлесі
- «Отан-ана шақырады!» ұранымен Қазақстаннан 1 366 000 адам майданға аттанды.
- Соғыс қарсаңында республика халқы 6,2 миллион шамасында болды.
- Еңбек армиясына 700 000 адам жіберілді.
- Соғыс жылдары әскери комиссариаттар арқылы шамамен 1 900 000 адам сапқа тұрды.
316-атқыштар дивизиясы
Отан-ана ер азаматтардың қолына қару, бойына қуат беріп, жауға шығарып салды. Қазақстанда құрылған 316-атқыштар дивизиясын генерал-майор В. Панфилов басқарды.
Шара барысында оқушы қыздардың орындауында «Катюша» биі, сондай-ақ «Әлия» әні орындалады.
Ерлік дастаны: 28 батыр
Тастар көкке атылды,
Орман шулап, тау құлап,
28 батырды жеңе алмады жау бірақ.
Жер тұманға оранды,
Өрт ішінде қалды бақ —
28 қыранды жеңе алмады жау бірақ.
Оқ астында зулаған,
Туған жермен бір болып,
Жау алдында тұр олар — 28 мың болып.
28 батырын ұмытпайды ел мәңгілік.
Жеңіс хабары: халық үмітінің ақталған күні
Радио хабарламасы
«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Біздің халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық ерлігі Жеңіспен аяқталды. Бұл жеңіс 20 миллион жерлестеріміздің қанымен, тірілердің табан еті мен маңдай терімен келді. Соғыста ерлікпен қаза тапқан қыршын жастарымыздың қаһармандық рухы ұрпақтар есінде мәңгі сақталады!»
Қуаныштан жылап та, күліп те тұрған халықтың көңіл күйі бейнеленеді. Оқушылар орындауында «День Победы» әні шырқалады.
Елге адал ант
Бұл жылдары жүрегі «Отаным!» деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Әрбір азамат өз Отанына берген антын орындады. Ендеше, сұрапыл соғыс пен елін қорғаған майдангерлер туралы өлең жолдарына құлақ түрейік.
Жеңіс — жарықтың қайта оралуы
Жер жүзіне нұр шашып — Жеңіс күні,
Жақсы үміттің шырағы жанды міне!
Аспан бетін қаптаған қара тұман
Серпіліп, зұлымдықтың түнін сөндірді.
Жер бетін қан сасытқан соғыс бітті,
Жер бетінен жамандық мүлде үрікті.
Жеңістің жарқын күнін жыр қыламыз,
Аспандатып жырлаймыз жақсылықты.
— 1-жүргізуші, 2-жүргізуші
Жеңіс күні ардагерлер әперген,
Желбіретіп қызыл туды көтерген.
Туған елін жау қолында қалдырмай,
Ерлікпенен ел парызын өтеген.
Он сегізде соғыс атты от кешкен,
Жараланып жас денесін оқ тескен.
Аталарым, ардагерлер, болыңдар аман,
Зейнетін көр бейнетіңнен мол кешкен.
Ардагерлер, ұзақ өмір сүріңдерші,
Арамызда ардақ болып жүріңдерші!
Құрметтейік жеңісті мамырдағы,
Бақыттан рақаттанып күліңдерші!
Ардагерлерге алғыс
Ардагер аталарға мың алғыс! Бұл дүниенің қызығын бізге сыйлаған — сіздердің ерліктеріңіз. Келешек ұрпақтың бақыты үшін, туған жерді жаудан қорғадыңыздар.
Қорытынды: тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірі
Жүрекке үміт ұялатқан күн
Бүгін жайнап жасарсын ана біткен,
Асыр салып қуансын бала біткен.
Жүректері жарылсын қуаныштан,
Аяласын көңілі жақсы үмітпен.
Жүрек біткен желпінсін жүйрік аттай,
Сезім біткен серпілсін дамыл таппай.
Дәл бүгін өлең айтпай, ән шырқамай,
Қандай жүрек қалар еді қанат қақпай.
— 2-жүргізуші, 1-жүргізуші
Тәуелсіз елдің тұғыры
Ата-бабаларымыздың арқасында бүгін тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз Әнұранымыз, өз Елтаңбамыз, әрдайым биікте желбірейтін Туымыз бар. Бұл — үлкен қуаныш, үлкен бақыт.
Елімізде бейбітшілік орнасын! Аналардың зарлаған, сәбилердің жылаған дауысы естілмесін! Айбынды азаматтарымыз аман болсын!